«2020 жылға қарай қалалық және ауылдық жерлердегі балалардың бәрі мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылуы керек. Бізде ол үшін барлық мүмкіндік бар, әлеуетіміз жоғары, мемлекеттік-жеке меншік әріптстік – бәрі бар», - деп еске салды Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы «Нұрлы жол» атты кезекті Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар тапшылығын барынша азайтуды тапсырды. Ол үшін Президент 20 млрд. теңге қосымша қаражат бөлуді бұйырды. Демек, көп ұзамай ондаған балабақша ашылады деген сөз. Бұл балабақшаларды ашу барысында жергілікті органдар мектепке дейінгі осы мекемелерде жұмыс істейтін тәрбиешілер мен меңгерушілердің кәсіби деңгейін де назардан тыс қалдырмауы шарт. Осы орайда Сайрам ауданында 160 орынды жаңа балабақша пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған екі қабатты «Бақдәулет-Гриб» балабақшасында 40-қа жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Балғын балаларға қуаныш сыйлап, мектепке дейінгі мекемені салуға демеушілік жасаған — жеке кәсіпкер Сиқымбай Сағындықов. Үш тілде білім беретін балабақшада өрендердің алаңсыз тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Мұнда елдігіміз бен бірлігімізді дәріптейтін түрлі үйірмелер мен балғындардың салауатты өмір салтын ұстануына арналған ойын алаңшалары да қамтылған. Жалпы, биыл облыс аумағында балғындарды балабақшамен қамту мақсатында жыл соңына дейін 12 мың баланы қамтитын 95 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға беріледі. Оның 48-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылмақ.