Қазақстанның мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика халқына арнаған Жолдауында еліміздің одан әрі дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер (ЭЫДҰ) мен Қазақстанның дамуы арасындағы алшақтықты жоюды тапсырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсартып, денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқарып, қаржыландыру жүйесі арттыруға, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз етуге кірісті.
Әрине, әлемдегі дамыған 30 елінің қатарына ену оңай шаруа емес. Бұл барлық салада серпінді жұмыс пен ілгерілеуді талап етеді. Әрине осыған байланысты мемлекет басшысы жаңа міндеттер қойып отыр. Бұл әрине өзге салалар сияқты, денсаулық саласына да қатысты екені сөзсіз. Өйткені, жаны саудың – тәні сау. Ол үшін біздің еліміздің денсаулық заңнамасы өркениетке сай өзгеруі қажет. Медицинада жаңа технологиялардың болғаны жөн. Жалпы бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін Қазақстан алдымен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) қатысушы мемлекеттер көрсететін дамудың іргелі көрсеткіштеріне қол жеткізуі қажет. Негізі алдымен біз мына мәселе анықтап алғанымыз жөн: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қандай мемлекеттер кіреді? Аталған ұйымның мақсаты не? Сонымен...
Айта кететін бір жайт, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) әлемдегі нарықтық экономикасы өркениетті дамыған 34 мемлекетті біріктіреді. Аталған ұйымның басты мақсаты – дамушы елдерге көмектесу, және олардың экономикалық саясатын үйлестіріп отыру. Ұйымның штаб-пәтері Парижде орналасқанын айта кетейік.
Тарихқа жүгінер болсақ, аталған ұйымның негізі 1961 жылы қаланған. Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен Еуропа елдеріне АҚШ пен Канада мемлекетінің тарапынан көмек көрсету үшін құрылған бұл ұйымның кейін аты-жөні, құрылымы өзгерді. Оның орнын кейіннен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) басты. Оған қазір 34 мемлекет мүше. ЭЫДҰ -на мүше мемлекеттерге әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы тиесілі. Қазақстан қазіргі уақытта ұйымның 12 Комитетімен, үш Жаһандық форуммен және 2 ЭЫДҰ орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. ЭЫДҰ жылдық бюджеті 345 млн евроны құрайтынын айта кету қажет.
Аталған ұйымға мүше болу Қазақстанға не береді? Бұдан ешқандай да қаржы түспейді. Бұл экономикалық нарықтық саясатты жүргізудің озық тәсілі немесе тәжірибе алмасудың ортақ әрекеті болып табылады. ЭЫДҰ -на мүше болу арқылы Қазақстанның әлемдіқ қаржы институттары арасында рейтингі жоғарылайды.
Сондықтан ең алдымен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің біздің еліміздің денсаулық сақтау жүйесінен қандай артықшылықтары бар екеніне көз жүгіртейік. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдермен арадағы дамудағы алшақтықты неге жоюды тапсырды. Мұның себебі неде? Ендеше, екі тарапты салыстырып, таразыға салып көрейік.
- Қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, нақты айтқанда, инфекциялық емес ауруларға алаңдаушылық немесе денсаулықты нығайту мәселесіндегі ауызбіршілік, бірлесіп ортақ проблемаларды шешу – бұл ЭЫДҰ елдерінің денсаулық сақтау жүйесінің басты айрықша әрі ерекшеліктері екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ортақ стратегиялық мақсатта жұмыс істеу де олардың басты артықшылықтарының бірі.
- ЭЫДҰ -на елдер бастапқы медициналық -санитариялық алғашқы көмекке (МСАК) қаржының 40 пайызға жуығын бөледі. Ал Қазақстан дамушы мемлекет болғандықтан, бұл деңгейге әлі жете қойған жоқ. Айта кететін бір нәрсе, аурудың алдын алуда медициналық -санитариялық алғашқы көмектің әсері өте зор. Маман -сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, мықты МСАК жүйесінің болуы ЭЫДҰ елдерінде ауруларды 80 пайызға дейін өз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. ЭЫДҰ елдерінде МСАК – бұл бүкіл жүйенің үйлестірушісі. Ал бізде негізгі құрылым қазіргі уақытта стационарлық сектор екенін айта кеткен жөн.
- Қазақстандық дәрігерлер ЭЫДҰ -на мүше мемлекеттерінде істейтін медицина қызметкерлерінен 16 есе төмен жалақы алады. Сондықтан бұл арадағы алшақтықты жою да таяудағы міндеттердің бірі. Республикамыздағы медицина саласында басқару қызметінде жүрген менеджерлерді де даярлау мәселесі жоғары ләрежеде емес. Әлі де ауылдық жерлерде медицина қызметкерлері толыққанды деп айтуға тура келмейді, тапшылық сезіледі.
- Қазақстанда дәрі-дәрмек әлі қымбат, кез келген дәріге қолжетімділіқ байқалмайды және қаншылықты қауіпсіз әрі сапалы? Бұған көпшілігі күмәнмен қарайды. Ал ЭЫДҰ елдерінде дәрілік заттардың сапасы қауіпсіздік деңгейіне дейін көтерілген және бағасы мен сапасы қолжетімді. Елбасының арадағы алшақтықты жою туралы қатаң талап қоюының сыры да осында жатыр. Бірақ Қазақстан бұл талапқа және бәріне ортақ халықаралық ортақ стандартқа барған сайын жақындап келеді. Ақиқатын айтар болсақ, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жетімсіз күйде болуы бастапқы медициналық -санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) дамуын тежейді. Сондықтан Қазақстан билігі қазіргі уақытта сапалы дәрі-дәрмектің қолжетімді болып, амбулаторияларға дәрілердің толыққанды жеткізілуіне күш салуда. Бұл орайда Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 бағдарламасында атап көрсетілген Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру барынша септігін тигізіп отыр.
- Әрине, медицина саласының дамуы үшін ең алдымен ғылымға да көп көңіл бөлінуі керек. Бұл орайда ғылым саласына қаржы бөлуде ЭЫДҰ мемлекеттері мен Қазақстан арасында әзірге айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалға алар болсақ, ЭЫДҰ-на мүше мемлекеттердің бірқатарында немесе басым бөлігінде жалпы ішкі өнімнің зерттеулерге арналған ішкі шығынының бөлігі шамамен 3 пайызы құрайды. Ал Қазақстанда бұл шығынның үлесі 2000 жылдардан бастап бес есе артқанына қарамастан әлі де аз деңгейде болып отыр. Нақты айтар болсақ, шамамен ішкі шығындардың үлесі республиканың жалпы ішкі өнімінің 0,2 пайызын ғана құрап отырғанын айта кету керек. Сонымен қатар, ЭЫДҰ-на мүше мемлекеттердің бірқатарында жеке сектор да өз өндірісін дамыту үшін қомақты қаржы бөледі. Бұл ретте Қазақстанда ғылымды дамытуға негізінен мемлекет тарапынан ғана басты қаржы бөлініп отыр. Алдағы уақытта жеке сектор бұл салаға назар аударатынына сенім мол.
- ЭЫДҰ-на мүше мемлекеттерде дәрігер мен пациент арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Оның басты себебі, смарт -медицинаның дамуы десек, артық айтқандық емес. Бұл орайда Қазақстан да көштен қалған жоқ. Дәл қазіргі уақытта республикамызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында республикамыздағы медицина саласы электрондық қызметке көшті. Таяу уақытта ақ халатты абзал жандар түгелдей қағазбастылықтан арылады дей аламыз. Қазақстандағы әр азаматтың енді электронды денсаулық паспорты болады, әр пациент өзінің дәрігерімен «өз кабинеті» арқылы тілдесе алады. Сырқат жан бұрынғыдай әуре боп, емханаға бармайды, бюрократиялық кедергіден арылады, электрондық жазба арқылы кезекке тұрады. Мәліметтер базасында медициналық деректер толыққанды жазылып тұрады, электрондық денсаулық паспорты, қағазсыз аурухана, медициналық ақпараттық жүйе, мобильді денсаулық сақтау, электрондық денсаулық сақтау саласындағы смарт-келісімшарт, пациенттің жеке кабинеті және тағы басқалар, мұның барлығы да қазіргі медицина саласында жүзеге асырылып жатқан игі істер. Сондықтан Қазақстан мен ЭЫДҰ -на мүше елдерінің денсаулық сақтау жүйесінің арасындағы алшақтықтар жақын арада жойылады деп ойлаймыз. Өйткені бұл орайда Қазақстанда жан-жақты, салалық реформалық істер бастау алды. Өйткені бізде қажетті ресурстар жеткілікті. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 бағдарламасы бұл орайда жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Мақсатты түрде жасалынатын жоспарланған міндеттер де алға қойылған. Оны шешудің де жолдары жасалынған. Атап айтар болсақ,
- 2020 жылға қарай өмір сүрудің ұзақтығы 73 жасқа жетеді.
- Халықтың денсаулық индексі 2016 жылы 17 пайызға, 2019 жылға қарай 20 пайызға ұлғаяды
- Медициналық көмекке қанағаттану деңгейі 2016 жылы 40 пайызға, 2019 жылы 46 пайызға көтеріледі
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру және спортпен айналысатын адамдар саны 2019 жылы 30 пайызға көбейеді.
Қысқаша айтқанда, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізі болып отырғанын айта кету керек. Расында да денсаулықты сақтау ең алдымен әр адамның өзіне байланысты, ал оны нығайту әрі оған қатысты барлық шараларды жасау мемлекеттің жұмысы. Сондықтан басты байлық өз денсаулығымызды аялай білейік.
Еркін Қалдан
Пікір қалдыру