БҰҰ Қазақстанды тез қартаятын елдердің қатарына қосты

/image/2019/06/13/13d7d7d1e6d02307.png

Әрине, біздің дамуға деген сеніміміздің нық екендігінде дау жоқ. "Бірақ қайсыбір түйінделіп қалған жайттарды ашып-ашып көрсеткеннің артығы болмайды"  дейді сарапшыларымыз. 

Алдымен өмір сүруді жасарту керек Жалпы, адами капиталды дамытудағы ең бірінші қадам ол адамның өмір сүру ұзақтығы және мемлекеттің жас ұрпақпен толығып отыруы. Сауатты адам капиталын жасау үшін ең маңыздысы осы.

Адам өмірінің ұзақтығы жайында  өткенде ғана ұлтымыздың денсаулығына жауапты Денсаулық сақтау министрлігі: "Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 2015 жылы 69,01 жас, 2018 жылы 69,6 жасқа артып, 0,59 жылға өсіп отыр" деген-ді. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы 65 жастан асқан тұлғалар саны 1,1 миллион адамды немесе тұрғындардың жалпы санының 7,14 пайызын құрайды.

Ең қызығы сол, БҰҰ сарапшылары Қазақстанды тез қартаюшы мемлекеттер қатарына жатқызады. Олардың болжамы бойынша 2050 жылы республика тұрғындарының 25 пайызын қарт адамдар құрайды. Ал мамандар "қартаюшы ұлт болудан қорыққан абзал" деседі. 

Бұл ретте академик, Камал Ормантаев: "БҰҰ тегіннен тегін Қазақстанды қартаюшы мемлекеттердің қатарына қосып отырған жоқ. Ресурстық қоры мол Қазақ елі үшін адам капиталын сауатты қалыптастыру идеясының бір бөлігі бала туу көрсеткішін көбейту. Егер  БҰҰ мамандары болжап отырғандай 2050 жылы елімізде қарттардың көрсеткіші 25 пайызға жетсе онда бұған шынымен алаңдауымыз керек. Қарттық деңгейінің өсуі мемлекетімізде еңбекке қабілетті адамдардың көрсеткішінің төмендеуіне апарып соғады.

Мысалы, қазірде біз "қазақ ғылымы қартайып барады" дегенді жиі айтамыз. Расымен де біздің қазақ ғылымында еңбек етіп жүргендердің дені 50-60 жасты құрайтындар.  Ғылымда жастардың қарасы тым аз. Сонда өзіңіз ойлап қараңызшы, қартайған еменнен, жас еменнің берері мол емес пе?! Демек біз үшін қай салада болсын жастардың жасақталуы өзекті. Бұл адам капиталының сауатты қалыптасуына оң ықпал етеді. Сондықтан өмір сүруді жасарту адам капиталын ұлғайтудың бірінші қадамы. Егер біздің мемлекетімізде жастардың қарасы өсер болса онда елімізде еңбек белсенділігі, білім алуға деген құлшыныс, іскерлік қарым-қатынастардың нығаюы артады. Демек қарттардың орнын үнемі жастар басып отыратын болса бұл да бір құндылықтың сақталуы іспетті дүние. Сондықтан нақ қазір біз үшін бала туу көрсеткішін өсіріп өмір сүруді жасартқан жөн. Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында Ресей мен Беларус елімен тең түсу үшін алдымен осы мәселені жолға қою керек»,-дейді.

Негізінен, адам капиталына қатысты тағы бір ескерілуі тиіс дүние бұл - еңбек өнімділігі.  Сарапшылардың пайымдауынша, адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға өсіреді. Ескеретіні сол соңғы онжылдықта әлемдік экономика адам ресурсы есебінен дамуда. Бұл ретте мамандар "Шығыстың тез қарқынмен дамыған елдері адам ресурстарын дамыту мен компанияны және жалпы экономиканы тиімді басқарудың жаңа механизмдерін дайындауда тұрғылықты халықтың мәдениетін (тіл, дәстүр, менталитет) кеңінен пайдалану арқылы қол жеткізді. Мысалы, Батыстың индивидуализміне кереғар, Шығыс халықтарының менталитетіне тән Жапонияның "Z теориясы" – яғни компанияны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырды" деседі.  

Расымен де, халқы тығыз әрі табиғи ресурсқа кенде Жапон елінің ешбір ресурссыз алып державаға айналғаны біздің көзімізді қызықтырады. Ал "бұл ел мұндай әлеуетке қалайша қол жеткізді" дегенге келсек, мамандарымыздың дені "Жапонияның өндірісті басқарудағы "Z теориясы" кез келген ел үшін сабақ бола алады" дейді.

Бұған қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:

"Жапон елі жоспарлы түрде "Z теориясын" қолданды. Осыған орай әрбір өндіріс орынын ұжымдық басқару арқылы дамытты. Тұтастай алғанда, жапондар өзіндегі табиғи байлығын адам ресурсын дамытуға жұмсады. Нәтижесінде, энергия көздері ауысқанда еш зардап шекпеді. Олар елдегі ең басты ресурс адам екенін ерте түсінді. Мысалы, жапондарда өз теориялары бойынша жұмысшылары мен менеджерлері білімін нақты жұмыс орнында әрі қарай шыңдайды. Оларда қызметкерді жан-жақты шыңдау, дамыту кез келген компанияның қасиетті борышы саналады.

Компаниялар шетелге оқуға қызметкерлерін аса көп мөлшерде жібереді. Жоғары позициядағы менеджерлер де тұрақты тестілеуден өтеді. Ғылыми зерттеулердің ошағы да сол компаниялар. Ғылыми жаңалықтардың негізгі бөлігі университеттерде емес, компанияларда жасалады. Көптеген компаниялардың жеке ғылыми лабораториялары бар. Міне, бізге де жекелеген компанияларда еңбек өнімділігін арттыру үшін, адам капиталы өз жемісін беруі үшін осындай арнайы теория қалыптастырған жөн. Біз түбегейлі инновациясы дамыған ел болуы үшін әрбір өндіріс орындарына осындай міндетттемелер жүкетегеніміз жөн. Олай етпесек еңбек өнімділігі де, жұмысшылар белсенділігі де артпайды",- дейді.

"Абзалында бір екі ғана саланың тұрақты дамуына қарап, елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтауға әсте болмайды. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:  "Елдің жан-жақты дамуында өндірістің алатын орны ерекше. Қоғам тұрақты дамуы үшін, бәсекеге қабілетті болуы үшін адам капиталының рөлі 60 пайыздан жоғары болуы қажет. Соңғы деректер бойынша, Ресейде адам капиталы 11 пайыз екен. Бізде нақты деректер жоқ. Дамыған елдерде адам капиталы 54 пайызға дейін жетеді. Бізге болашақта адам капиталын кем дегенде 6 есеге көбейту керек. Қазір біздің адам капиталымыз 8 болса, қалған капиталымыздың 90 пайызы шикізаттың еншісінде. Шикізатты қоспағанда, соңғы 3 жылда өндіріп, экспортқа шығарған тауардың үлесі 14 пайыздан 10 пайызға төмендеді. Мұнай өндіру саласына келсек, бұл – халыққа емес, олигархтарға қызмет ететін сала.. Сондықтан болашақта адам капиталын дамыту үшін әр адамға тұрақтандыру қорларын құру жоғарыда аталған мәселелерді шешудің түйіні болмақ", - деді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар