Алматы облысының әкімдігі жетім балалардың баспаналы болуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Шығыс» шағын ауданында жетім балаларға арналып тұрғын үй салынып жатыр, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
60 пәтерлік коммуналдық үйдің 28-і бір бөлмелі, 32-сі екі бөлмелі пәтерлер болмақ. 2014 жылғы тамыз айында басталған бес қабатты тұрғын үй құрылысы биылғы жылы аяқталуы тиіс.
Жалпы сметалық құны 348 946,530 мың теңге болатын нысанның құрылысын бас мердігер компания «Шымыр» ЖШС жүргізуде. Бас жобалаушы «Арлан –Жоба құрылыс» ЖШС. Құрылыс жұмыстарына 80 адам жұмылдырылған.
Құрылыс жұмыстары аяқталған соң бұл пәтерлердің барлығы да жетім балаларға берілетін болады.
Оған қоса жуырда облыстық мәслихаттың кезекті ХV сессия отырысында бюджет есебінен 646,9 млн. теңге бөлініп, бұл қаржыға Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен жетім балаларға арнап 100 пәтер сатып алу жоспарланып отырғаны мәлім болды.
Аталмыш шаралар толығымен жүзеге асырылғанда облыстағы қамкөңіл балалардың көпшілігінің баспана мәселесінің түйіні тарқатылады деп межеленуде.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру