Бала дүниеге несиемен емес, несібемен келсін десек, капитал жинайық

/uploads/thumbnail/20190227141119087_small.jpg

Еліміздің қаржылық сауаттылығын зерттейтін «Барометр» орталығының мәліметінше, Қазақстанда несиені  орынсыз алатындардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, қазір жалпы кірісі бар Қазақстан халқының үштен бірінде несие бар десек,  солардың дені жоспарлы, мақсатты түрде алынбаған несиелер екен. Бұл ретте аталмыш орталықтың қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, тіпті баласы дүниеге келіп шілдехана жасау үшін де несие алатындардың саны артқан.

«Алматы қаласы бойынша 420 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік олардың 54 пайызы той-томалаққа, шілдехана өткізуге, баласын үйлендіруге, ата-аналарының мерейтойын өткізуге 3-5 млн көлемінде несие алған. Мұндай несиені қаржыгерлер ақылсыз, ретсіз несиелердің қатарына жатқызады»,-дейді Арман Мусин.

Қаржыгердің пайымдауынша, болашақта дүниеге келетін баласына да несие қарызы артылып тұрмауы үшін қазаққа балаға арнап капитал жинауды үйрену керек. 

Осы арада біз  еліміздегі  Адам ұрпағын өрбіту орталығының бас маманы Салтанат Байқошқарованың  да мына пікірін мысал етуді жөн көрдік.  Эко-орталығының маманы Салтанат Байқошқарованың айтуынша, тіпті эко әдісін жасайтын кезде ақшалары болмай, несие алып бала сүйіп жатқан отбасылар да кездеседі екен.

«Менің алдыма бала сүйгісі келіп бір әйел келді. Ол осы әрекеті арқылы отбасын сақтап қалғысы келетінін, өмірге бала әкелсе отбасылық мәселелері шешілетінін айтты. Мен біздің орталықта адам ұрпағын өрбітудің құнын есептеп беріп едім әлгі әйел ондай қаржысы жоқ екенін айтып, жағдайын түсінуін өтінді. Сонымен өз құнынан бірнеше есе арзан бағамен біз ол әйелдің өтінішіне құлақ астық. Сөйтіп әлгі отбасы, біздің орталықтың бірнеше есе арзан етіп ұсынған бағасының өін тауып бере алмайтын болып, банктен несие алды. Сол банктен алынған несие ақша екенін ескеріп біз барымызды салып әйелге өзіндік тәсілімізді қолдандық. Іс нәтижелі болып әлгі кейіпкеріміз дүниеге бала әкелді. Бір қынжыларлығы әйелі мына жақта қиналып бала әкелу үшін тырысып, отбасын сақтап қаламын деп жанталасып жатқанда күйеуі ішімдік ішіп баланың дүниеге келгенін «тойлатып» та жүрді. . Осындай жағдайлар мені еріксіз толғантады. Бала сүйгісі келіп несие алып нәресте сүйіп жататын жайттар бізде жиі кездеседі. Бұған байланыстыра айтарым, әр нәресте дүниеге несиемен емес, несібемен келсін десек, балаға арнап капитал жинаған артық болмайды. Сондықтан біздің қаракөздер айлық табысының кем дегенде 5 пайызын баласына арнап салып отырса жөн болар еді... Балаға арнап инвестиция жинау бұл болашаққа капитал жинау, сол баланың болашағын қамтамасыз ету. Демек мұны бізге үйренетін кез әлдеқашан жетті»,-деді Салтанат Байқошқарова.

Жалпы, бала капиталы туралы сөз еткенде өзге елдердің тәжірибесі де ойлантпай қоймайдыМысалы, еврейлер баласына бес жасынан бастап бизнес әлiппесiн үйретедi. Ондағысы – «балам есейгенде, ешкiмге кiрiптар болмай, ауқатты жан болса» дегенi. Ал жапондардың «Бала капиталы» атты мемлекеттiк бағдарламасын Жапонияның әр отбасы төрiне iлiп қойып, жата-жастана жүрiп оқиды. Бұл да – бала капиталын дамытудың бiр үрдiсi. Ағылшындар тапқан табысының 25 пайызын мiндеттi түрде баласының есепшотына салып отырады. Ол да – ержеткенде баласының алдында жерге қарап қалмаудың бiр амалы.  Ал Қытайда балаға инвестиция салуға үкiметпен қоса мемлекеттiк компания да жәрдемдеседi.

«Қытайда қазiр 100 мыңға тарта мемлекеттiк компаниялар бар. Мiне, сол компаниялар тапқан табысының 25-28 пайызын елдің балаларына  жәрдемақы ретiнде мемлекет қазынасына аударып отырады. Сонда Қытай балалары үкiметтен бiр қаржыландырылса, мемлекеттiк компаниялар арқылы  бiр қаржы бөледi. Ал біздегі компаниялар салықтан жалтарып, жұмысшыларына еңбекақыны уақытылы төлей алмай, үнемі шу болып жатады Бізге неге осындай шараларды қолға алмасқа?! Ресейдің «Ана капиталы» да бүгінде үлгі боларлықтай деңгейде.  Жалпы, балаға салынған инвестиция болашаққа капитал екенін бүгінде бірқатар қауым мойындап та үлгерді. Экономист сарапшылардың бағамдауынша, Қазақстан халқының 8 пайызы ғана баласына инвестиция салуға ықылас бiлдiретiн көрiнедi. Ал қалғаны «балам жоғары бiлiм алса болды» деген бағытты көбiрек ұстанады»,-дейді қаржыгер Арман Мусин.

 Негiзiнде, мамандардың байыптауынша, шындап келгенде Қазақстан халқының 58 пайызының баласына инвестиция салуға мүмкiндiгi бар. Бұл ретте экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева «Әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 12 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi»,-дейді.

« Қазақтар балаға инвестиция салу мәселесiне мүлде мән бермейдi. Бұл – өте қате нәрсе. Балаға қосымша қор жинауды қазақтың санасына сiңiретiн уақыт жеттi. Қазiр «әр баланың өз несiбесi бар» деп арқаны кеңге салудың кезi өттi. Негiзiнде, кез келген отбасы мейлi 30 мың теңге тапсын, мейлi 50 мың теңге жалақы алсын, соның тым құрығанда 5 пайызын баласының капиталына салып отырса, сәл де болса қор жиналатын едi. Сосын ол бiртiндеп көбейе бередi. Бұл жерде ата-ананың мiндеттi түрде ауқатты болуы шарт емес. Тек балаға қор жинаудың қыр-сырын үйренуге ұмтылса болғаны, шаруа дөңгеленiп жүре бередi»,– дейдi экономист-сарапшы.
Бұған қоса мамандар әр баланың өзіне қаржыны үнемдеуді, қаржы жинауды үйреткен абзал дейді.

«Қазір біздегі «Банктер және Банк қызметі» туралы заңның томпақ тұстары көп. Мысалы, заңда несиені мұраға қалдыру пункті бар. Ол бойынша егер несие рәсімдеген әке-шешесі қайтыс болса, ол несие мұра ретінде баласына беріледі. Бала 18 жасқа толғанда сол әке-шешесінен қалған несиені төлеуге міндетті болып шыға келеді. Дерек бойынша, елде алынған жеке тұлғаларға берілген жалпы несие көлемін адам басына шаққанда әр қазақстандық 447 мың теңгедей банктерге қарыз болып шыға келеді.  Сондықтан бұл арада несиесіз өмір сүруді жоспарлау керек. Нәресте несиесіз болуы үшін  бала капиталын балалардың өзіне үйрету керек. Абзалында қазіргінің баласына дейін әке-шешесі «ұсақ-түйегіңді түгендерсің» деп беретін қаржыны тықпыштап жинауға бейім. Мұны қайсыбіреулер «нарық заңына ыңғайлану» деп те түсінеді. Ал бұл, шынымен, нарықтың заңын ұғыну ма? Болмаса біз күнделікті тірлік қамына бола қаржымызды жинаған болып жүрміз бе? Осыны зерттеу керек. Балаға ақшамен жұмыс істеп үйрету керек»,-дейді Меруерт Молдабаева.

Нақ осы ақша жинау турасында қаржыгерлер арасында бір қызық мысал бар: Кезінде әлемдік тұрғыда құрыш құюдың алпауыты саналған Эндрю Карнеги 15 жасында-ақ: «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын», – деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, ол өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, ол өмірінің соңғы кезінде сол жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді.

Бұған қатысты сала мамандары, «Карнегидің ақша жинау әдісін қазақтың қанына да сіңіру керек. Ол үшін халыққа берілетін мемлекеттік жәрдемақының үлесі артып, елді жұмыспен қамту мәселесі шешілуі керек. Еңбекшіл қоғам құрылуы керек. Сол кезде халық та ақша жинауға қабілетті болады» дейді...   

Қарлығаш Зарыққанқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар