Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 бағдарламасы жарық көріп, оның қазіргі уақытта жүзеге асып отырғаны белгілі. Расы керек, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы кезінде өз жемісін берді. Ал одан кейін қабылданған «Денсаулық» бағдарламасы үкіметтің алдына зор міндеттер қойды. Қазақстан халқының салауатты өмір салтын ұстануына, қазақстандықтардың өмір жасының 73 жасқа жетуін көздеген бұл құжаттың шындығында маңызы зор десек, қателеспейміз. Ақиқатына келгенде, «Денсаулық бағдарламысының әр бағытының маңызы өте зор. Соның ішінде біз «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек, яғни МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау» мәселесіне тоқталмақпыз.Жалпы қазіргі таңда бүкіл дүниежүзілік маңызды маңызды мәселеге айналып отырған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің бастауы (МСАК) Қазақстаннан бастау алды десек, ол тарихи факт.
1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сактау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференция өткені белгілі.
Әрине, айта кету керек, алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференцияның Алматыда өтуіне сол кезде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі болған академик Төрегелді Шармановтың еңбегі ерен болды десек, артық айтқанымыз емес. Аталған халықаралық конференцияны өткізуге Алматымен қатар, Ташкент те жанталасты. Бірақ Қазақстанның медицина саласының мамандарына зор сенім артылды. Өзбекстан мен Қазақстанның жағдайын сараптай келе Дүниежүзілік денсаулық сактау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тiң өкілдері халықаралық конференцияның Алматыда өткені дұрыс деп шешті. Сөйтіп, конференция соңында арнайы декларация қабылданып, бұл медицина саласындағы әлем бағалаған және мойындаған жаңалық болды. Сондай-ақ бұл Қазақстанның ғана емес, әлем бойынша медицина саласындағы ірі және зор жетістік еді. Бұл орайда атап өту керек, Алматыда өткен халықаралық конференция «Ұлы хартия» деп аталды. Сөйтіп, медицина тарихында Алматы декларациясы алтын әріптермен жазылды. Нақты айтар болсақ, Ташкент ғана емес, сонымен қатар, Совет Одағында аталған халықаралық конференцияны өткізуге Тбилиси мен Новосибирск, Баку қалалары да үміткер болды. Бірақ қалғандарын артқа тастап, Алматы қаласы көш басында тұрды. Қазақстанның астанасы Алматыға зор сенім артылды. Конференция ойдағыдай өтті. Әлемде алғаш рет қабылданған декларацияның өз нәтижесін берді. Әлем медицинасы 1978 жылдан бастау алған Медициналық-санитарлық алғашқы көмек, яғни МСАК-тің құжаттамалық іргесін осылай қалады. Бірақ талап өзгерді, медицина заманауи өркениетке қадам басты. Қоғамның өзгеруімен медицина да дами бастады. Сондықтан басқа мемлекетте емес, нақ осы Алматыда бастау алған халықаралық конференцияның заңды жалғасын қайтадан Қазақстанда өткізу мүмкіндігі туындады. Біріншіден, Алматы декларациясының маңызы өте зор болды. Өйткені декларацияда халық үшін ең маңызды медициналық қағидаттар атап көрсетілді. Атап айтар болсақ, халықты санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелер сөз болды және аталған қағидаттар күні бүгінге дейін жүзеге асырылып келді.
Нақты айтсақ, бүкіләлемдік медицина саласы Алматы декларациясын мойындады, бағалады және соған сай жұмыс істеді.
Оның үстіне Алматы конференциясы қабылданғаннан бері қырық жыл уақыт өтті. Осыған орай Алматыда 1978 жылы ашылған конференцияның сабақтастығын үзбеу керек болды. Осының заңды жалғасы ретінде осыдан қырық жыл бұрын Алматыда ашылған конференциясының сабақтастығы ретінде 2018 жылдың соңында Астанада медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөнінде жаһандық конференция өтті.
Айта кету керек, ДДҰ, ЮНИСЕФ және Қазақстан тарапы ұйымдастырған бұл шара Алматы декларациясының 40 жылдығына арналды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымына мүше 120 мемлекеттің өкілдері, әр елдің денсаулық сақтау министрлері мен медицина саласына демеушілік жасап жүрген меценаттар бұл жолы Қазақстанның жаңа қаласы Астанаға келді.
Конференцияда сөз алған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Алматы декларациясы қабылданғаннан бері ғаламда үлкен өзгерістер болғанын мәлім етті. Оның сөзіне назар аударсық, "ғаламдағы адамзаттың өмір сүруі жасы ұзарды. Әлемде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үлкен өзгерістер болды. Ғаламдық медицина заманауи құрылғылармен жабдықталды. Сонымен қатар, төрткүл құрлықта кедейшілік құрсауында өмір сүріп жатқан елдер бар. Ал екіншілері - бай қуатты. Олар да денсаулығын күтеді, Ал кедейлер денсаулығын күтуге соңғы ақшаларын жұмсап жатыр. Сондықтан бәрімізге ортақ міндет –ол деніміздің сау болып өмір сүруі. Ал Алматы декларациясынан бері қырық жыл өтті. Заман, қоғам өзгергенімен, бірақ талап ортақ болып қала береді. Ол - әлемде денсаулығын қаратуға кез келген адам қол жеткізе алатындай жағдай жасалуы керек". Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл пікірінің жаны бар. Демек...
Ал Алматы декларациясының заңды жалғасы ретінде саналған Астанада өткен жаһандық кездесудің айырмашылықтары мен ерекшеліктері қандай? Мұны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов атап көрсетті.
–Қырық жылдан астам уақытта Қазақстанның ғана емес, әлем халықтарының өмір сүру ұзақтығы артты. Демек, қарттар медициналық қызметті көбірек пайдаланады. Сондай-ақ, қырық жыл бұрын инфекциялық аурулар - өте маңызды аурулар қатарында болса, алғашқы медициналық көмектің арқасында көптеген аурулар жойылды. Қазір жұқпалы емес аурулар - қант диабеті, бауыр, өкпе аурулары дүние жүзінде алаңдатарлық өзекті мәселеге айналып болып отыр. Олардың алдын алу үшін профилактикаға көңіл бөлген жөн. Үшінші маңызды фактор - жаңа технологиялар. Қырық жыл бұрынғы медицина мен қазіргі медицинаның арасы жер мен көктей. Ақпараттық технологиялардың рөлі көбейіп жатыр. Осының барлығын тиімді пайдалануымыз керек, – деді министр Елжан Біртанов.
Астана декларациясын дайындауға халықаралық қоғамдастықтың да ынтасы зор болды десек, қателеспейміз. Оған әлемдегі және Қазақстандағы дәрігерлерден 500-ден астам ұсыныс түскен. Бұл құжат ақиқатында медициналық қызмет сапасын арттыруға өлшеусіз ықпалын тигізді. Астанаға жиналған осы саладағы кәсіби мамандар да қазіргі уақытта өте өзекті болған ауру түрлері емдеуден бұрын ең алдымен профилактикаға көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Жаһандық конференцияға бейне Жолдауын арнаған Қазақстан Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев «МСАК бойынша жаңа Астана декларациясын қабылдау - бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең екенін атап өтті.
–Осыдан 40 жыл бұрын әлем жұртшылығы Алматы қаласына жиналып, онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясын қабылдады. Аталған тарихи құжат көптеген мемлекеттердің ЖОО-ларының оқулықтарына енгізілді. 1978 жылы ДДҰ декларациясына қол қойылуы - халықаралық күш-жігерді жұмылдыруда тиімділіктің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Онда медициналық-санитарлық алғашқы көмектің базалық қағидаттары айқындалды. Олар - халықтың санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар. Одан бері әлемнің денсаулық сақтау бағыты осы негізгі бағыттар бойынша дамып келе жатыр.
Қазіргі таңда қоршаған ортаның бұзылуы, өмірлік қозғалыстың азаюы, дұрыс тамақтанбау - созылмалы аурулардың артуына алып келді. Өз кезегінде халықтың ауру-сырқаттарға шалдығуы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына түсетін жүктемеден асып кетті. Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мен медициналық жағдайды қамтамасыз ету баса маңызға ие болып келеді. Бұл тақырыптар БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында 2019 жылы талқыланатын болады.
Бүгінгі күні бүкіл әлемдегідей Қазақстанда белсенді түрде цифрлық өзгерістер жүргізіліп жатыр. Одан денсаулық сақтау саласы да қалыс қалмайды. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаңа Астана декларациясын қабылдау - бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болары анық. Бұл бағдарламалық құжат жаһандық деңгейде өмір сапасын арттыруға, адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосарына сенімдімін, - деді Қазақстан Президенті.
Расында да медицина саласы бір орнында тұрмайды. Қазір «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегендер» көбейді. Мемлекет те аурудың алдын алудың маңызы зор екенін түсінді, осыған қатысты маңызды шаралар қабылдай бастады. Бұл орайда Қазақстанның денсаулық саласы өркениеттен көш кейін қалып жатқан жоқ. Соңғы үш жылдағы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 бағдарламасы өз нәтижесін беріп жатыр. Бір ғана мысал, 27 жыл ішінде МСАК саласында қажетті инфрақұрылымдар ретке келтіріліп, 1800-ге тарта аурухана мен амбулаториялық орталықтар жұмыс істеді. Аурудың алдын талуға басты мән беріліп келеді. Жыл сайын арнайы бағдарлама бойынша адамдар скринингтен өткізіледі. Басты міндет–Президент атап өткендей, ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес денсаулық сақтау саласы жүйесін ары қарай дамыту. Оған барлық негіз бар. Қазақстан ғана емес, дүние жүзіндегі мемлекеттердің барлығының аурудың алдын алуға ұмтылып жатқанының сыры бар. Рас, адамның өмір сүру ұзақтығы артты. Әлемнің басым елдеріндегі мәліметтерге ұзақ жасайтындар көбейді. Бірақ өмір сүру сапасы төмендеді, кедейлер азаймай тұр. Қарыштап дамып келе жатқан технологияның әсерінен экология бұзылды, табиғат ластанып жатыр. Мұның барлығы да азық-түлікке әсер етуде. Тағамға неше түрді денсаулыққа зиянды дәмдеуіштер қосылады. Бұл жағдай ең алдымен азық-түлікті тұтынатын адамға, адамның денсаулығына қатты әсер етіп жатыр. Өткен ғасырда адам баласы жұқпалы аурулардан көп зардап шексе, қазір олай емес. Созылмалы аурулардың қатары күн санап көбейіп келеді. Сондықтан аурудың алдын алу кез келген мемлекетке тиімді болып тұр.
Бұл орайда Қазақстанда медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) бойынша жан-жақты, әлеуметтік бағдарламалар бар. Денсаулық саласын ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестендіру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қазір әрбір дәрігерге орташа есеппен алғанда, 2,5-3 мың тұрғыннан келеді. Қазір Біртанов басқаратын министрлік бұл көрсеткішті азайтуға қадам жасауда. Таяу уақыттарда әр дәрігерге 1,5 мың тұрғынға дейін азайту көзделіп отыр. Сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балалар үшін педиатриялық учаскелер көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздегі медициналық университеттерде педиатриялық факультеттерді ашу қайтадан қолға алынды. «МСАК-ты жаңғырту және іске асыру жөніндегі жол картасын іске асыру аясында амбулаториялық-емханалық ұйымдардың құрамында туберкулезге қарсы 218 кабинет, 42 психикалық денсаулық кабинеті, 1280 тексеру (оның ішінде 823-і әйелдер, 322-сі ерлер) кабинеті, 371 онкология кабинеті, 287 маммологиялық кабинет қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр.
Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық 197 мемлекеттің медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) бойынша Астана декларациясын бір ауыздан қабылдағанының осындай халықаралық маңызы бар.
Расында әрбір адам мемлекетке арқа сүйей бермей, алдымен өз денсаулығының мықты болуын қарастырғаны дұрыс. Дені сау адамның әрқашанда көңіл күйі көтеріңкі, сергек болып жүреді. Дана халқымыз «дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Ақиқатында, Отанымыздың болашағы –дені сау ұрпақтың қолында екенін ұмытпауымыз керек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан .Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты – денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Демек, денсаулықты сақтау мен нығайту біздің ең басты саясатымыз болуы тиіс.
Еркін Қалдан
Пікір қалдыру