(Адамның іс-әрекеті планетарлық өзгерістердің факторы ретінде)
I бөлім
Жаһандық жылыну, Озондық радиация, Топырақ эрозиясы, Ауа мен Судың ластануы... Ақырзаманның белгілері экологиялық ахуалдан білініп жатыр ма? Біз неден қорқуымыз керек? Топан судан, әлде су қоры азайып жатқандықтан орнайтын құрғақшылықтан ба?
Керемет!.. Барлық жеке мәселелерімізді ұмытып, глобальдық, планета масштабындағы Үлкен Проблемаға келдік. Неге Үлкен Проблема? Енді, Батыс ақпарат көздеріне сенсек, жағдайымыз өте мүшкіл ғой. Әне-міне дегенше, Антарктида еріп, жылу басады. Күн радиациясы, қышқылдық жауын – орасан қауіпті. Жақында бірнәрседен болмаса, екіншісінен, не үшіншісінен, не төртіншісінен (принципті түсіндіңіз ғой: бір санды қоса бересіз) өлетін сияқтымыз. Сенбейсіздер ме? Эколог пен астрологтардың соңғы болжамына қараңыз (бұл басқа астероидпен соғылысу қаупін есептемегенде). Сенесіздер ме? Жоқ?! Жоқ болса, керемет! Сіз дұрыс бағыттасыз!
Мен сенбеймін. Бұдан 4,5 млрд жыл бұрын пайда болған Жер шарымыз талай жандануды басынан кешірген. Осынша уақыт мың өзгеріске ұшырап, сақталған Жерді адамзат құртты деу - үрей сейілтудың амалы ғана.
Бұдан бірнеше ай бұрынғы жазбалар... Америка мен Еуропаның жаһандық мәселелерді «асқындырып» Латын Америкасы мен Азия елдеріне өз өнімдерін сатып, «қамқорлығын» көрсетпек «жәрдемін» жазам ба дегем... Жалғасы жазылған жоқ, бірақ бірнеше күн бұрын осы тақырып төңірегінде тамаша мақала тауып алдым. Лестер Университетінің профессоры, палеобиолог Ян Заласевичтің лекциясынан алынған басты тезистерінен тұратын мақаланы біздің оқырманға да қызық болар деп, T§P сайтынан аудардым.
Басты қойылған сұрақ: Шынымен де біздің түр табиғаттың иесі атанып, планетарлық масштабта Жерге әсерін тигізе алды ма?
Планетамыздың (ғаламшар деген сөз, меніңше, үйлесе қоймайтын сияқты) тарихы, арнайы комиссиялардың ұзақ талқылаулары мен жиналыстары нәтижесінің шешімімен, жеке құрамдарға бөлінген. Біз алғаш жорғалаушылар пайда болған, бұдан 500 млн жыл бұрынғы фанерозой эонында өміп сүріп жатырмыз. Ол эонның ішінде, біз Жердегі тіршіліктің көп бөлігінің қырылып (оның ішінде динозаврлар да бар), сүтқоректілердің планета иесі болған кезі - бұдан 65 млн жыл бұрын басталған ценозой дәуіріндеміз. Сол ценозойдың ішінде біз, міне планетамыздың биполярлы салқындауына байланысты 2,5 млн жылға созылған төрттік кезеңіндеміз. Ал, бес жыл бұрын алған ресми аталым бойынша, соңғы 11,5 мыңжылдық голоцен деп аталады.
Менің талқыға салайын деген басты тақырыбым: біз басқа геологиялық кезеңде өмір сүріп жатырмыз деп айта аламыз ба? Аталмыш идея жаңа емес, ол геологияның формальды дисциплина болып қалыптаса бастағанынан туындады. Жердің тарихы жайлы алғашқы трактат «Табиғат дәуірі» Француз көтерілісіне дейін граф де Бюффонмен жазылған. Бұдан басқа да ойшылдар болды: Джордж Перкинс Марш, алғаш американдық қоршаған ортаны қорғаушы; Антонио Стоппани, 1880 жылдары «антропозой» терминін енгізген итальян геологы; Владимир Вернадский, адамның Жер геологиясына әсерін түсініп, алғаш «биосфераны»заманауи мағынасында түсіндірген ғалым. Бірақ, кәсіпқой геологтар бұл ойларды ақымақтық деп біледі. Адамдар ұлы істерді атқарып жүрміз деп ойлайды екен, алайда континенттер мен жанартауларға қараңыздаршы, мұхиттардың құрылуы мен жұтылуына мән беріңіздерші – міне, нағыз қайнап тұрған геология. Осы масштабты алар болсақ, адамның үстірт әсері ештеңе де емес сияқты.
Антропоцен идеясы жаңа геологиялық термин ретінде, озон қабаты жөніндегі жұмысы үшін Нобель сыйлығын алған атмосфера химигі Пауль Крутценмен түсіндірілді. Сонла бұл не? Бұдан 11 мың жыл бұрын мұз еріп, температура жоғарылап, тұрақталған соң әлем біршама өзгерді. Қазір біз соңғы 300 жылда қоршаған ортаның тұрақты жағдайы әсерінен жаңа даму үстіндегі өркениетте өмір сүріп жатырмыз.Ал, шамамен 200 жыл бұрын ықпалы байқалмаса болмайтын өзгерістер пайда бола бастады. Өнеркәсіптік көтеріліс басталмай тұрып, ол эффект соншалықты үлкен болмаған-тын. Стратиграфияға сүйенсек, антропоцен 1950 жылдары басталған болуы мүмкін – дәл осы нүктеде Жердің тарихы тағы бір рет бөлінді.
Бұған қандай дәлелдер бар?
Стратиграфия – жер қабаты мен оның жасын зерттеуге арналған геология бөлімі.
Жаңа заттар мен материалдар
Біз, стратиграфтар, қоршаған ортаның өзгерісін геология терминдерінде қарастырамыз, түсінікті заттарды – минералдар, түрлер, жансыз заттарды талдаймыз. Біріншіден, біз бұның алдын Жердің тарихында болмаған заттектерді жасадық. Мысалы, алтыннан басқасы дерлік, барлық металдар басқа элементтермен бірігеді. Адамдар алюминий, титан, молибден сияқты, табиғатта таза күйінде кездеспейтін металдарды жасады. Біз оларды бөліп, жүз мыңдаған тоннада өндіре бастадық. Мысалы, XX ғасырдың ортасынан шығарылған алюминий көлемі соншалық, оны асқа пайдаланатын фольга ретінде АҚШ-тың барлық территориясы мен кішкене Канаданы жабуға болар еді. Металдардың эволюциясын елестетейік: ашық ғарышта олардың саны он шақты болса, жұлдыздар мен метеориттерде 250-ге жақын түрлі метал қалыптасты, тіршіліксіз Жерде 1,5 мың, оттегілі атмосферадағы Жерде 4 мыңға жуық затты сануға болар еді. Біз геологиялық түсінікте ауытқушылық болып табылатын, мүмкін, тағы бірнеше мың түрін жасаған болармыз.
Бұлан басқа да көптеген жасанды заттек пен материалдар бар: қаттылығынан алмаздан кем түсе қоймайтын - бор нитриді; қалам жасауда қолданылатын (BIC Crystal-дың өзінде ғана 100 млрд-қа жуық қалам жасалған) вольфрам карбиді; көміртекті талшық; графен; керамикалық материалдар; шыны; полимерлер; пластик. Олардың қаншамасы жасалынды? Ешкім де есептей алмайтын шығар.
(Жалғасы бар...)
Құралай Исаева
Пікір қалдыру