"Болады"-сыз болмай ма?

/uploads/thumbnail/20190218133529902_small.png

"Қазір сауатты жазу үлкееен проблемаға айналды. Оны қойшы, сөйлемді дұрыс құрамайтындар көп. Мына бала қартаймай жатып, қайғырды демеңіз. Осы уақытқа дейін оқыған текстерімде жиі кездесетін мына кемшілікті айтқым келіп тұр. "Болу" етістігі ретсіз қолданылады.

Ешкімге саусақ шошайтқым келмейді. Бірақ өте жоғары деңгейлі мәтіннен басталып, қарапайым тілшінің жаңалығына дейін "болу" шектен тыс әрі ретсіз пайдаланылады.

Жиі кездесетін қатенің бірі - "*** болады" тіркесі. Мәселен, "Биыл 32 миллиард теңге бөлінетін болады", "Жаңа ғимарат бой көтеретін болады", "арттыратын болады", "қамтитын болады" деп кете береді. Осы сөйлемдерге "болады"-ны қосақтамай, "бөлінеді", "бой көтереді", "арттырады", "қамтиды" десек, мағына өзгермейді. Қайта сөйлем қазақылана түседі.

Екінші қате - "болу" етістігін бір сөйлемде бірнеше рет қолдану. Тавтологияны суқаным сүймейтінін білесіздер. Оның үстіне, мәтін қарапайым әлеуметтік желіге немесе чатта жазылған жауап болса мейлі екен. Білдей сайт (газет, тв, мекеме деп қалағанын қойып оқыңыз) "болу"-ды бір сөйлемде бірнеше рет қолдануы ақылға қонымсыз. Солардың тілімен айтқанда, "болу болмаса, мәтіндеріңіз дұрыс емес бола ма?"

Мәселен, "апарған қарыздарыңыз болса, неғұрлым сақ болу қажет", "бұны болдырмауға да болады", "айтыста профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын" деп жалғасып кете береді. Бұл сөйлемнің бәрінде "болу" бей-берекет қолданылып тұр. Оның орнына "қарызыңыз болса, неғұрлым сақ жүру қажет", "бұны болдырмаудың жолы бар", "айтыста профессор болса да, Димашта шаруасы қанша?" деп жіберсеңіз қатып кетер еді. Солардың тілімен айтқанда "мұндай қателікті болдырмауға болар еді".

Үшінші қате - "болу"-ды әр сөйлем сайын қолдану. Мысалы, "Еңбек кітапшасын қалай алуға болады?" деп бірінші сөйлемді жаздыңыз делік. Екінші сөйлемде "Ол үшін жеке куәлігіңіз болса жеткілікті" деп жалғастырдық деп есептейік. Былай қарасаңыз, сөйлемдерде алып бара жатқан қате жоқ. Бірақ байқасаңыз, екеуінде де "болу"-ды қолданған екенбіз. Сіздерге қайдам, маған мұндай текстер Жамбыл облысындағы Бурылбайтал трассасы секілді әсер етеді. Яғни, шоқыраққа түсіп кеткендей сезім қалдырады.

Төртінші қате - "болып табылады". Бұл туралы көп айтылған. Қайталап жатудың қажеті жоқ.

Бесінші қате - "болу"-ды жалпы мәтінде жиі қолдану. Үшінші пунктпен бірдей мұнда да.

Енді қайтпек керек? Мәтін теріп тастадыңыз. Оның ішінен "боладының" бәрін қалай дұрыстап шығамыз?

Негізі мұның оңай жолы бар. Word-та Ctrl+F кнопкаларын басамыз. Сол жақтан файлдан іздеу терезесі ашылады. Сол жерге "бол" деп жазамыз. Вуаля! Мәтіндегі "бол..." деп басталатын бүкіл сөзді тауып береді. Содан кейін әрқайсына барып, реттеп, кедір-бұдырын дұрыстап жібереміз.

Айтпақшы, ешкім туыла сала "мастер" болып кетпейді. Бәріміз де "болу"-ды жиі қолдандық. Кейін бұл кемшілігімізді түзедік. Ең бастысы дер кезінде ескере білу керек. Маған мұны ескерткен - журналистикадағы ұстазым Ғабит аға Мүсіреп еді."

Абайус Отариустың (Асанкелдіұлы) фейсбуктегі парақшасынан

Ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар