Тараздағы көпқабатты үйден шыққан жарылыс салдарынан, соңғы деректер бойынша, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Жамбыл облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған дейін екі адамның - әйел адам мен ер адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Бірнеше сағаттан соң үйінді астынан үшінші құрбанның денесі табылды. Зардап шеккен алты адам Тараз қаласының №1 ауруханасында ауыр халде жатыр.
Еске салайық, бұл оқиға бүгін, 27 ақпанда таңғы уақытта болған. Нақтыланған мәліметтер бойынша, 145 адам эвакуацияланған. Үш пәтер бүлінген. Сондай-ақ, сол үйдегі тұрғындардың көбі пәтерді жалдап тұрғаны айтылады.
«Шамамен сағат 06.20-да 9-ықшамауданда жарылыс салдарынан зардап шеккендер жайлы мәлімет түсті. Барлығы алты адам зардап шекті, үш адам оқиға орнында қаза тапты. Үш адам қалалық №1 және №2 ауруханаларға, сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Үш адамға көмек көрсетіліп, олар үйіне жіберілді. Ауруханаға жатқызылғандар қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, №47 мектеп базасына зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету мақсатында дәрігерлер мен психолог мамандарының көмегі көрсетіліп жатқаны айтылады.
Ұсынған: Әсел Болатқызы
Пікір қалдыру