Жаңаөзенде Азаттық тілшісі ұсталды

/uploads/thumbnail/20190312155425253_small.jpg

Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ұсталды. Журналистің ұсталғаны туралы «сол сәтте қасында болдым» деген қала тұрғыны Гүлнар Тәңірбергенова хабарлады. Оның сөзінше, Тойкен екеуін 11 наурызда кешкісін қаладағы дәмханалардың бірінің алдында полицейлер ұстап әкеткен. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосының дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

12 наурызда таңертең полициядан шыққан Тәңірбергенова «Сәния Тойкенді полиция ішке алып кетті. Содан бері одан хабар жоқ» дейді.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті журналистің ұсталуына қатысты әлі пікір білдірмеді.  

Тәңірбергенованың Азаттыққа айтуынша, Тойкен екеуі дәмхананың бір бұрышында сөйлесіп отырғанда сонда отырған бірнеше азамат төбелесіп қалған. Сәлден соң әкімшілік кафенің жабылғалы жатқанын айтқан.

Біршама уақыттан соң төбелес болған жерге келген полиция жасағы Сәния Тойкен мен Тәңірбергенованы ұстап әкеткен.   

«Полицейлер «төбелес болған жерде болдыңыздар, бізбен жүріңіздер» деді. Қарсылығымызға қарамастан, бізді бөлек көлікке отырғызда да, бөлімшеге алып кетті» дейді Тәңірбергенова.

Сәния Тойкеннің соңғы бір айда осымен үшінші рет ұсталып отыр.

27 ақпанда Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығынан хабар таратуға кеткен Азаттық тілшілері – Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қалалық департаментіне жеткізген. Оларға протокол көрсетпестен тергеп, алты сағат ұстаған соң босатқан.

Полиция ол кезде «ұстауға Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды» деген.

12 ақпанда Астанада Тойкенді бірнеше анадан сұхбат алмақ болып, олардың үйіне барғанда полиция басқармаға алып кеткен. 

1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген. 

ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде «журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын» айтқан. Оның сөзінше, «әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс».

Ұсынған: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар