Акагава Дзироу 1948 жылы Жапонияның Фукуока префектурасында дүниеге келген. Дохо жоғары мектебін бітірген соң компания қызметкері боп жұмыс істейді. Он бес жасынан әңгіме, мақала жазумен әуестенген Акагава өзге мамандықтың иесі бола тұра қаламын қолынан бір сәтке тастамайды. 1976 жылы прозалық туындылары үшін «Оуру Йомимоно Кайки Шоусетсу Шиндзин» деп аталатын әдеби сыйлықты иеленеді. 1978 жылы компания жұмысын біржолата тастап, бар өмірін шығармашылығына арнайды. 1980 жылы «Жаман әйелге арналған реквием» туындысы үшін оған Кадокава әдеби сыйлығы тапсырылады. Ал 1985 жылы «Орынбасарсыз өткен дүйсенбі» деген кітабы Наоки сыйлығын алған.
Ең алғашқы «Ghost train» деген әңгімесінен бастап, Акагаваның көптеген туындылары оқырманның сұранысына ие болып, сыншылар тарапынан зор бағаланған. «Ghost train» 1976 жылы жарыққа шыққан соң «Бунгей шунджу» әдебиет компаниясы тағайындаған «Жылдың ең үздік әдеби туындысы» грантына ие болған.
Акагаваның «Жатын бөлме жанындағы оқиға», «Аспаннан жеткен дауыс» деген повестерінің негізінде аниме мен манга (балаларға арналған суретті кітап) құрастырылып, мультипликациялық фильм түсірілген. «Фукуту Кикандзу матросы» деген әлеуметтік-реалистік туындысы көркем фильмге негіз болды.
Акагава Дзироудың шығармаларында реалистік пафос пен мистикалық астарлау басым. Сөйлемдері қысқа да, нұсқа. Көркемдік бейнелеу, метафора, символ тәрізді әдістерден қашу байқалады. Акагава қаламына тән басты ұғым — нақтылық. Постмодернист болғандықтан жазушы туындыларынан инверсия, философиялық толғаныс, психологиялық шегініс, ой ағысы деген кездеспейді.
Акагава Дзироның модернистік шығармаларының бірі «Үрей» романы. Әрқайсысы бөлек-бөлек әңгімеге ұқсайтын роман тарауларындағы оқиғалар ағымы бір-бірімен іштей жалғасып жатыр. Туындының тақырыбы айтып тұрғандай, шығарма детектив жанрында жазылған. Жазушы романына кейіпкер портреті, пейзаж, мінез суреттері мүлдем тән емес. Туынды тұтас әрекетке негізделген. Жаңашыл жапон жазушылары қысқа жазуға тырысады.
Қазіргі жапонның жас жазушысының оқырманға беретіні: диалог пен әрекет. Акагава романында оқиғалардың тоғысуы, шиеленістер жиі кездеседі. Детективтің тірегі — қылмыс және оған қатысты кісілердің әрекетін баяндау болғандықтан, Акагава «Үрей» романында капитализмнің бет пердесін қарапайым түрде ашуға тырысқан. Жазушы капиталистік қоғамның бар болмысын елес арқылы көрсетеді. «Жан тыныштығы жоқ, елес кезіп, үрей билеген заман» деген ойды айтады.
Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы