Күні кеше ғана «Қамшы» порталында «
Қазақстанға құпия қару қолданылып жатыр ма?» атты мақала жариялаған болатынбыз. Онда соңғы уақыттарда орын алған тылсым апаттар мен себебі анықталмаған ауру-індеттер туралы баяндалған еді. Мәселен, Калачи ауылындағы ұйқы дерті, Ақбөкендердің жаппай қырылуы т.б. деректер келтірілген. Арада бір күн өтпей жатып, тағы бір суық хабар Атырау облысынан келді. Атырау облысындағы «Ақ Жайық» табиғи қорығының территориясында орналасқан, Орал өзеніне құятын бірнеше канал маңынан жаппай қырылып қалған, өлі балықтар табылған. Бұл туралы Атырау облыстық табиғи қорықты қорғау прокуратурасының прокуроры Қайрат Утеулиев Қазинформ тілшісіне баяндаған. «Қазіргі таңда канал маңынан торта шабақ, тыран балық, табан балықтардың өлекселері табылған. Қазір ол жерге экологтар мен арнайы мамандар шақырылып, судың химиялық және табиғи құрамын зерттеу жұмыстары жүргізілуде»,-дейді Қайрат Утеулиев. Естеріңізде болса, қазақ даласының жез киіктері жаппай қырылып, саны 120 мыңнан асып жығылғанда, мамандар киікіктердің қырылу себебін – күпті болған деп қорытындылаған еді. Енді балық қырғынына не дер екен?.. Нұрзат Тоғжан
Пікір қалдыру