Біз денсаулық туралы жақсы әңгіме айтамыз да, бірақ қажетті қағидаларды есте сақтай бермейміз немесе жанымыздан шығарып аламыз. Мұндағы айтпағымыз не? Денсаулық–зор байлық. Ендеше бұл жеке адамның ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің де шаруасы. Демек, әлемдегі болып жатқан өзгерістерден Қазақстан да тысқары қала алмайды. Сондықтан да мемлекеттің қай салада қабылданған бағдарламалары болсын, ол әлемдік даму өркениетімен де үндесуі тиіс.
Осыған орай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің одан әрі дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына тезірек кіру үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері (ЭЫДҰ) мен Қазақстанның дамуы арасындағы алшақтықты жоюды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты еліміздегі барлық салада қарқынды жұмыс жүргізілуі тиістігі атап көрсетілді. Оның ішінде медицина саласындағы қызметтің сапасын арттыру, қаржыландыру жағын күшейту, денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқару сияқты және оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру атап көрсетілген.
–Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары - жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы. Мен Қазақстанда ЭЫДҰ-ның бірқатар қағидаттары мен стандарттарын енгізу жөнінде міндет қойдым,–деп атап өтті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Расында да мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан мемлекеті үшін халықтың денсаулығы ең басты байлық екені ақиқат. Республикамызда осыған байланысты мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Қазір оны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айқын. Оның нақты бір мысалы ретінде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын айтуға болады. Аталған бағдарламаның негізінде «қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру» белгіленгені мәлім. Елбасы тапсырмасына сәйкес, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін ең алдымен азаматтардың денсаулығына көңіл бөлу басты назарда екені айқын. Бұл ретте алғашқыда денсаулық саласын дамытуға қатысты «2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келді. Бұл бағдарлама өз миссиясын атқарғаннан кейін оның жалғасы ретінде 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келді.
– Біз дамыған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттерінің тәжірибесін талдадық және оларда өткен ғасырда құрылған санитарлық қызметтің орнына «қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері» дүниеге келгенін зерделеп, оны өз тәжірибемізге қолданысқа енгізіп жатырмыз. Сондықтан елімізде де осындай бірыңғай қызмет құру – басты мақсатымыз болып табылады, – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Ал жалпы айтқанда, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі дегеніміз не? Бұл жоба Денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған қызмет түрі.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің негізгі миссиясы Қазақстан халқының денсаулығын сақтау және нығайту екені сөзсіз. Оның ішіне медицина саласындағы басымдықтар, атап айтқанда, инфекциялық және инфекциялық емес ауруларды алдын ала қадағалау, ақпараттық-түсіндіру қызметі денсаулықты нығайту, кадрлармен қамтамасыз ету, денсаулық пен игілік мүддесінде стратегиялық басшылық ету, медициналық білім беруді жаңғырту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, сол сияқты тағы басқа мәселелер кіреді.
2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай халықтың өмір сүрудің орташа ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиялық бағдарламасында «салауатты өмір салты –ұлт денсаулығының кепілі болуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Өйткені Президент атап көрсеткендей, ұлттың саулығы ең алдымен халықтың спортпен шұғылдануына тікелей қатысты» екені сөзсіз.
–Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет,– деді мемлекет басшысы.
Демек, қазіргі уақытта Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бар жағдай жасалуда. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыру мен денсаулығын жақсартуға қатысты мәселелер мемлекет басшысының әрдайым назарында. Тіпті сонау 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында - ақ болашаққа арналған стратегиялық құжатта бұл мәселені айқын көрсеткен. Мұнда ең алдымен халықтың денсаулығына ерекше көңіл бөлу, сондай-ақ қазақстандықтан өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу керектігі айтылған. Демек, бұл ұдайы назарда болып келе жатқан жайт.
–«Қазақстан орта таптың үлес салмағы мол елге айналады. Урбанизацияның ғаламдық үдерісінің ізімен қалалық тұрғындардың үлесі барлық халықтың бүгінгі 55 пайызынан 70 пайызға дейін жетеді, сапалы жолдары, көліктің барлық түрінің жылдам қатынастары бар қалалар мен елді мекендер, салауатты өмір салтын енгізу мен медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа және одан жоғарыға арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында.
Ақиқатында, халықтың әл-ауқаты дұрысталса, олардың өмір сүру ұзақтығы да артады. Оған мына көрсеткіштер куә. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі 2015 қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 70 жас болады деп болжағаны белгілі. Ал соңғы он жылда жағдай өзгерді ме?
Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша 2015 жылға қарай қазақстандықтардың орташа есеппен өмір сүру жасы 70 жасқа дейін жететіні хабарланған еді. Денсаулық сақтау министрлігінен алған мәліметке сенсек, жыл өткен сайын қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Әрине, бұл қуанышты нәрсе. Мұны бірнеше жылдың дерегімен келтірер болсақ, ол төмендегідей болып шығады: 2008 жылы – елдегі халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы -67,11, 2012 жылы - 69,61 жас болғанын айта кетейік. Ал денсаулықты дамыту туралы мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа жеткізу көзделгені белгілі. Ал қазір ше? Қазіргі мәлімет бойынша біз қазақстандықтардың өмір жасы ұзарып бара жатқанын байқаймыз. Қазіргі нәтиже 72,4 жас болып отыр. Демек, бұл нені көрсетеді?
-Біріншіден, халықтың әл-ауқаты артты.
-Екіншіден, денсаулықты нығайтуға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жұмыстар жүйелі жүргізіле бастады.
-Үшіншіден, ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарында алға жылжу бар.
-Төртіншіден, халық салауатты өмір салтының денсаулыққа қажет екенін түсіне бастады.
-Бесіншіден, спортпен шұғылдануға халықтың қызығушылығы артты
-Алтыншыдан, әркім өзінің денсаулығына салғырт қарамайтын болды.
-Жетіншіден, мұны 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі көрсеткіші деп түсіну керек.
Әрине, адам бойында пайда болатын сырқат түрлері әр нәрсеге байланысты пайда болатыны сөзсіз. Айта кету керек, ең алдымен адам баласына қимыл-қозғалыс керек. Семіздік, қозғалыстың аздығы мұның барлығы да ағзаның ауырлауына, адамның сергек жүрмеуіне әсер етеді. Ол енді шындық. Мамандар көбінесе, сырқаттың пайда болуы гендік факторларға, экологиялық жағдайларға, ағзаның әлсіздігіне қатысты екенін де жоққа шығармайды. Бірақ, сонымен қатар, денсаулықтың 50 пайызының мықты болуы ең алдымен адамның өзіне байланысты. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан адамның денсаулығын сақтау, нығайту үшін мемлекет қазір бар жағдайды жасап жатыр. Өміршең бағдарламалар жүзеге асуда. Рас, мұның көмегі үлкен, денсаулықты нығайтуға да үлкен септігін тигізуде. Бірақ адам баласы да, «ауырғанша, ауырмайтын жолды» іздегені абзал. Ал мемлекет аурудың алдын алу мен скринингтік жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп отыр. Мұның барлығы да 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында бар. Сондықтан да алдағы уақытта осындай мемлекеттік бағдарламадан кейін Қазақстан халқының денсаулығы барынша нығайып, жақсара түседі деген үлкен сенім бар.
Берік Бейсенұлы
Пікір қалдыру