Бүгін қазақ елі белгілі этнограф, жазушы және ғалым Болат Бопайұлын ақтық сапарға шығарып салды.
Қаламгердің жаназа намады Алматыдағы Қонаев мешітінде оқылды.
Жаназаға күллі әдебиет сүйер қауым жиналып, жазушымен қоштасты.
Болат Бопайұлы 1960 жылы 1 қаңтарда Қытай Халық Республикасының Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. Ол 1986 жылы Іле педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасында аспирантураны тәмамдаған.
Еңбек жолын Үрімжі қаласында ұстаздық етуден бастап, «Шыңжаң жастар-өрендер баспасында» редактор қызметін атқарды. Қазақстанға қоныс аударған соң, этнография саласында терең зерттеулер жүргізіп, 30-дан астам кітап жазды. Оның еңбектері қазақ халқының салт-дәстүрін, дүниетанымын, ұлттық болмысын зерттеуге арналды. «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ аспан есебі» сияқты еңбектері ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарды.
Болат Бопайұлы – Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып академиясының академигі. Ол «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы атанған.
Оның шығармашылығы мен ғылыми еңбектері қазақ мәдениеті мен дәстүрін зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосты. Болат Бопайұлының мол мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады.
65 жасында көз жұмған этнографтың денесі Кеңсай зиратына жерленді.
Пікір қалдыру