Тақ таластық пен бақталастық: Зеленский жеңіп, Порошенко премьер-министрлікке келуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20190419110400242_small.jpg

21 сәуір күні Украинада президенттік сайлау өтеді. Қазірдің өзінде мұнда алапат ақпараттық майдан жүріп жатыр. Кім жеңеді? Владимир Зеленский ме, жоқ әлде қазіргі президент Петр Порошенко ма? Соңғы зерттеу қорытындысына назар аударар болсақ, аламан бәйгеде Зеленскийді аты озатынын сауалнама қорытындысы аңғартып-ақ тұрғандай.

 «Рейтинг» әлеуметтік тобының сауалнамасына зер салар болсақ, украиндықтардың жартысынан астамы шоумен жігітке дауыс  беретін сияқты. Сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы Порошенкоға дауыс беруі мүмкін, ал 7 пайызы президенттік сайлауға барудан бас тартатынын мәлім еткен. Сонымен, «аламан бәйгеде аты озады» делініп отырған Владимир Зеленскийге халықтың 73 пайызы дауыс бермек. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл жолғы сайлауға халықтың 80 пайызы қатысуы ықтимал. Сондай-ақ олар Украинаның батысы мен шығыс бөлігі, оңтүстік пен орталық аудандары Зеленскийді толық қолдайды деген пікірде. Ал Украинаның батысында халық таңдауы итжығыс түсуі ықтимал. Сайлаушылардың жас ерекшілігіне қатысты айтар болсақ, шоумен жігітті қолдаушылардың қатары басым.

Бірінші, екінші турда Владимир Зеленскийден екі есе  артық ақша жұмсамақ болып отырған Петр Порошенко шын мәнінде жеңіліске ұшырай ма? Мүмкін.

Енді бірнеше күннен кейін Украинада президенттік сайлау басталады.  Оған дейін неше түрлі болжамдар жарияланады. Кейбір сарапшылар «Президенттік сайлауға ең соңғы нүкте 19 сәуір күні қойылады» деп болжап отыр. Өйткені осы күні президенттікке үміткер Владимир Зеленский мен Петр Порошенко «Олимпийский» стадионында халықтың  алдына шығады. Мұнда сөз сайысында кім жеңеді, 21 сәуір күнгі сайлауда сол үміткердің  бәсі жоғары тұруы мүмкін.

Алайда жеңісті Зеленскийге беріп қойғандар бар. Бұл сенімді де шығар. Дұрыс та шығар. Владимир Зеленский қазірдің өзінде кімді қай лауазымға  тағайындайтынын айтты. Демек, командасын жасақтады деген сөз. «Билікке менімен бірге кәсіби мықты мамандар мен ақылдылар келеді»,– деді ол.

Ал бірқатар сарапшылар «президент Порошенко бұл сайлауда ұтылады да, келесі парламенттік сайлауға дайындалады» дегенді де айтып отыр. Сондықтан ол болашақтағы парламенттік сайлауда басым дауысқа ие болады да,  премьер-министрлікке келеді. Бірақ бұл қаншалықты ақиқатқа жақын? Оны уақыт көрсетеді. Ал біздің қазақстандық сарапшылардың басым көпшілігі «билік басына Қазақстан үшін Петр Порошенконың келгені тиімді. Өйткені қазіргі уақытта ол Владимир Путиннің билігін барынша сынап отырған және бірден-бір қарсы тұрған тұлға» деп отыр.

Ескерте кетейік, 31 наурыз күні өткен президенттік сайлаудағы бірінші турда Зеленский 30,24, ал Порошенко 15,95 пайыз дауыс алғаны белгілі.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар