Президент әр жылғы халыққа арнаған Жолдауларында тұрғындардың денсаулығын нығайтуға қатысты үкіметке, тиісті министрліктерге ұдайы тапсырма беріп келеді. Өйткені салуататты өмір салтын ұстану – әр азаматтың еркі. Бірақ тұрғындардың ем алуына және демалуына Қазақстан Конституциясы да кепіл болып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандық азамат жеке меншіктегі денсаулық мекемесіне немесе мемелекеттік денсаулық мекемесіне барып, ем-домын шектеусіз ала алады. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Қайта Қазақстан үкіметі халықтың денсаулығын сақтауға барлық жағдайды жасап отыр. Бұған ең алдымен Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 бағдарламасы септігін тигізіп отыр. Өйткені...
- Жыл өткен сайын халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді.
- Тұрғындардың медицинаға, атап айтқанда, ақ халатты абзал жандарға деген сенімі артты.
- Әрбір пациенттің кез келген емхананы таңдауына мүмкіндік берілді.
- Бұрын тіркеуге тұрған тұрғылықты жері бойынша ғана азаматтар сол емханадан ем-дом алатын. Қазір мұның барлығы өзгерді. Қазақстан азаматы өзі қалаған емханаға кедергісіз тіркеле алады.
- Елімізде кез келген сырқаттың диагнозын анықтай алатын қымбат аппараттар мен технологиялық жабдықтар пайда болды.
- Халық салауатты өмір салтын жоғарыдан үгіт-насихат жүргізбей-ақ өздері терең түсіне бастады.
- Аурудың алдын алуға жасалған шаралар оң нәтижесін бере бастады.
- Денсаулық сақтау орындары халықтың денсаулығына баса назар аударуда. Қазір скрингтік шаралар жиі өткізіледі. Мұның барлығы айналып келгенде, халықтың өз денсаулығына жіті назар аударып, медицина өкілдеріне деген сенімін арттырды. Оның үстіне Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының қазіргі уақытта нәтижесі де зор болып отырғанын айта кету керек.
Расында да бүгінгі күнде халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты, сонымен қатар медициналық технологиялардың жетілуіне қатысты халықтың сұранысы да артты. Өйткені заманауи техникалар мен озық әрі сапалы медициналық аппараттар көбейген сайын халықтың да сенімі нығайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та әр жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында медицина саласын назардан тыс қалдырмай, ұдайы айтып келеді. Үкіметке және тиісті министрліктерге осыған қатысты нақты тапсырмалар жүктелген. Медицина мекемелері де аурудың алдын алу үшін тұрғындармен тікелей тілдесіп, скрингтік тексерулер өткізіп, пациентермен тұрақты әрі кері байланыс орнатып келеді.
–«Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет», – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында.
Расында да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеннің» жөні артық. Өйткені халық айтқандай, «денсаулық – зор байлық». Мұны кез келген адам түсіне білгені дұрыс.
Президент атап көрсеткендей, «денсаулық сақтау ісі емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс». Әрине мұның барлығы да айтуға оңай. Десек те, мұның барлығы ең алдымен неге байланысты?
Біріншіден, бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы дамытылуы керек.
Екіншіден, медициналық қызметтің сапасы артуы тиіс.
Үшіншіден, денсаулық сақтау нысандары қажетті технологиялық құралдармен жабдықталуы тиіс.
Төртіншіден, медицина саласында жеке меншік әріптестіктің (МЖӘ) артуы да дамуға өз ықпалын тигізеді.
Бесіншіден, жаңа заманауи емханалар мен ауруханалар салынуы тиіс.
Алтыншыдан, ең бастысы, медицина саласына халықтың қажет етуіне сай инвестиция тартылуы керек.
Ал аталған мәселенің барлығы да қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының нәтижесінде жүзеге асуда. Өйткені бұл салада бағыт бар, бағдарлама бар, жүйелі жұмыс бар. Сондықтан істің нәтижелілігі бірден көзге көрінуде. Мысалы...
1.2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту болды.
- Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының мақсаты – қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту, Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту және т.б. екені түсінікті.
- Таяуда аталған бағдарламалардың жалғасы ретінде 2018–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік ұзақ мерзімді жоспарлары бекітілді. Бұл да денсаулық саласына серпін беретіні сөзсіз.
Демек, мұның барлығы да республикамызда тұратын халықтың денсаулығын арттыру, қолдау жолындағы жасалып жатқан қадамдар. Әрине, құр сөзбен немесе ағарту, үгіт-насихат жұмысымен медицинаны алға жылжыту қиын. Бұл салаға ең алдымен инвестиция тартылу керек, бұл көп қаржыны керек ететін сала. Өйткені жыл сайын медициналық жабдықтар мен құрылғылар, технологиялар, медициналық аппараттар жаңарып жатыр. Ал әлемдік медицинада болып жатқан инновациялық жаңалықтардан Қазақстан қалыс қала алмайды. Бұл орайда республикамыздағы медициналық мекемелердің техникалық жағынан жабдықталуы қалай? Өзгерістер, алға жылжу бар ма? Бұл орайда біздің Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен алған деректеріміз төмендегідей болды:
Соңғы бір жылдан аса уақытта жылда республика бойынша мемлекеттік медициналық ұйымдардың ең төменгі стандарттарға сәйкес медициналық техникамен жабдықталу үлесі 4,5 пайызға артқан, нақты айтқанда, 2017 жылы 63,2 пайыз шамасында болса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 67,7 пайызға дейін өскені бұл жағымды нәтиже еккені сөзсіз..
Айта кету керек, Президенттің Қазақстан-2050» стратегиясында денсаулық сақтау саласында жеке медицинаны және мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту (МЖӘ) дамыту көзделген. Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстанда МЖӘ жобаларын дамытуға қатысты серпінді жобалар қолға алынған. Дерекке жүгінер болсақ, 2016 – 2018 жылдар аралығында 4,9 млрд теңгеге 241 лизингтік жоба жүзеге асқан. МЖӘ шеңберінде 5,4 млрд теңгені құрайтын 16 келісімшарт жасалған. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен алған мәліметтерге сенсек, 6 – компьютерлік томография, 5 – магнитті-резонансты томография, 1 – рентгендік жүйе, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері үшін 1 құрылғы алынған. Сондай-ақ соңғы екі жылда денсаулық сақтау ұйымдары үшін материалдық-техникалық жабдықтау мен күрделі жөндеуге бөлінген жалпы сипаттағы трансферттер көлемі 111,7 млрд теңгеден асқан. 2017–2018 жылдар аралығында медициналық жабдықты сатып алу үшін жалпы құны 18 млрд теңге болатын 21 МЖӘ жобасы қазір жұмыс үстінде екенін айта кеткен жөн.Сондай-ақ, Varian Medical Systems, Фармстандарт, Phillips сияқты әлемдік медициналық өндірушілерімен МЖӘ негізінде денсаулық сақтау ұйымдарын жабдықтау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылған.
Рас, маңызы зор әлеуметтік жобаларға ел қазынаның қаржысы жете бермейді. Сондықтан бұл салаға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған Жолдауында жиі айтып келеді.
– Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді, – деп атап көрсетті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Демек, жалпы медицина саласына тартылған инвестиция халықтың денсаулығын сақтауға әрі нығайтуға үлкен ықпалын тигізеді. Мұны еш жоққа шығара алмаймыз. Тағы бір мысал, өткен жылдың қаңтар–қараша айында денсаулық сақтау саласына 92,6 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Бұл өте қомақты қаржы. Аталған инвестицияның ішінде 38,9 млрд теңгесі бюджеттен тыс жұмсалған қаржы болып отыр. Демек, мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің медицина саласын дамытуға, заманауи технологиялармен (МЖӘ) жабдықтауда үлесі орасан зор болып отыр. Әрине, мұның барлығы да Президент тапсырмасына орай, Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының арқасында жүзеге асып жатқанын айта кету керек.
Берік Бейсенұлы
Пікір қалдыру