Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков 16 өңірден 135 506 қол жинаған, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтының дерегін негізге алып.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов коммунистердің атынан сайлауға түсетін үміткердің кандидатқа қойылатын талаптарға сай екенін атап өтті.
"Аумақтық сайлау комиссиясыларының хаттамаларында сәйкес, Жамбыл Ахметбеков 16 өңірден 138 294 қол жинады. Оның 135 506-сы есепке алынды", - деді Мелдешов ОКС отырысында.
Жамбыл Ахметбековке Қазақстан президенттігіне үміткердің куәлігі табысталды.
Брифинг барысында Қазақстан коммунистік халық партиясының кандидаты қол жинауға аз уақыт берілгенін, бірақ оған қарамастан бұл міндетті орындағанын жеткізді.
Сондай-ақ, Жамбыл Ахметбеков өзінің өмірлік жолын баяндап берді.
"Мен ауылдан қалаға келген кезде үй жалдап тұрдым. Ол қаладағы Лесозавод ауданында болатын. Батпақтың арасымен жүрдік. Партиямыз парламентке өтіп, депутат болып сайландым. Қазір қызметтік үйде тұрып жатырмын. Анам менің қолымда. Отбасымда 7 адам бар", - деді ол.
Президенттікке үміткер жеке басында үй жоқ екенін, ал қымбат көлікті несиеге сатып алғанын айтты.
"Қазір өзімнің жеке үйім жоқ. Жұбайым - мұғалім. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама арқылы алдымен жалға берілетін, кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған баспана алдық. Оның ақшасын төлеп тұрамыз. Бірақ ол біздің атымызға түскен жоқ. Әлі біраз ақша төлеу керек. Алдында итеріп жүргізетін Toyota Camry көлігім болды. Оны сатып, несиеге 2013 жылғы Toyota Highlander көлігін алдым. 3 жыл несиесін төледім. Одан басқа бизнесім, жеке мүлкім жоқ", - деді кандидат.
Ұсынған: Әсел Болатқызы