Мамырдың алғашқы таңы әдеттегіден айрықша ажарланып атқан секілді көрінді бізге. Ақын жырлағандай, «он бір ұлы бар үйдің жасанған бір бойжеткені бой көрсеткендей сұлу мамыр мезгілінің кереметіне көз тоймайды». Төбеден мейірлене төккен арайлы күннің шапағы аймақ-атырапты тегіс шаттыққа бөлегендей. Көкке қалықтаған көңілді әуен бүгін ерекше мейрам екенін сездіріп тұр. Леңгір қаласындағы Төлеби алаңына қарай қала тұрғындары асығып келуде. Төле би бабаның ескерткіші тұрған орын жасанды сахна секілді. Өнерпаздар әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй төгуде. Иә, биылғы мереке басқаша форматта аталып өтті. Алаңда халықтар достығын паш ететін стенділер мен плакаттар, көрме заттары көздің жауын алады. Мәдениет сарайының маңында тігулі тұрған қазақы киіз керемет безендіріліпті. Әсіресе, ұлттық киім киген қыздар мен жігіттердің жүріс-тұрысы қандай жарасымды. Киіз үйден былай қарай Төлеби аудандық түрік мәдени орталығы өздеріне берілген бұрышты безендіруге бар өнерлерін салыпты. Мұнан кейін неміс-славян, курд, өзбек мәдени орталықтары жайғасыпты. Көрмеде әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігін айқындайтын қолданбалы өнер туындылары, тұрмыстық салт- әдет-ғұрыптары бойынша пайдаланатын заттары, ұлттық тағамдары, басқа да көне бұйымдары жайғасқан. Әрбір ұлттық мәдени орталықтың қасында ұлттық киімдегі этнос өкілдері ән шырқап, би билеуде. Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғынбеков бастаған бір топ комиссия мүшелері аудандағы ұлттық мәдени орталықтар ұсынған көрмелерді аралап, тиісті бағасын берді. Мұнан кейін салтанатты шара басталды. Аудан басшысы алаңға жиналған леңгірліктерді ұлық мейраммен құттықтап сөз сөйледі. Аудан өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан бірқатар ұлттық мәдени орталықтардың мүшелеріне алғыс хат табыс етті. Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Әтірхан Шыңғысбаев және бірқатар мәртебелі меймандар құттықтау сөз сөйледі. Алаңға жиналғандар үшін мерекелік бағдарлама ұсынылып, шара соңы жаппай серуенге ұласты.
"Аймақ тынысы"