«Ашық үкіметті» енгізу. Мұны Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасындағы маңызы зор тапсырма десек те болады. Осы орайда Елбасы бұқарамен ашық диалог орнатып ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы міндетті іске асыру мақсатында еліміздегі өңірлер арасында алғаш болып облыс әкімдігі жанынан «Оңтүстік» ақпарат орталығы құрылып, облыстағы жауапты тұлғалар мен сала мамандары БАҚ өкілдері алдында халыққа атқарылған жұмыстарын баяндауда. Бүгінгі брифингте облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Елшиева биыл өңірде 23,6 млрд теңгеге 101 білім нысанның құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 67 білім нысанының пайдалануға берілетіні айтты. Оның 49-ы мектеп, 13-і балабақша, 5-і қосымша құрылыс. Сондай-ақ, облыстағы апатты деп танылған 48 мектептің 33-інде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, төртеуі ел игілігіне берілген. Ал, 29 нысан биыл аяқталса, 15 мектептің мәселесі 2016 жылы шешілмек. Басқарма басшысы баспасөз мәслихатында үш ауысымда оқитын 25 мектептің бүгінде бесеуінің құрылысы жүргізіліп, ағымдағы жылы тапсырлатындығын, 2017 жылға дейін үш ауысымды мектептер саны жойылатынын баяндады. Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі