Ақтөбе облысында 19 жастағы студент жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Бойжеткеннің мүрдесін Бадамша ауылындағы бір үйдің моншасынан тауыпты. Марқұмның туыстары болса, қызымыз ол үйге бармақ түгілі, тіпті жақын араласқан көршілеріміз де емес деп отыр. Сараптама кеудесінен тізесіне дейін дымы қалмай күйіп қалған қыздың иістен уланды деп қорытынды шығарған. Алайда, марқұмның жақындары мұнымен келіспейді. Олар біреулер қылқындырып өлтіріп, сосын үстіне ыстық су құйған деп отыр. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Жұлдыздың жасы небәрі 19-да болған. Отбасындағы үш баланың кенжесі әрі жалғыз қыз. Ауылындағы колледжде аспаз мамандығына оқып жүріпті. Сырқаттанып жүрген анасына қолқабыс болсын деп, сондағы дәмханада жұмыс істеген.
«Мен нкеліспеймін, ол деген өлім. Мен ешқандай қызымды қия алмаймын. Ол өзінен өзі барып біреудің моншасын жаға алмайды. Біріншіден, арақ ішпейді, темекі тартпайды, ол қалай біреудің моншасына баратынын айта алмаймын», - дейді марқұмның анасы Кенже Төлешова.
Оқиға Бадамша ауылында болған. Жақындарының айтуынша, Жұлдыз түнгі сағат 1-де дәмханадан жұмыстан шыққан. Ал өлі денесін ертесіне күндізгі сағат 11-лерде табады. Тауып алған - моншаның қожайынының ұлы екен. Ол жерге Жұлдыздың қалай барғаны, кіммен барғаны жақындарына әлі күнге - жұмбақ.
"Қарындасымды біреу шақырып алған или даладан әкеліп, үстіне ыстық су құйған. Сол себепті қайтыс болған. Енді заключение беріп тұр, «угарный газ» деп. Иесі айтады, «менде бәрі жақсы істейді, печка да дұрыс, «действующая баня» деп тұр!" - дейді марқұмның ағасы Марат Төлешов.
«Енді, күмәніміз бар, әдейі өлтірген шығар... Қылғындырған сияқты, мойынында бір іздер тұрған сияқты», - деп айтады марқұмның жеңгесі Жұмагүл Төлешова.
Қайғылы жағдайдан бері 10 күн өткен. Бірақ, ағайындары әлі күнге тергеушілерден мардымды жауап ала алмай жүрміз дейді. Істің түсініксіз тұстары көп екенні айтады.
"Маған қоңырау шалып жүрегі тоқтап қалды деді. Енді мына қағазда газбен уланды деді", - деп айтты Кенже Төлешова.
Әділдік іздеген Төлешовтер прокурорларға шағымданбасқа амалымыз қалмады деп отыр. Өйткені, тергеушілер істің мән-жайымен таныстырмақ түгілі, қылмыстық істің қай баппен қозғалғанын да айтпапты.
"Жазбаша арызды біз қабылдадық, тиісті тәртіппен тіркеледі. Сосын, заңда бекітілген мерзімде арыз қаралып, қылмыстық іс міндетті түрде зерттеледі", - деп мәлімдеді облыстық прокуратура тергеу басқармасының басшысы Тимур Қыдыралин.
Жұлдыздың жақындары оның ақжарқын, пысық, оғаш қылығы жоқ, ерке болғанын айтады. Колледжді аяқтап, дипломын алуына да небәрі санаулы уақыт қалған екен.
Марқұмның жақындары бойжеткен иістен уланып өлді дегенге мүлдем сенбейді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына да күмәнмен қарап отыр. Сондықтан, мәйітке эксгумация жасауға арызданып қойған.
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру