
Бүгін Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол» жолдауын қолдауға арналған халықаралық симпозиум басталды. Халықаралық оқу орнының он жылдық мерейтойымен қатар өткізіліп отырған алқалы басқосуға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Үндістан, Катар, Украина, т.б. мемлекеттерден ғалымдар мен лауазымды өкілдер шақырылған. Жиынның салтанатты ашылуында Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, доктор, профессор Сабри Хизметли баяндама жасап, оқу орнының он жылда асқан асулары жөнінде есеп берді. Түркия Республикасының Алматыдағы Бас Консулы Супхи Атан екі ел арасындағы дипломатиялық ынтымақтастықтың даму қарқыны туралы баяндады. Қазақстан Республикасы Ұлтық ғылым академиясының Президенті, академик Мұрат Жұрынов қазақ-түрік университеттерінің құрылу тарихына тоқтала келе, Қазақ хандығының 550 жылдығына тұспа-тұс келген Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл симпозиум түркі бірлігін паш етуі керектігін атап өтті. Мұрат Жұрынов университет ректоры Сабри Хизметлиді ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан кейін, ТИКА басқармасының төрағасы Сердар Чам, Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, академик Оразәлі Сәбден, Қ.А.Яссауи халықаралық университетінің төрағасы, доктор, профессор Муса Йылдыз сөз алып, қазақ-түрік ынтымақтастығының әр қырына тоқталды. Жиынның ашылу салтанатында Манас атындағы университеттің, Ататүрік атындағы университеттің, Хитит, Кастамону, Тұран университеттерінің, Киев экономикалық университетінің, Памуккале университетінің, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының, Қырғыз экономикалық университетінің, Стамбұл университетінің, Қазан экономика және құқық университетінің, Джевехарлал университетінің, Бахавалпур университетінің ректорлары баяндама жасады. Үш күнге созылатын симпозиум «Алматы: Ислам мәдениеті астанасы», «Орта Азия Ислам мәдениеті мен өркениеті», «Түркі халықтарының ұлттық және рухани құндылықтары», «Орта Азия түркі ойшылдары, ғұламалары және мемлекет қайраткерлері», «Түркі дүниесінің біртұтастығы және ортақ мәдениет саласындағы проблемалары», «Қазақстан Республикасы Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне 10 жыл», «Алматылық тұлғалар: мемлекет, қоғам, өнер қайраткерлері» деген секциялар бойынша жүргізілуде.

Сондай-ақ бүгін Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дипломатиялық мекемелердің басшылары мен қалалық әкімдік өкілдері, танымал ғалымдар мен оқытушылар қатысқан жиында университет деканы Ұлан Абдыкалыков 2015-2016 оқу жылында жоғары балл жинағандарға 105 грант бөлінгенін атап айтты. Оған қоса биыл күндізгі бөлімге түскендерге түгелдей 10 % жеңілдік беріледі. Бұл университетте студенттер аз дегенде 3 шет тілін меңгеріп шығады екен. Кейбір мамандықтар ағылшын тілінде оқытылады. Жақсы оқыған студенттер Түркия мен Қытайдағы оқу орындарында грант негізінде стипендия алып, оқуын жалғастырады. Барлығы он үш мамандық бойынша білім беретін университетте ҰБТ-дан 80-85 балл алғандарға 15% жеңілдік, 86-90 балл болса 20 % , 90-99 балл алғандарға 25%, 100 балл және одан жоғары болса 50% жеңілдіктер белгіленген. «Алтын белгі» иелері төрт жыл тегін оқытылады. Жетім балалар, көп балалы отбасынан шыққандар мен мүгедектерге арнайы жеңілдіктер берілген. Ауылдан келген студенттер үшін үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген жатақхана бар. Университетте Қазақстандық доцент, профессорлармен бірге Америка, Түркия, Қытай, Араб мемлкеттерінен келген оқытушылар жұмыс істейді. Өрісі жылдан жылға кеңейіп келе жатқан халықаралық оқу орнының деканы Ұлан Абдыкалыков биыл ҰБТ тапсыра алмаған жастарды «Халықаралық foundation» бағдарламасына қатысуға шақырды. Салтанатты шара барысында Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетімен әріптестік орнатқан Түркияның Кастамону, Памуккале, Стамбұл, т.б. шет елдік ЖОО-ның басшылары он жылдығын тойлап отырған аталмыш оқу орнының үздік студенттеріне Түркияда оқуға арналған гранттарды тапсырды. Шарафат Жылқыбаева