Алма Түсіпбекова. Есіміңді(кешір мені) ұмыттым, телефонды өшірмедім бірақ та...

/uploads/thumbnail/20170708181121938_small.jpg

Түсіпбекова Алма Ақылбайқызы 1978 жылы 17 қыркүйекте Қарағанды облысында  туған. 1999 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік және  2004 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Заңтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолы 2003 жылы  Жезқазған қаласының №22 орта мектебінде  қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген. 2005 жылы отбасы жағдайына байланысты Қарағанды облысыны ауысып, 2005 жылдың желтоқсанын бастап Қарағанды облыстық сотының бас маманы, одан баспасөз қызметінде жұмыс атқарған. Адал және мәнсіз қызметі үшін 2012 жылы ҚР Жоғарғы Сот Департаментінің «Сот жүйесінің үздігі»  төсбелгісімен марапатталған. 2013 жылдың бастап ҚР Жоғарғы Сотының

 

бас консультанты, бүгінде «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Бюллетенінің»  бас редакторы. Республикалық және жергілікті басылымдарда сот жүйесіне қатысты және әр алуан тақырыпта мақалалары, өлеңдер, әңгіме, очерктері жарияланып келеді. Атап айтқанда, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жұлдыз журналы», «Үркер журналы» «Заң газеті» «Заңгер журналы», «Орталық Қазақстан» басылымдарында біршама өлеңдері мен мақалалары  және новеллалары жарық көрді. 2009 жылы Қарағанды қаласында өткізілген «Қасым Аманжолов атындағы мүшәйраның лаураты, 2014 жылы республикалық «Фариза Оңғарыснова» атындағы мүшәйраның жеңімпазы. 2015 жылы «Жанарымдағы жазу»  атты кітабы жарық көрді.

250318_1529321027_DSC_2432 Қыран болшы, көкке қанат қағар шын(балалар күніне арналған)  

Шаттанғаның – баға жетпес жеңісім, Сен сүрінбе, сүрінейін сен үшін. Биіктердің бәрі лайық – бір саған, Жарар маған – еңісің!..   Тілің – балдай, шекердейін тәттісің, Алыстарға құлаш ұрғын, ақ құсым. Тірлік маған бере берсін ащысын, Саған берсе болғаны да – жақсысын.   Көңіліңде орын болмай күйікке, Сен жете ғой, мен шықпаған биікке. ...Балапаным, жүрем әр кез сыртыңнан Сырларыңды байқап, ішке түйіп те...   Ақкөңілсің, балапаным, адалсың, Қыран болшы, көкке қанат қағар шын. Табаныңа сенің шөңге кіргенше, Мына менің маңдайыма қадалсын!   Өзің тоздыр жақсысын да – киімнің, Өзің тоздыр жақсысын да – бұйымның. Тіршіліктен тілеп жүріп алатын, Бағалысын тілеп тұрам сыйыңның.   Орындалсын арманың мен тілегің, Жақсылыққа қоныс болсын – жүрегің. ...Мекен еткен сәл мұңдылау жыр елін, Асыл анаң – қашаннан-ақ тірегің.   Бір күніңнен шуақты боп бір күнің, Тамашаға толы болсын тірлігің. Жанымды да берер едім сен үшін, Сен аман бол, сен аман бол, құлдығым!..  

Ақ қанатты періште!..  

Жаратқаннан жеткен маған құс па едің, Мейірімнің биігінен түспедің. Жазылмауға хақым менің жоқ, білем, Жанға шипа, дертке дауа күшті емің.   Мекен етіп аурухана төсегін, Күн санадым, қауіпті боп кеселім. Ертеңіме қол создырдың сонда сен, Пейіліңді табаныма төседің.   Дертті болған, сан қиналған кездерім, Мына өмірден шұғыланы сезбедім. ...Дәрігерді дем беруші десе егер, Сөздеріне сенем енді өзгенің.   Таусылды деп  талғажауым тірлікте, Көз тіккенім – көкжиекте бір нүкте. Дәрігерім, араша боп жаныма, Қасіретті қуған едің күндікке.   Кездерімде шыбын жаным қиналған, Жанарымның шарасына сыйды арман. Сенің емің, қайрат берген сөздерің, Маған – өмір, тірлік болған, сый болған.   Деп ойлаушы ем: Күйредім де, жайрадым, Жігер бердің, намысымды қайрадың. Қайта оралып елес болған ертеңім, Үмітімді үкіледім, сайладым.   Дертті болып, жиналғанда шер ішке, Жақсы жандар қолдаса егер – теріс пе? ...Дәрігердің екінші аты – мен үшін Ақ қанатты періште!..

  Келер ме екен, қанатымен тырнаның?..

Тырна келді тыраулап, Тырна үнінен құлын-сезім бір аунап. Қоя берді күлдір-күлдір кісінеп, Сонау жылдың жанарынан сыр аулап.   Көкте-тырна. Ұшып барад тізіліп, Көп қарадым соңдарынан сүзіліп. Сағыныштың салдарынан, түскені, Жанарымнан жалғыз тамшы үзіліп.   Тырна, тырна. Қағып баяу қанатын, Есіме сап ұмыт болған ән атын. Жан сырымды жария қып жалғанға, Көбейтуде мұңдылардың санатын.   Ұзатып сап тырналардың тізбегін, Ескі күннен мөлдір елес іздедім. ...Сартап болған санамдағы сол күннен, Табатын ем жүрегімнің ізгі емін.   Бір сырымды мен де айтайын-Есілге: Күз күнінде, кербез Кеңгір кешінде. Біз екеуміз қоштасатын күні де, Тырналарды көргеніміз-есімде...   Тырналарға көп қарадық, күрсіндік, Содан бері мұңлы өмірді бір сүрдік. ...Бір білгенім-тырналардың үнінде Бар екені ақиқат жай-тылсымдық.   Жылап ағып жылы ағысы жылғаның, Қалтыраумен қалтарыста тұр бағым. Сезімімді самғататын сол күндер, Келер ме екен, қанатымен тырнаның?.. ...Қасірет-ай, кеудем астын тырнадың...  

Қателік  

Жолыққанбыз бекер біз, Қателесіп кездескен-ақ екенбіз. Бақыт тілеп қоштасқанмын сенімен, Енді біздер-бейтаныспыз, бөтенбіз.   Ұсынатын өрі менен өкпегін, Ол күндерден алар еншім жоқ менің. Гүл сыйламай, мұң сыйлап ең, есімде, Тереземді қақпашы енді, өткенім.   Жол ұсынса жаратқаным бұралаң, Тағдырыма қалай қарсы тұра алам? Соқпақтарда сан сүрінгем, құлағам, Жабырқағам, жылағам.   ...Секілдіміз сезімдіге жат елік, Тастады өмір құз басына әкеліп. «Жалған» деген бірінші аты-өмірдің, Екінші аты-қателік.   Үкілі үміт-бұл пенденің таңғы асы, Көңілімнің көк кептері, самғашы. Ақ түстерді аспан менен қойды алып, Қара таңба-тағдырымның таңбасы.   Осылайша басқа түскен ноқта-өмір, Қара таңба қара түнмен топта бір. Азабыңның болады ма ақыры, Айналайын, көк тәңір!..   Санам менің толса-дағы сұраққа, Менің үшін сенің атың - жырақта. Есіміңді (кешір мені) ұмыттым, ...Телефонды  өшірмедім бірақ та...  

Шошытпа мені

Белес боп қалып - биік дегенім, Шағылды тауым тағы да. Өсек-өмірге күйіп беделім, Құлағам көз жас қағына.   Осылай мен де құлап-тұрғанмын, Жігерді жанып жырыма. Қайғыны сосын... лақтырғанмын, Өткен күн деген ұрыға. Тұрғанмын.   Сосын қадам жасадым, Алдағы аппақ тілекке. Тап болып залым- заманға сағым, Түсірдім жүкті жүрекке.   Ақ таңға айттым армандарымды, Үзе алмай жібін үміттің. Жаратқан басқа салғанда мұңды, Өмірдің сырын шын ұқтым.   Шаттық шеңбері шақырды мені, Тырмыстым  алға... тістеніп. Тағдырдың мынау, ақырғы кегі, Шошытпа мені, түске еніп.   Қол создым талай құлаған жанға, Тағдырдың көрген талайын. ...Сақтаған маған сыбағаң бар ма, Алдағы күнім-арайым?..  

Көгершін елес

Көз салатын өз бағыңа, қолдағы, Жаратқанның жазуына  не дерсің? ...Қос қанатын баяу қағып, қонғаны, Тереземнің алдына кеп, көгершін.   Арын сатқан мансап пенен мінбеге, Адамдардан іздейді ме арайды? Қозғалысы тоқтамайтын түнде де, Көше жаққа  жаутаң қағып қарайды.   Аяулыны айналдырар  аярға, Күткені не, күлдібадам көшеден? Құс көңілі не нәрсеге қаяулы,ә, Кермек мұңды татқандайын кеседен.   Ақ шуағын әкеледі таңдар қай, Шат-тірлігің берер ме екен жиғанын? ...Жер бетінде жем шашатын жан қалмай, Торыға ма? Сыры маған беймәлім.   Қамықты екен, қайғырды екен несіне? Отыр әлі көңілсіздеу, бұйығы. Оралды ма, түсті ме екен есіне, Өткен күннің өрті менен күйігі.   Қос жанарын жұма қойды міне, енді, Көше жаққа қарады да, қамығып. Сол бір сәтте жан-әлемім түнерді, Жыр-жүрегім ауыр ойдан жанығып.   Кербез-керім күндеріме келесі, Ой салатын осы жайға не дерсің? Өткен шақтың шығар, бәлкім, елесі, Тереземнің алдындағы көгершін?.  

БІРЛІК – ҚАЗАҚ ҰҒЫМЫ

  Жалғастырар кешегі мен бүгінді, Ақ пейілі – ұрпағына  мұра да. Қарсы болма, «бірлік» деген ұғымды Шығарған ел – қазақ болар, сірә да!..   Бар адамды бауыр деген, дос деген, Қонағына ошақ оты өшпеген. Даласынан дарыған-ау кеңдігі, Пейілі бар, сыры ешқашан көшпеген.   Бабаларым өсиет қып бірлікті, Ақындары ел достығын жыр қыпты. «Ала болсақ ауыздағы ас кетер» деп, Бірліктен соң ойлаған-ау тірлікті.   Үш жүзімнің дуалы ауыз билері «Бірлік әнін көкірекке түй» деді. «Бірлік» деді, қазағымның әндері, «Бірлік» деді , қазағымның күйлері.   Біріккеннің жыры да – бір, әні – бір, Біріккеннің мәні менен жаны – бір. Толғау әні тоқсан түрлі тірлікте, Бірлік озар, бірлік озар бәрібір.   Тектілігін төрткүл дүние танитын, Даналар – ай! Айтқан сөзі даритын. Бұл сөзіме анық дәлел, қарасаң, Білге қаған, Тоныкөктің тарихын.   Өзге ұғымды өз елімнен кім күтпек? Бауырмалдық биігінде тұрдық тек. Басқа – басқа, баласының атын да, Қояды екен бұл қазекем «Бірлік» деп!   Жалғастырар кешегі мен бүгінді, Ақ пейілі-ұрпағына мұра да. Қарсы болма, «бірлік» деген ұғымды Шығарған ел – қазақ болар, сірә да!..  

Қазағымның екінші аты – кең дала  

Тартса етектен наласы, Бейнетіне төземін. Пейіліндей – даласы, Қазақ елі – өз елім.   Ойы терең теңіздей, Халқым менің – ең дана. Қазағымның ең ізгі, Екінші аты – кең дала.   Тарихына қарасаң- Тәттісінен тұзы көп. Тәуелсіздік, санасаң, Қасиет пен құдірет.   Өзегімді тілгілер, Өткен күннің өкпегі. Еркіндігім-бір күлер, Көңілімнің көктемі.   Сілкір көңіл тозаңын, Сыр ұғарсың таңынан. Қазағым – ай! Өз арын, Биік қойған жанынан.   Әділдік боп – ұраны, Тұратұғын тау – мүсін. Адалдықтың тұрағы, Қонақтатқан таң құсын.   Жалған сөзді айтпаған, Намысшылдық, мәрттігі. Беті жаудан қайтпаған, Батырлығы – шартты ұғым.   ...Тартса етектен наласы, Бейнетіне төземін. Пейіліндей – даласы, Қазақ елі – өз елім!..  

Сүйгеніме шипаңды бер, жаратқан

  Нәзік мұңның таптың – дағы иесін, Қасіреттің тағы жақтың күйесін. Уа, тағдырым! Бар ма азабың тағы да, Жібер маған, сына,  ақынның киесін!..   Қос қолыңды сал да менің жағама, Сілкіле бір! Сезімімді сабала. Толқыныңмен төпеле де тұншықтыр, Лақтыр сосын жағаға.   Сұрамаймын сенен, тағдыр, сый дара, Мен ризамын у себілген сыйға да. Маған жібер, қасіреттің барлығын, Өтінерім – сүйіктімді қинама!   Мен мінезге дей алмаймын – жарлымын, Арқама сал, көтеремін ар жүгін. Өтінерім – сүйіктімді қинама, Маған жібер, қиындықтың  барлығын.   Шаттық күннің кешпестен – ақ шалғынын, Күрсінумен өтіп жатыр бар күнім. Сүйгеніме шипаңды бер, жаратқан, Мейлі, мендік бола берсін зар – мұңың.   Сан сұрағы сарсылтатын сананы, Менің жаным – сынақтардың алаңы. Ұрламашы, жанымды ұғар сол жанды, Тырнамашы, жүректегі жараны.   Тағдыр әлі тартып келед балақтан, Қуанышын  сыйлар ма екен әр ақ таң? ...Сүйіктімді аман сақта, әрдайым, Уа, құлшылық бір өзіңе  жаратқан!..

  Ғұмырымды қылар едім айырбас

  Жаным менің! Сезгенімде дертіңді, Қасірет кеп байлап алды еркімді. Музам менің әкелді де мөлдір мұң, Шемен – шерім өлең болып шертілді.   Тоқмейілге төр ұсынған тіршілік, Екеумізге сала берді қырсығып. ...Көргенімде солғын тартқан жүзіңді, Жаным қалды түршігіп.   Төзімімнің терезесін сындырып, Жүрегіме кеткендейін мұң кіріп. Күміс күлкім күңіренді, күрсінді, Ал, шаттығым жібергені шыңғырып.   Жаратқаным, тебем десең – дайын бас, Тағдырым – ай! Азаптаудан тайынбас. ...Жаным, сенің жалғыз сәттік күлкіңе, Ғұмырымды қылар едім айырбас.   Тағдыр – осы, мызғымайтын тас қамал, Уа, дәрігер, дертке бар ма басқа амал? Асылымның қиналғанын көргенде, Жанарымнан жылжып ағып жас тамар.   ...Оралайын өзің жайлы жайтқа мың: Жаным менің! Не тілейсің? Айт бәрін! ...Құс кеп жатқан көктем еді бұл мезгіл, Бақыт құсы, жөн болмайды қайтқаның!   Келер күннен күтем ізгі мен дерек, Шаттық әні, қала көрме кенжелеп. ...Жаным менен жүрегімнің бөлшегі, Айта көрме «енді маған келме» деп...   Жаным менің, жатырсың – ау қинала, Сен жазылсаң – болмас маған сый дара. ...Асылыма шипаңды бер, шипаңды, Жаратқаным! Лә иллаһи илаллаһ!..

Қатысты Мақалалар