«Денсаулық» бағдарламасының мақсаты қандай?

/uploads/thumbnail/20190315121633052_small.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  республика халқына арнаған Жолдауында «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет» деп атап көрсеткені белгілі.

Ақиқатында халықтың денсаулығы күн тәртібінен түскен емес. Өйткені ел экономикасының дамуында адам баласының үлесі өте зор. Сондықтан ең алдымен денсаулықты нығайтуға халықтың өзі мүдделі болса, екіншіден, оған арнайы заңдар арқылы және қызмет көрсету, жағдай жасау арқылы мемлекеттің де ықпалы болады. Бұл орайда Қазақстанда тұрғындардың денсаулығын сақтау және қолдауға қатысты көптеген шаралар жасалынып жатыр. Қазақстан медицинасын дамытуға қатысты кезең –кезеңмен жүзеге асып жатқан бағдарламалар мен жобалар бар. Солардың бірі – аталған саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бағытталған үлкен әрі мақсатты жобалардың бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Нақты айтсақ, аталған жоба Президенттің қол қоюымен 2016 жылы басталып, биыл 2019 жылы аяқталатынын айта кетейік.

Негізі бұған дейінгі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 - 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өз нәтижесін берді. Өз міндетін аяқтаған бағдарламадан кейін екінші жоба қабылданды. Бұл жолғысының аты  «Денсаулық» бағдарламасы деп аталды. «Ал бұл бағдарламаның мақсаты не?» деген сауалға жауап берер болсақ,  ол әрине аурудың алдын алу және халықтың денсаулығын жақсартуға арналғанын түсіну қиын емес. Үш жылға арналған бағдарламаның шеңберінде негізгі міндеттер белгіленді. Сонымен,  2016-2019 бағдарламасының міндеттері қандай?

Сонымен,  2020 жылға қарай:

-Қазақстан  Республикасында тұратын  халықтың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыру;

 -аналар өлім-жітімін – үш есе:

-нәрестелердің өлім-жітімін  – екі есе:

-Қазақстан  халқының жалпы өлім-жітімін – 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 30 пайызға төмендету:

-Туберкулезден өлім-жітімге ұшырауды 100 мың адамға шаққанда  3,8 адамға дейін төмендету көзделіп отыр.

Әрине, бұл бағытта Президент тапсырмасына орай қазіргі кезеңде, әсіресе, соңғы екі жылда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Ал олардың бағыты қандай? Айта кетер болсақ, бағдарлама жеті  бағытты қамтиды. Олар қандай бағыттар?

  1. Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту;
  2. МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау;
  3. Медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету;

4.Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру;

  1. Ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру;
  2. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру;
  3. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету;

Расында да «Денсаулық» бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын басталғаныменен, оған қоғамның сұранысына сай өзгертулер мен толықтырулар ензізіліп отыратыны белгілі. Өткен жылдың қазан айының басында болған Үкіметтің отырысында  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар толықтырулар енгізілгенін атап айтты. Министрлік алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін аталған бағдарлама шеңберінде бірқатар шаралар қабылдады. Атап айтар болсақ,  келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтып, жаңа аймақтар құратынын жария етті.

– 2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түстеін жүктемені 1,700 адамға дейін азайту керек. 2020 жылға қарай  ауруларды басқару бағдарламаларымен (артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі) үш ауруы бар, есепте тұрған пациенттерді қамту 11 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар барлық дәрігерлер мен мейіргерлерге аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай оқыту өткізуі қажет, — деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында.

Жалпы дәрігерлердің жұмысын азайтудың бір көрінісі — ол электронды қызметке көшу. Бұл орайда «Денсаулық» бағдарламасында атап көрсетілгендей, емханалардың қызметін цифрландыру жалғасады. Бұл өз кезегінде әрбір медицина қызметкеріне түсетін салмақты, яғни жүктемені азайтады. Бұл дәрігердің жұмысы жеңілдейді деген сөз емес. Олар ең бастысы, сонау кеңес үкіметі тұсынан келе жатқан бағзы заманғы   бюрократиялық кедергі  қағазбастылықтан арылады.

Ал денсаулық сақтау саласын дамытуға немесе цифрландыруға қатысты бұл орайда Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен біз бірқатар мәліметтер алдық. Атап көрсетер болсақ,  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік  Денсаулық сақтау саласын цифрландыру кеңсесін құрған. Осыған сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 4 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

1) Мобильді денсаулық сақтау элементтерін енгізу (mHealth), оның ішінде «қашықтықтан кеңес беру» қызметі;

2) Емдеу жоспарларын басқару және диагноз қоюда жасанды зерде құру және оны енгізу;

3) Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу;

4) Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің платформасы мен өзара әрекеттестігін енгізу.

Ескерте кетр бір жайт, Қазақстанда  денсаулық сақтау саласын цифрландыру процесі 2018 жылғы қаңтардан бастап қолға алынды. Бұл салада қазір жұмыс нәтижелі түрде жалғасын табуда.

Батыр Жасұлан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар