Бүгін Қазақстан Халық жазушысы, ақын - Қуандық Шаңғытбаевтың қайтыс болған күні

/uploads/thumbnail/20190218130805335_small.png

Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаев (21.03.1925 - 19.02.2001) — Қазақстанның халық жазушысы, ақын. 

21 наурызда Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1943).
1944–1955 жж. Ақтөбе педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, облыстық «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1955–1973 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор.
 
Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрді. Кейін «Өлеңдер» (1965), «Аққу әні» (1968), «Стихи» (1970), «Арма, республикам» (1974), «Лирика» (Таңдамалы, 1976), «Жыр жаһаны» (Ауд., 1980), «Гүлтолқын» (1982), «Саршатамыз» (1982), «Жыл құсы» (Таңдамалы, 1987), «Махаббат пен ғадауат» (1995) лирикалық кітаптары жарық көрді. Қ.Байсейітовпен бірге «Беу, қыздар-ай» (1960), «Ой, жігіттер-ай» (1967), «Құтырғаннан құтылған» пьесаларын (1960), «Алтын таулар», «Айсұлу» (1963) операларының либреттосын жазды.
 
Көптеген ән өлеңдерінің авторы. А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын (1949, 1986), М.Ю.Лермонтов, И.В.Гете, Р.Бернс лирикаларын, О.Хаямның рубаяттарын, М.Горькийдің «Қыз бен ажал» поэмасын (1941) қазақ тіліне аударды. Аудармашылық қызметі үшін Халықаралық Пушкин сыйлығына ие болды. Қазақстанның Халық жазушысы. (дереккөз: © adebiportal.kz)
 
 Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандар назарына ақынның аудармасын ұсынады.

 

Омар Хайям рубаилары 

 

Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,

Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.

Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,

Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер.

***

Тағдырдың сыры терең, жете алмаймыз,

Жұмбағын түгел тауып кете алмаймыз.

Керулі көз алдыңды сиқыр перде,

Өлеміз, бірақ әрі өте алмаймыз.

***

Мәз болып күні-түні мал, жаныңа,

Сенбедің бұл жалғанның жалғанына.

Не қылды басқаларды қатал заман?

Оянып, бір қарашы жан-жағыңа.


***

Балауса желкілдеген бұлақтағы,

Шашы ғой сұлу қыздың бір уақтағы.

Абайла, баса көрме балаусаны,

Талай қыз жерде жатыр қурап тәні.

***

Жүрекке ғашық дерті толған – бақыт,

Жар жолына бас құрбан болған – бақыт.

Сабыр ет ғашығың сәл ренжітсе,

Ісіне жардың күйіп, тоңған – бақыт.

***

Түн болған, бізге дейін күндіз болған,

Күн болған, аспан болған, жұлдыз болған.

Аңдап бас аяғыңды, табан астың,

О баста қара көзді бір қыз болған.

***

Далап пен әтірсудың керегі не,

Cымбат пен көрік пайда береді ме?

Болсаң да әбілхаят, зәм-зәм суы,

Шіриді денең көрге енеді де.

Ұсынған: Мақпал Сембай

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар