Кәсіпкерлік – зауқың соқса қызмет етіп, қалаған уақытыңда демалатын сала емес. Кәсіппен айналысқан тұлға әрқашан даму мен ізденіс үстінде, өнімді еңбек ету үдерісінде болуы шарт. Егер бұл "тәртіпке" көнуден бас тартса, алға басқан бір қадамы кейін кетіп, ең ақырында құлдырау мен дағдарыстың құрбандығына айналады. Қазіргі нарық талаптары еңбекті екі еселеуді талап етеді. Олай жасамаған кәсіпкер бәсекелестікте ұтылып, өз өнімінің жемісін көру тұрмақ, шығынын өтеу барысында қиындықтарға тап болады. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" деген халық сөзі осы жерде тура келетін іспетті.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі азаматтарға бір пайдасы тиер деген оймен әлемдік аренада жетістік шыңын бағындырған әйгілі тұлғалардың кеңестерін, олардың жетістікке апарар жол деп есептеген қағидаларын ұсынып келеді. Бүгін де сол бағытымыздан айнымай, Джордж Соростың өз тәжірибесінде дағдыға айналдырған 15 кеңесін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
17 жасында туған жерін тастап, батысқа жөнелген, сонда даяшы, бақшада қатардағы жұмысшы болып қызмет еткен Сорос қандай кеңес бермек? Білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз.
"Мен өмірдің заңдылығымен жүргеннен гөрі ол ережелерді өзгерткен дұрыс деп есептеймін"
Адам бір заңдылыққа өзін бағындырғаннан гөрі мүмкіндігі жетсе, өз тақымына дөп келетін ережелермен жүргені абзал. Бұл арқылы "ойыңа не келсе, соны істе" деген үгіт-насихат жүргізбекші емеспіз. Өз құзырың бар жерлерде барлығы өнімді еңбек етуі үшін кей нәрселерді өзгерте білген абзал екенін жеткізу – мақсат.
"Мен өзіме және өзгелерге сыни көзқараста қарайтын адаммын"
Сын – қателіктерді көруге және олқылықтардың орынын дер шағында тоқтата білуге көмектесетін тамаша қасиет. Атақты миллиардер өзіне ешқашан өтірік есеп бермеуді, қателіктерін шынымен мойындай білуді жөн деп есептейді. Оның пайымдауынша, осы арқылы адам өз бойындағы кемшіліктерін уақытында ұғып, оны түзету үшін әрекет етеді.
"Өзгелер қателесуге ұялады, ал мен үшін өз қателіктерімді сезіну – ләззатты дүние"
Қателесу адамзат баласына тән нәрсе. Бірақ қатені уақытында түсініп, оны қалпына келтіру үшін әрекет ету, келесі жолы аталған қателіктерді қайталамауға тырысу барлығына бірдей берілген қасиет емес. Адамдар қателескеннен кейін оны түзету арқылы өзінің шалыс қадамын өзгелер көреді деп қысылғандықтан ештеңе жасамайды немесе қателігін өзі мойындай алмай жүре береді. Сорос өз қателігін уақытында тани білу түсінген адамға ләззат сыйлайтынын айтады.
"Қауіп пен тәуекел бар жерде қызметке деген құлшыныс, өнімділік болады"
Кәсіп саласында болсын, өзге бағытта болсын, адамдар материалдық және рухани тұрғыда дағдарысқа түсуден қашады. Бұл – дәлелденген қағида. Демек, өзіңізді еңбекке итермелей түсетін осынау бір осал тұсыңызды мықтап пайдаланғаныңыз жөн. Бірінші деңгейге бір-ақ түсіретін қаупі бар немесе тәуекел ету қажет әрекеттермен айналысыңыз. Бір нәрсеге мән бергеніңіз абзал. Сіз қауіпке бас тіккен немесе тәуекел еткен дүниенің жоспарлы түрде орындалған уағында өзіңізге табыс әкелетін болуын естен шығармау қажет.
"Мен жұмыс істегенді ұнатпаймын. Тек қана шешім қабылдауға қажетті ең төменгі шектегі тапсырманы орындаймын"
Адамдар көп жұмыс жасау жетістікке жеткізеді деп ойлайды. Шын мәнінде мүлде олай емес. Адам ақылмен жұмыс жасап, барлығын жоспарлы түрде орындаған кезде ғана жетістікке жете бастайды. Демек, барлығын мақсатыңызға орай, ақылды түрде жасауға бет бұрыңыз.
"Қажет кезінде бар күшімді сарқып жұмыс жасаймын"
Кез-келген адамда құлшыныс артып немесе төмендейтін уағы болады. Адамның құлшынысы еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді. Бірақ күнделікті стандартты жұмыс жасау ешқандай пайда әкелмеуі мүмкін. өз уақытыңызды тиімді пайдаланып, құлшынысыңыз артып тұрған мезгілде өнімді жұмыс жасауға дағдыланыңыз. Бұл арқылы сіз өз салаңызда жетістікке жетуге бағыт аласыз.
"Мен әрқашан тұйық болдым. Бұл маған қаржылық әлеуетімді көтеруге көмектесті"
Тұлғаның мінезі ашық болуы немесе барлығын өзгелермен бөліскісі келіп тұратын қасиеті кейде оның даму жолында кедергі болатыны бар. Сорос өзін біраз нәрсені құпия ұстауға, жоспарлаған ісін орындалмайынша ешкімге айтпауға дағдыланғанын айтады. Оның пайымдауынша, дәл осы "тұйықтық" адам дамуына біршама жақсы әсер етеді.
"Алдымен жақсы өмір сүруге сосын пайда табуға ұмтылдым"
Қазіргі қоғамда бірінші орында ел қатарлы өмір сүру тұрады. Үлкен қалаларда жеке баспанаңның болуы, жеке көлігіңнің болуы секілді қажеттіліктерге қол жеткізу арқылы еш уайымсыз пайда табу жолына түсуге болады. Ойланыңыз. Сіз ай сайын пәтерақы төлеп, таксимен жүріп-тұратын болсаңыз, қор жинауға мүмкіндігіңіз болады ма? Әрине, жоқ. Сондықтан, өзіңіздің тұрмыстық қажеттіліктеріңізді толықтырып қоюға тырысыңыз.
"Адам өміріндегі қателіктер биологиядағы мутация және эволюция үдерісі секілді"
Жоғарыда да айтып өттік, қателік адам дамуына әсер ететін бірден-бір фактор. Әлемдік аренада жетістік шыңын бағындырғандардың көпшілігі өмірінде жүздеген қателіктерге ұрынғандарын, сонан соң тура жолды тапқандарын айтады. Демек, қателесуден қорықпау қажет. Тек қана тура жолды табуға ұмтылмақ шарт.
"Мен өзгелер ұсынған ережелерді қабылдамадым. Егер солай жасағанда, өмір сүрмес едім"
Жер бетінде қанша адам болса, әрбірінің ешкімдікін қайталамайтын өз жолдары бар. Сол жолда жетістік шыңының қай тарауда жатқанын да ешкім білмейді. Өйткені, ол ір адамда әртүрлі тораптың төрінде орналасқан. Түрлі кеңестерден тек қана тәжірибе жинауға болады. Бірақ тура біреудің кеңесі арқылы жүру – қате бағыт. Өзіңіздің тәжірибеңіз бен өзгелердің пікірлерін тыңдай отырып, өз жетістігіңізге апарар даңғылды тапқаныңыз абзал.
"Мен ризашылық пен лайықты болуды көп шатастырдым"
Әлемдегі кез-келген кісінің ризашылық пен мақтауға, марапаттауға қуанатыны анық. Олар көп жерде өзіне лайық марапат алып жатырмын деп ойлайды. Дегенмен, қазіргі қоғамда көп адам өзінің дәрежесіне лайық емес мақтауларға ие болып жатады. Бұл – күндеу немесе көреалмаушылық емес. Тек қана осы жағдай адам дамуының кері кетуіне тікелей әсер ететінін ұмытпау керек. Марапаттан бас тартпаңыз, десе де, оның буына ұрынып, өзіңіздің қарқыныңызды жоғалтып алмағаныңыз абзал.
"Мен ақшаны былай таптым: тек қана қаржы нарығында болып жатқан өзгерістерді мезгілінде түсінуге тырыстым"
Сорос осылай дейді. Бұл қағида тек қана қаржы нарығында емес, барлық салада қызмет жасайды. Өз бағытыңыздағы жаңашылдықтарды жедел тануға ұмтылып, соларды өз пайдаңызға оңтайлай түссеңіз, нұр үстіне нұр. Жаңашылдықтар дәуірінде әрбір өзге нәрсенің сұранысқа ие болатыны, ал сұраныстың артында қыруар қаражат жатқаны айтпаса да түсінікті нәрсе.
"Жетістікке жету үшін түрлі адамдармен сөйлесетін бос уақыттардың көп болғаны жақсы"
Қазіргі қоғамда адамдардың көпшілігі жұмыстан бас алмай, ауыр графикпен қызмет етеді. Бұлай жұмыс жасау адамның даму мүмкіндіктерін шектейді және өзге бағыттарды сынап көруден айырады. Соростың кеңесіне құлақ түрсек, ол адамдармен көп сөйлесу, өзіңе жаңа бір орта ашу арқылы ғана жетістікке жедел жетуге болады екен.
"Ақша – жетістікке жету жолындағы бір ғана қажеттілік. Ақшаның кей жағдайларда пайда ғана емес, зиян да тигізетін кездері болады"
Ақша барлық кедергіні шешетін құдірет емес. Есіңізде болсын, барлығы ақшаға келіп тірелмейді. Ақша – қажеттілік. Орынымен тауып, орынымен жұмсау қажет.
"Сенің дұрыс немесе бұрыс екенің түк те маңызды емес. Маңыздысы – қанша пайда тапсаң дұрыссың, қанша дүние жоғалтсаң, қате жолдасың"
Соростың бұл сөзі көп нәрсені айқындап береді. Ол қателіктер мен дұрыс жолдың саған әкелер материалдық һәм рухани пайдасымен есептелетінін бір ауыз сөзге тамаша сыйдыра білген. Бұл – өмір шындығы.
Пікір қалдыру