Бір жігітті әйелінің шайпау мінезі әбден мезі етіпті. Күнде ұрыс-керіс, айғай-шу. Долы әйел не болса соны сылтау етіп, жоқ жерден ұрыс шығарып, бүкіл ауылдың мазасын кетіріпті. Әсіресе, күйеуінің күйі кетіпті. Күйеуді бетпақ әйел жегідей жепті. Бір күні әйелі оған: «Тоғайдан отқа жағатын қурай теріп әкел», — депті. Жігіт айтқанын орындап, бір құшақ қурай әкеледі. Әйелі оны айғаймен қарсы алады: «Мен саған ірі-ірі бұтақтарды әкел», — дедім ғой, мисыз, оңбаған», — деп, ұрса жөнеледі. Жігіт күрсініп, қайтадан тоғайға барып, жинаған бұтақтарды буып, үйіне оралады. «Мен саған бұтақ әкел»,— дедім бе, ақымақ. Отбасын асырай алмайтыныңды осыдан көр»,— деп, дүрсе қоя береді. Жігіт ауыр күрсініп: «Осы пәле-ақ жүйкемді құртып бітті-ау, бұдан қалай құтылсам екен» — деп ойлайды. Сөйтіп, кешке жақын әйеліне: «Сен менің қандай олжа тапқанымды білесің бе?» - дейді.
— Олжа тапқышын бұның...— деп, әйелі оның бетінен ала түседі.— Рас, мен орманнан үлкен олжа таптым, бір дорба алтын!
— Қайбір жетіскен табыскер едің, — деп, әдеттегі әніне басқан долы әйел «алтын» дегенде, одан сайын өршелене түседі. — Қане, орманның қай жерінен көрдің? Айт жылдам!
— Алтын терең орда, ертең барып аламын.— Сенің оны алуға ақылың жетпейді, өзім бармасам, сен шашып-төгіп рәсуә қыласың.
Таң ата ерлі-зайыптылар арқан мен қап алып, орманға барады. Жол бойы әйелдің ұрсудан ауызы жабылмайды. Орға жеткенде жігіт: «Ал, енді, арқанды беліме байлап, мен түсемін, алтын қапқа толғанда, «көтер» деймін, сол кезде шығарып ал» — дейді. «Жооқ, орға өзім түсемін, сен алтынды ала алмайсың!»— деп, бой бермеген долы әйел арқанға жармасады. Жігітке керегі де сол, әйелді тез арада орға түсіре қояды. Сосын «уһ!» деп, бір жеңіл демалады да: «осы орда біраз жатсын, мүмкін мінезі түзелер»,— деп, үйіне қайтады. Жаны тыныш тауып, бейбіт тірлік кеше бастайды. Бірақ, қанша жерден көк долы болса да, өз әйелі ғой. «Байғұс, қазір қандай халде екен?!» — деп, әйелін ойлап, сағына бастайды. Бір апта өтеді, екі апта өтеді. Бір ай өтеді, екі ай өтеді. Жігіт бір күні шыдай алмай, ордағы әйелін бір көруге бел байлайды. Сөйтіп, ормандағы орға келсе, тереңнен айғай-шу естіледі: орда біреумен біреу ұрысып жатыр. Күңіренген дауыс шығады:
— Оһ, мені мына әйелден құтқаратын Адамзат бар ма екен? ! — Менен құтылам деп ойлама! —дейді шаңқылдаған әйел дауысы.Жігіт төменге арқан түсіреді де, жоғары қарай тартады. Арқанмен жер бетіне айдаһар шығады. Шайпау әйел айдаһардың жалына жабысып алыпты. Айдаһар оны құйрығымен сабалап, жер бетіне жетпей түсіріп тастайды. Мақұлық жігітке өзін көкбет әйелден құтқарғаны үшін алғыс айтады. «Бұндай сұмдық әйелдің шайпау мінезіне шыдап тірі қалған мен — төзімді екенмін», — дейді жігітке. «Оның тепкісіне аз уақыт төзген сен мықты болсаң, онда өмір бойы шыдаған менің мықтылығыма еш нәрсе тең келмес!»,— деп, күледі жігіт. «Ойпырмай, шыдамың шыдам-ақ екен» —дейді таңқалған айдаһар. Сөйтеді де: «Менің жанымды алып қалғаның үшін, о Адамзат баласы! Сенің үш тілегіңді орындаймын», — дейді. — Бірақ, байқа, егер тілегің үшеуден асып кетсе, бірден жұтып қоямын. Жігіт ауылына оралып, тіршілігін жалғастыра береді.
Бір күні көрші ауылдан «бір айдаһар өзеннің суын бөгеп, сала құлаш боп жатып алды. Ауыл сусыз қалып, мал шөлден қырылып жатыр»,— деген хабар келеді. Жігіт ауылындағылар, көрші ауылдың адамдарына: «Біздің айдаһардың тілін табатын батырымыз бар»,— дейді. Жұрт жігіттен көмек сұрайды. «Үш тілектің біріншісі осы болсын»,— деп, жігіт айдаһарға барып: «Баяғы үш тілек-уәдең есіңде ме?»,— дейді. «Иә, айта бер!» — дейді айдаһар. «Олай болса, бұл ауылдан кет! Халыққа обал жасама!» —дейді жігіт. Айдаһар ғайып болады. Ауыл адамдары жігітті шынымен де батыр еке» деп, құрметтеп, сыйлап, алғыстарын жаудырады. Сөйтіп жүргенде, тағы бір ауылдың хабаршысы: «Егістігімізді дәу айдаһар басып жатыр. Егін жойылса, ауыл аштан қырылады ғой. Сіздерде ғажап батыр бар деп естідік. Көмек бере ме екен?» — дейді. Ағайындар бұны жігітке жеткізеді. «Бұл ауылды да құтқарайын!» — дейді де, жігіт егістіктегі танысына келеді. «Менің екінші тілегімді орында, бұл ауылды босат!» — дейді айдаһарға. Айдаһар ғайып болады.
Ауыл мен ауыл мәре-сәре боп, батырды қошеметтеп, той жасайды. Мамыражай тірлік өз жалғасын табады. Сөйтіп, бейқам жатқанда, «Ауылға тағы бір ауылға айдаһар барып, адамдар қорыққаннан үйлерінен шықпай қалды. Ауылдың малын жұтып жатыр, малсыз ел аштан қырылады ғой!» деген хабар келеді. Жігіттің ауылы оған: «Тағы бір ерлік жаса, айдаһардың көзін жой, ауылды құтқар!» — дейді. Жігіт олардың тілегін қабыл алып, «ескі досына» тағы барады. «Неге келдің?» — деп сұрайды айдаһар. Жігіт тілегін айтады. Айдаһар: «Бұл соңғы тілегің, орындаймын. Бұдан былай келуші болма. Егер төртінші рет келсең, бірден жұтамын», - деп ескертеді де, бұл ауылды да тастап кетеді.
Арада біраз уақыт өткенде: «Бір алып мақұлық ауылдың ортасына жатып алып, елдің зәресін ұшыруда! «Маған күніне бір адамнан беріп тұрасыңдар» — деп талап қоюда. Бұл пәледен құтқаратын батыр бар ма екен?!» — деп, төртінші бір ауылдың адамы келді. Жігіт енді айдаһарға ешқандай тілек айта алмайынын ойлап, қатты қамығады. Ал, туысқандары болса, бәрі жалынып, «төртінші ретінде құтқар» деп өтінеді. Жігіт «Бір қауым ел үшін — бір жан құрбандық, не де болса көрермін»,— деп, аталған ауылға аттанады. Барса, ауыл адамдарының қайсысы қай күні жем болатындығы белгілі боп, тізімге алыныпты. Бала-шаға, қатын-қалаш у-шу, жылап-еңіреген дауыстар. Айдаһарға жұтылуға алғашқы адамды әкеле жатыр. Жігіт оларға «тұра тұрыңдар» деп, халықты сабырға шақырады да, өзі айдаһарға жақындайды. Бұны көрген айдаһар: «Мен саған «үш тілегіңді ғана орындаймын, төртінші рет келме!» —деп едім ғой. Бұны неге ескермедің, өз обалың өзіңе!» — дей бергенде, жігіт: «Мен саған өтінішпен, тілек орындатуға келмедім. Баяғы ордағы әйел есіңде ме?» —дейді. Айдаһардың сұры қашып, орнынан қозғалақтап: «Иә, есімде» - дейді дірілдеп. — Есіңде болса, сол әйел ордан шығып келе жатыр. Соны саған ескертейін» деп келдім. «Дін-аманыңда бұл жерден кет!» —дейді. Жігіт осы сөзді айтып үлгергенше, айдаһар ширатылып, әуеге көтеріледі де, көзден ғайып болады. Содан бері ешбір ауылды айдаһар мазаламайтын болыпты. Сол айдаһарды жеңген әйел әлі күнге дейін бар деседі.
Бұл ертегіні елдік өнегеге берік, намысқой да өр мінезді шешен халқының қариялары кешеге дейін айтып келіпті. Ертегінің әр кейіпкері — бір-бір тип. Кімнің қай типке жататының анықтау — оқырманның еншісінде.