Бүгін "Қамшы" порталының "Дәстүр" бөлімінің жетекшісі, белгілі ғалым, Салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф Болат Бопайұлы Жотақажының "Қазақ мінезі" атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта қазақтың "тума мінездері" және "жұқпа мінездері" ажыратып көрсетіліп, жан-жақты түсіндіріледі. Сондай-ақ, көнекөз қариялар ауызынан жазып алынған сіз естімеген аңыздар келтірілген. Назарларыңызға кітаптың ішіндегі "Қой жылы туғандар мен маусым айында туғандардың мінездемесін" ұсынып отырмыз.

Қой жылы туған адамдар
Қой жылы туылған адам ер болсын, әйел болсын, адал ниетті, пәк көңілді, тура жолды, әдепті, ибалы болады. Қоңыр қой көзді, қоңыр мінезді, жұмсақ сөзді, дөңгелек алма жүзді, ақ құба, бидай өңді болып келеді. Он екі жылда туылған, он екі жұлдыздағы адамдардың әрқайсысымен тіл табыса біледі. Дұшпаны аз болады. Үлкенді аға, кішіні іні тұтып, құрбы-құрдастарымен, дос-жарандарымен, туыс-туғандарымен тату-тәтті өтеді. Қой жылы туылған адамдар өзі араласып жүрген достарының көңілін еш уқытта қалдырмауға тырысады. Басқалардың көңіліне еш қаяу түсірмейді. Үнемі олардың қас-қабағын күзетіп жүреді. Оспадарлықтарын кешіреді. Ол үшін ылғи да аралық тастап араласады. Аш қойын, тас қойын болып басқалардың ішкі сырына кіріп кетпейді. Егер біреуден бірнәрсе алса, уақытында қайтарып береді. Ал өзі біреуге бір нәрсе берсе, оны өзі біліп бермесе, сұрамайды. Достықта адал, сертте берік, кем сөзді болып келеді.
Қой жылы туылған адам не істесе де табысқа жетеді. Өйткені ол жапа-машақатқа шыдамды, бар қиыншылықтарды жеңе біледі. Әр түрлі істің ебін тауып, бір сөзді, бір істі болып, барлық істі жөн-жосығымен орнына келтіріп, орайын тауып істейді. Қаржыға үнемшіл болады. Бей-берекет ысырапшылдық жасамайды. Әр тиынды есеппен жұмсайды. Қой жылы туылған адамға жылдардан қой жылы жағады. Жыл айналып, қой жылына келгенде бақ-дәулеті көтеріледі. Бітпей жүрген жұмыстары бітеді. Орындалмай қалған армандары орындалады. Өзінің туған жылы кіргенде белді бекем байлап, жұмысқа белсене кіріссе, кәсіпке ат салысса, нәтиже шықпай қалмайды. Қой жылы туылған адамның өзіндік кемшілігі де бар. Көбіне өз басының амандығын күйттеп жүріп, қасындағы достарының көзге көрініп тұрған кемшіліктерін бетіне басып айтпайды. Айтсам ренжиді, көңілі қалады, достық қарым-қатынас үзіліп кетеді деп қорқады. Бұл дұрыс емес. Адам адамға, дос досқа жауапты болу жұмыр басты пенденің ең бірінші адамдық қасиетіне жатады. Кемшілікті көре тұра, ести тұра, біле тұра айтпау ол досын аяғандық емес. Құй батпаққа батып бара жатқан адамды қолынан тартып шығарып алу әлдеқайда абзал.
Зауза жұлдыздылар (Егіз жұлдызы)
Бұл жұлдызда туылғандардың оң бармақ мөрі «А» не «Г» мөрлі болып келсе, мұндай адамдар өз жынысынан басқа жыныстағылардың алдында мүләйім, кішіпейіл болып көрінуді ұнатады. Өз жынысындағылармен бірге болғанда еш нәрседен тартынбайды. Егер мұндай адам әйел болса, ер адамды жақсы көреді де, олармен дос болуды ұнатады. Ұзақ уақыт шығысып, ұрсыспай-қағыспай өтеді. Өз тұсындағы әйелдермен, құрбы-құрдастармен қарадай күндесіп күні өтіп жүреді. Ал ер адам болса, әйел адамнан дос ұстауды ұнатады. Ер адамдармен бір жерде ұзақ сырласып отырмайды. Ерлермен сырласуды мән-мағынасыз деп біледі. Мұндай мөрлі әйелдер ерге, ерлер әйелдерге жомарт қолды болып көрінуді жақсы көреді. Жалпы алғанда, ері әйелқұмар, әйелі ерқұмар болады. Бұлар мұндай қылықтарын қартайғанға дейін тоқтаусыз жалғастыра береді. Өйткені олардың табиғаты, тума мінезі, жаратылысы солай. Мұндай адамдар қу, әккі, залым, алаяқ, жылпос болады да, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға келгенде алдарына жан салмайды, шебер болады. Бірін-бірі қулық жақтан алдап кете алмайды. Іштеріне қулық сақтап, ауыздарында бірін-бірі мақтап, беттеріне көлгірсіп, реніштерін айта алмай, бір-біріне қажеті түсіп өтеді. Егер бұл жұлдызда туылғандардың оң бармақ мөрі «Б» не «Д» мөрлі болса, бұлар ақша құмар, дүние құмар болады. Олар – ақша табудың, мал-дүние жинаудың шебері. Олар ақшаны тауып та жүреді, мойнына қарызды іліп те жүреді. Талай адамның аманатын мойындарына арқалап та жүреді. Олар есепсіз жұмыс жасамайды. Әр басқан қадамын ақшаға бағалап, табыс тауып жүреді. Зиян болатын жерге бармайды. Олардың ақша мен мал-мүліктен басқа дүниеге бас қатырғысы келмейді. Айналасындағы адамдармен араласқанда да пайда-зиянын көк тиынына дейін есептейді. Олардың, ең алдымен, мал-дүниесіне, қалтасындағы қаражатына қарайды. Байлығына қарай таңдап араласады. Абыройшыл болады. Өзінің қалтасында көк тиыны жоқ болса да кісімсіп, тәкаппарсып тұрады. Мұндай адамдар өзінің жақын араласатын адамдарымен ешқашан қаржылық қарым-қатынаста мал-дүние, ақша жағынан алым-берім жасамайды. Олар ойлайды: жақын адамдар арасында ақша жүрсе жақсы достық болмайды. Ақша бір күні адамның арын төгеді, ұятын кетіреді. Жақын достарымнан айрылып қаламын. Мал-дүние уақытша деп қарайды. Қызба мінезді болады. Мінезі ұстаған кезде, бар қиындықты ақшамен, мал-дүниемен шешуді ойлайды. Соның жолында құлшынып жүріп ақыры шешеді. Бұл жұлдызда туылғандардың оң бармақ мөрі «Е» не «Ж» болса, мұндай адамдар жұмысқа, іске, іс басқаруға өте шебер болады. Айналасындағы адамдарды іскерлігімен, шеберлігімен, өнер қабілетімен қайран қалдырып, таңдай қақтырып, мойындатып жүреді. Бір жұмыс істегенде одан еш шашау шығармайды. Жұмыстың жымын білдірмей істейді. Оны әлдебіреулерше қоңыраулатып, мақтанып, шаттанып, айғайлап, жар салып жүрмейді. Өнерімен көп жаңалықтар жаратады. Жаңалықтарға құмар болады. Сөйте тұра, өте қарапайым нәрселерден, ел көзге ілмей өтіп кеткен дүниелерден кереметтей керекті дүниелер шығарады. Ойламды, толғамды, ақылды, арлы, көсем басты, шешен тілді келеді. Мінезі жайдары әрі кең көрінеді. Сырт көзге қопал мінез көрсетпейді. Іші теңіздей терең болады. Бәрі сонда тулап ағып жатады, бетіне шықпайды.