Бүгін ұстазымыз Кәкен Қамзиннің Бауыржан Оспанов туралы әдемі әңгімесін оқыдым. Үлгі тұтар, туған елін шексіз сүйетін азаматтың өмірі. Әңгіме бұрындары жазылған сияқты. Осы мәтіннен қанша жақсы іс туралы оқысаңыз, одан бері тағы да мыңдағаны жасалды. Жүрегі ерекше мейірімді Бауыржан Кеңесбекұлына ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Оқуға кеңес берем...
Қазақта Бауыржандар баршылық қой...
Әр адамға өзінің туып-өскен жері ыстық. Ауыл – жер жаннаты, ауыл – алтын бесік! Қазақта қасиетті топырақтан нәр алған азаматтар қаншама?! Қазақтың патриот азаматтары да осы ауылдан шығады. Солардың бірі – кәсіпкер, «ZHERSU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов. Ержетіп, көп елді аралаған Бауыржан өзінің туған топырағына жетер жер жоқ екенін көп айтады. Тамсана айтады. Табиғаты, тау-тасы, құз-жартасы, ағаш-терегі, өзен-көлі өзі туған Жыланды ауылының шырайын кіргізіп тұр. Таудан аққан Шынжылы өзені өзінің атына сай-ақ. Бұл жерде маса жоқ, жазы салқын, қысы жылы, қары қалың. Бауыржан туған жерінің табиғаты туралы былай дейді: «Қыста костюммен мектепке кетіп қалатынбыз. Шешем: «Ой, ұят болады! Мыналар киімсіз жүр екен деп ойлап қалады жұрт!» – деп ұрсатын. Түстен кейін қар ери бастайды. Сабақтан келген соң үйдің тірлігімен айналысасың. Мал жайғайсың. Қораның есігін ашайын десең, мұз қатып қалған. Тесемен мұзды оясың...». Көкжар, Майқан, Шынжылы, Төңкеріс ауылдарының округтік орталығы – Жыланды ауылы теңіз деңгейінен 1000-1500 метр биіктікте орналасқан.
Кәкен ҚАМЗИН
Әрдайым қияға ұмтылыңыз, ол жерден сіз бәсекелес таппайсыз. Шарль де Голль.
Бауыржан жастайынан жылдың төрт мезгілінде де спортпен шұғылданды. Хоккей, коньки, шана, шаңғының қызығына тоймайды. «Қар жауысымен-ақ ауыл балалары далаға шаналарын алып шығатын. Көлік жүріп өткен жолда хоккей ойнайтынбыз. Шанамен дөңмен төмен қарай құйғытатынбыз», – деп бала кезін еске алады Бауыржан. Күз де ғажап мезгілдердің бірі. Бала Бауыржанның аңшылыққа аңсары ауатын кезі. Аңшылыққа ең алғаш рет төртінші сыныпта оқып жүргенде шығыпты. «Ауыл адамдарында жоқ дегенде бір-екі мылтық ұстайды. Өздері ол туралы ешкім білмейді деп ойлайды. Алақандай ауылда сыр жата ма?! Мылтық қолдан-қолға өтіп, арамызда жүре беретін. Әкелеріміз іздей бастағанда, білдірмей орнына апарып қоятынбыз! Бір күні көршіміз: «Қыздар сияқты үйде отыра бермексіңдер ме? Атып үйренбейсіңдер ме...», – деп мелкашканың оғы толы қорапты алдымызға тастай салды. Сыныптасымның ағасы мылтық сататын дүкенде істейтін. Содан қосауыз сатып алып келді. Үйдегілерге аңшылыққа кеткеніңді айтпайтынбыз. Өйткені, қайтып келіп, үйдің жұмысын бітіру керек. Құр, шіл, қырғауыл ататынбыз. Түк таппасақ, нысанаға қанаты түрлі-түсті торғайлар ілігетін», – дейді Бауыржан. Бауыржан еңбекке ерте араласты. Үшінші сыныптан бастап қабырғасы қара жұмыспен қатайды. Бір күні ол сай-саймен мал айдап келе жатып, ауыл ақсақалдарына жолығады. Олардың ішінде сөз арасына қалжың қыстырып, өтірік әңгімелерді суша сапыратын бір-екі шал болады. Сонда біреуі: «Ой, сендерге тұз алып келмепті ғой.Пәленбай деген таудың астында тұз төбе-төбе болып үйіліп жатыр. Кеше сол жерден біраз қабын көтере келдім...», – деп қалады. Бала қиялы сол таудың жартас-жыраларын кезіп кетеді. Бала Бауыржан шалдар әңгімелері шындыққа жанаспайтынын білсе де, біразына сеніп те қалатын-ды. Кейін ол сол тауға барса, ештеңе жоқ екенін көреді. Бұдан оның кез келген нәрсеге қызығушылықпен, әр сөзді ынта-ықыласпен тыңдайтынын байқаймыз. Оның қалыптасуына осы ауыл ақсақалдарының ықпалы күшті болды деп ойлаймын. Көктем шығып, айнала-маң қызыл бүлдірген, қарақат, тауықкөз, қара бүлдірген, сары долана, қара долана, рауғашқа оранған кезді де Бауыржан ерекше жақсы көреді. Бала Бауыржан әжесі Айкүміс Өртенбай- қызының тәрбиесінде өсті. Өртенбай атаның төрт әйелі болған. Бір күні Либай деген әже алтыншы сынып оқып жүрген Бауыржанға: «Біз ауыл-ауылды аралайтынбыз. Сенің апаң күресетін, біз жанында жүретінбіз», – деп қалады. Бауыржан «әйел де күресе ме?» деп таңғалады. Қазіргі қыздар арасындағы күрес қазақта ежелден бар екен ғой сонда. Айкүміс апасы «кәрі қыз болып күйеуге тидім» дейтін. Оспанның әкесі Найманның ішіндегі қаракерей, тоқпағы Молдашбай мен қыпшақ Өртенбай құдаласатын болып келіседі. Оспан да, ағасы Омар да еті тірі, пысық болады. Сауда-саттығын жасап, өз тіршіліктерін сүреді. Бір күні Омар Лепсі станицасының казактарымен соғысып, қолына балта тиіп, қансырап, қайтыс болады. Қазақтың әмеңгерлік салтымен оның інісі Оспан Айкүміске үйленеді. Ашаршылық кезінде Оспан бір қап бидайды алып, диірменге бара жатқанда ел-жұрт бір нәрсе үлестірер деген үмітпен жол бойында тосып тұрады екен. Оспанның үлкен ұлы Нүкен он алты жасында әскерге кеткен тұста соғыс басталады. Оспан атасының бес қызы, бір ұлы бар. Соғысқа өз еркімен сұранады. Алмайды. Күнде таңғы төртте ауыл орталығына (Андреевка, 30 шақырым жерде) барып, кешке бірақ келеді екен. Бір жыл өтеді. Бір күні соғысқа аттанатын болдым деп қуанып келеді. Бірақ, соғыстан оралмайды. Бомба жарылып, сынығы ішіне тиіп, сол жерде көз жұмады. Артынша ауылға «қара қағаз» келеді. Оспанның үлкен ұлына «халық жауы» деген айып тағылып, мүліктері кәмпескеленіп жатқанда «қара қағазды» бәрі ойынан тарс шығарып алған-ды. Қазіргі жастар соғысқа бармақ тұрмақ (беті ары), әскерге де барудан бас тартады. Осыны патриотизмнің жарқын үлгісі демей не дейсіз?! Айкүміс әжей жетім қалған балаларды жинап алып, тәрбиелеп шығарады. Кеңесбек ағамыздан кіндігінен төрт ұл, үш қыз тарады. Береке-бірлікте! Айкүміс әжейдің үйінен қонақ үзілмейтін. Дастарқан басына жайғасқанда сүйек Айкүміс әжемізге бірінші үлестірмесе, балаша ренжіп теріс қарап отырып алады екен. Бауыржанның әкесі Кеңесбек аға әзілдеп сүйекті білмегенсіп басқаға беріп қояды екен. Апамыз ал келіп ренжісін. Әжеміз кенже баласы қаладан келгенде қиналмай көтеріп алады екен. Осындай кісілер қазіргі жастарға үлгі-өнеге болуы керек деп ойлаймын. Балаларына жоқшылықты білдіртпеді, аш-жалаңаш қалдырмады. Апамыз үшінші сыныпқа дейін сүткенжесі Кеңесбек ағамызды емізіп отырған екен. Айкүміс әжейге ешкім қарсы келмейді. Ол кісінің айтқаны болады. Бұл көрегендіктің, тәрбиенің белгісі! Бауыржанның әкесі де, шешесі де жетімдікті көріп өсті. Нағашы атасы жиырма алты жасында соғысқа аттанып, Сталинград түбінде опат болады. Нағашы апасы қырық күннен соң көз жұмады. Ол кісілерде жетім болып өскен. Қалың мал беріп, біреуге ұзатпақшы болғанда Қытайға қашып, бір орыстың үйінде жалданып жұмыс істеп жүріп, сонда Қапар ағамен танысып, отау құрады. Анасының: «Изендіде қырық үш үйден жетпіс алты адам соғысқа аттанған», – деп айтқаны есімде дейді Бауржан. Бесеуі ғана елге оралған. Бауыржанның үлкен ағасы Нұрлан сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Бала кезінде ойыншықтарды қолдан жасайды екен. Өте іскер, шаруақор жігіт! Бүкіл ауыртпалық та сол аға-әпкелеріне түскен-ді. Бауыржан тоғыз ай, он күнінде қаз тұрып, жүріп кектен-ді. Анасы: Үш әпкең сүйрей беріп, содан да жүріп кеткен шығарсың, – деп қалжыдайтын көрінеді. Әр жердің өзінің жазылмаған заңы бар. Мысалы, Жыланды ауылында өз моншаң, өз алма ағашың болу керек. Дүкеннен нан сатып алу ұят саналады. Ұн тартып, нан пісіріп, бәрін өздері жасап үйренген балалар ерте есейіп, еңбекпен өсті. Біршама жылдан кейін ағасы әскерге кетіп, әпкелері мектепті үздік тәмамдап оқуға түседі. Үйдегі жұмыс інісі Серік пен Бауыржанның иығына артылады. Серік Бауыржаннан бес жас кіші болса да бойшаң, ірі. Елу литрлік фляг толы суды Серік пен Бауыржан көтергенде шешесі: «Ол баланың қабырғасы әлі қатпаған! Болмайды! Денесі ірі болғанымен, кішкентай ғой», – деп шырылдайтынға ұқсайды. Бауыржанның кітапқұмарлығын айт. Көп оқиды, көп ізденеді. Жақсы кітап сыйласаң – екі көзі жайнап кетеді. Біз білетін Жыландыда екі кітапхана бар еді. Біреуі – мектептікі, екіншісі – колхоздікі. Кітапқа сусаған Бауыржан бас көтермей оқиды. Үйлерінде, әр бала төсегінің жоғарғы жағында өзінің шағындау кітапханасы болады. Түнде оқыса анасы: «Ұйықтаңдар», – деп жарықты өшіріп кетеді екен. Ағасы Нұрлан кіші-гірім қулыққа барып, өз жағына тоқтың сымын жүргізіп алған-ды. Анасы кете салысымен-ақ өзі жатқан жақтан жарықты жағып алады екен де, бәрі түнімен кітап оқуға кіріседі. Кеңесбек ағамыз, Бәтиха жеңгеміз – өте ұқыпты кісілер. Үйіндегі заттардың бәрі орны-орнымен тұрады. Сол қасиет Бауыржанға да дарыған-ды. Бала жастан кітапханадағы жыртылған кітапті жөндеп, ретке келтіріп қояды екен. Сөйтіп кітапханашының сенімді серігіне айналады. Бала Бауыржанның алдыннан кітап әлемі ашылады. Өмір – қызық! Енді, сол кітапқұмар Бауыржан бүгіндері ауылдан он сегіз мың кітап қоры бар кітапхана ашып отыр. Ол жастайынан ертегі, батырлар жырымен сусындап өсті. Ол оның кітапқа деген құмарын оятады. Бірде ол үшінші сыныпта оқып жүріп «Костер» деген журналдан үнді ертегісін оқып қалады. Сол кезден бастап ай сайын шығатын журналды асыға күтіп отырады. Кейін келе төртінші сыныпта оқып жүріп «Қан мен тер», «Ақжайық» романын оқиды. Бесінші сыныпқа көшкенде тарихқа қызығушылығы оянады. Әлем тарихына байланысты кітаптарды өзінен екі-үш сынып жоғары оқитын оқушылардан сұрап алып, оқып тастайды. Сөйтіп, бір айда он сыныптың тарих пәнінің жоспарын орындайды. «Абай жолы» эпопеясын алтыншы сыныпта оқиды. «Егер мен ол шығарманы орысша емес, қазақ тілінде оқығанымда, одан да күшті әсер алар едім. Студент кезімде тағы бір оқыдым. Қырыққа келгенде тағы бір оқыдым. Кітап адамның қалыптасуына таптырмас құрал. Әке-шешем де кітапты көп оқыды...», – дейді Бауыржан. Бауыржанның әкесі – Кеңесбек аға газет сөзіне аса мән беретін адам. Ауыл көпірінің жанындағы ағашқа пошташылар газетті қыстырып кетеді екен. Ол газетің әкең үйге келе қалғанда міндетті түрде алдында тұру керек. Бауыржанның ән-күйге деген ықыласы да ерекше. Бала кезінде гитара, гармонь тартып үйренеді. Қазір, қырықтан асқан шағында терме-толғауларға үйірсек. Бұның өзі қазақтың ұлттық өнеріне деген ықыластың көрінісі. Бауыржанның қатарластарынан екі физик-ядерщиктер шықты. Математикадан Қожа аға, физикадан Клара Әбенқызы, орыс тілі мен әдебиетінен Тұрсынбала Шәкенқызы, алғашқы әскери дайындықтан Қажықан Нұрмұхамбетов сияқты ұстаздардың әсері ерекше болғанын айтады. Сыныптағы жиырма бір оқушы да спортпен шұғылданып өсті. Кез келген жарысқа барып, жүлделі орыннан көрінетін. Бауыржан мектеп қабырғасынан бастап тарих, әдебиет, математика, физика, химия, биология пәндерін жақсы оқығанын білеміз. Жетінші сыныпқа барғанда заңгер болуды армандай бастайды. Ең бастысы – мен баға үшін оқыған жоқпын. Мектеп кезінен жаттатқан тақпақтарды, шығармалардан үзінділерді әлі де ұмытқан жоқпын. Қазір сұраса, қазір айтып беруге дайынмын. Бұл менің табиғи қабілетім шығар... Әпкелерімнің бөлмесін қабырға ғана бөліп тұратын. Әпкем өлеңдерді дауыстап оқып, жаттап жататын. Қыркүйекте сабаққа келсем бізге берілген өлең, тақпақтар маған таныс болып шығады», – дейді Бауыржан. Менің ойымша, адамның табиғи жадының мықтылығы тұмса табиғатқа, шырайы бұзылмаған қазақы дәстүрге де байланысты болар. «Әке балаға сыншы», – деген сөз бар. Ал, бала ше? Ол ең алдымен, сөз жоқ, – ата-анасының перзенті, екінші жағынан ол аналитик те. Қай бала болсын, ержете келе әке жолын, әке мінезін еріксіз ой елегінен өткізе бастайды. Ара-тұра жіліктеп шағып, тереңіне үңілуге ден қояды. Ондай ілгерінді-кейінді өткелден бәріміз де өткенбіз. Сондықтан бала да әкеге сыншы дей аламыз. Мен Бауыржанның әкесі – Кеңесбек ағамен бір ауылда өскенмін, «кеңес» пен «бек» жараспайтын ана бір жылдары ықшамдап Кеңес аға дейтінбіз. Сондықтан көкемізді бір кісідей білем десем, артық айтқандығым емес. Жақын-жұрағаттығымыз, құдандалығымыз және бар. Десе де, бір байқағаным, Бауыржан бауырымыздың әкесіне деген ілтипаты мен құрметі алабөтен. Әке өнегесі жайлы тіл қатқанда, шегірлеу көзі күлімдеп, жүзі бал-бұл жанып, әсерлене, шабыттана әңгімелейді. Осыдан кейін энергетика маманы творчестводан, шығармашылық әуеннен алыс қонды деп қалай айта аласың? – Мен әкемді осы күнге шейін толық түсініп, біліп болдым деп айта алмаймын. Жасымыз өскен сайын әкенің жанын, психологиясын түсінгендей боласың, бәлкім, мен жетпіс беске келгенде (әкесінің қазіргі жасы) мүмкін елу, мүмкін жетпіс-сексен пайыз түсіне алатын шығармын, бірақ, толық ұқтым деу мүмкін емес. Өйткені ол кісінің өткен өмірі, жүрген жолы басқа. Ол дәуір ұрпақтарының көпшілігі жадау, жаяу жүрді, табандарына тікен кіріп, шөңге батты, қарны ашып, өзектері талды. Замандары ауырлау болды. Ал, мен әке-шешемнің арқасында әлдеқайда тоқ, не ішем, не кием демей өстім. Әрине, тоқтықтың қадірін білу керек екенін әкем арқылы сезініп өстік, – деп толқи сөйлейді Бауыржан. Кеңесбек Оспанов – жасынан турашыл, бірбеткей, тікмінез жан. Ат жалын тартып мінгенше жездесі – мектеп директоры, екінші дүиежүзілік соғыстың ардагері Зәуренбек ағамыздың, туған әпкесі Сәмиға шешеміздің қолында өсіп, сіңірген тәлім-тәрбиенің де, текті атадан қалған қанның да әсері болар. Мен білетін Кеңесбек аға – жоғарғы білім алмаса да, тоқығаны мол, өмірлік тәжірибесі толымды, кеудесі ақ сарай кісі. Жоғарғы білімге де қапысыз қолы жетер еді, қаржы саласына оқуға түсіп тұрып, шешесіне – Айкүміс апамызға қарайлап қана, ауылына оралғанын біз жақсы білуші едік. Тіпті, әлгі оқығандардың өзінің кейде түрлі пендешілікке барып, баланың ісін істеп жататыны болады. Ал, бұл кісілер дегеніңіз тастай ұстанымның адамдары еді. Сөзіміздің негізгі арқауы болып отырған Бауыржанды, басқа балаларын да ұсақ-түйек әңгіме айтқызбай өсіріпті. Мұғалімді жамандап келу, көршілер туралы, басқалар жайлы сырттан айтылар өсек-аяң бола қалса, тиып тастап отырады. Адамды тану үшін жолдасына қара! Бұл бағзыдан өзгермей келе жатқан қағида. Бауыржанның айналасына қарап, оның нағыз іскер, ұлтына, еліне жаны ашитын азамат екенін тануға болар еді. Қайда да ұқыптылық пен жауапкершілікті алға қоятын жігіт, дос-жаранмен қарым-қатынаста да осыған баса мән береді. Өз сөзімен айтқанда: – Адам түрлі-түрлі ғой. Біреудің түйсігі әлсіздеу, біреудің денсаулығы нашар. Бірақ, белгілі бір салаға келгенде білгір. Мейлі, бір жерді тіреп отырған бастық болсын, мейлі қарапайым шаруа немесе жылқышы болсын, өз ісін жетік білсе, – құрметке лайық. Дегенмен, елдің бәрімен дос бола алмайсың ғой, менің ұстанымымдағы дос дегеніңіз – адалдықты бәрінен биік қоятын, алдымен айналасына, одан соң жалпақ жұртқа қолынан келген көмегін аямайтын азамат. Міне, осындай адамдармен тіл табысу оңай. Бауыржан жүрген ортасында батыл пікір айтып, тегеурінді дәлелдер келтіріп сөйлей алатын жігіт. Соған бір мысал ретінде айтсақ, қатып қалған ескіден қалған қағидаларды жоққа шығаратыны бар. Әсіресе, ұлтқа қатысты, қазақ туралы сөз болғанда. Қазақ – қой мінезді халық деген бар ғой. Жуас дегені. Осы турасында тіліп айтып, қазақтың жуас емес екені, керек болса өзінен мықты халықтарды ғана мойындайтынын, керек кезде тайталаса алатынын, тез бейімделгіш, намысы жолында жанын беруге бар екенін айтады. «Отан – отбасынан басталады» деген бәріміз білетін сөздің мәнін ашып жату артық. Отанға деген қызмет алдымен етжақын туыстарыңа жақсылық жасаудан басталса керек. Сөзіміздің арқауы болып отырған азамат қазіргі таңда ол ауылдан көшіп кетсе де, тіпті, бір де бір туыс-туғаны қалмаса да, өзі ұшқан ұяға жиі айналып соғып отырады. Айналып соғады деген жеткіліксіз болар, себебі, өзі туған ауылды заманға сай қайта кейіптеп шықты десек артық айтқандық емес. Жұрттың бәрі «қалалық» болуға бет алған, талай ауыл көшіп, орнында жұрты ғана қалған мына заманда заманауи үлгіде жаңарған, жасарған ауыл алыстан көз тартады қазір. Ауылға жасар жақсылығы мен етер қызметін – мешіт салудан бастағанының өзі көргенді ұлдың ісі екенін көрсетеді. Бір Аллаға сиынып барып бастаған сол игіліктің жалғасы балабақша, мектеп, интернат, цех, кинотеатр, т.б.-ға ұласып, жақында ғана салынып біткен, ауылдың қақ ортасынан орын тепкен жап-жасыл парк бір сүйіндіреді. Ауылдан ашылған мектеп туралы әңгіме бір төбе. Жыландыда жұмысын бастап кеткен мұндай ірі жобаға құрылған мектеп еліміздегі тұңғыш білім ордасы деуге болады. Бұл мектептің артықшылығы – кіл таңдаулыларды ғана оқытпайды. Сол ауылдың тұрғыны саналатын кез келген бала заманауи білім-ғылымға негізделген оқу программасымен оқып жатыр. Мұғалімдерге арнайы жалақы тағайындап, ғылыми еңбек етіп жүрген оқытушыларды түкпірдегі ауылға апарып, әрқайсысына даңғарадай үй салып берген. 650 орындық мектепке қоса, 100 орындық ашылмақ интернатты ерекше айта кету керек. – Біз не істесек те, алдымен денсаулық пен білімге негіздеп жасауымыз керек, – деген ұстанымды басты бағыты етіп ұстаған Бауыржан, өз ауылынан ашылған мектептегі тәрбиеге де көп көңіл бөлетінін айтады. Оқушылар тек қана білім алып қана қоймай, сонымен қатар спорттың қай түрімен айналысам десе де мүмкіндігі бар. Тіпті, қазақтың ұлттық ат спорт түрлері – көкпар мен аударыспақтан арнайы жаттықтырушылар тағайындап, спортшылардың жетістіктері жайлы да естіп жатамыз. Тіпті, арнайы жылқы фермасын ашып, онда сауыншыларды жалдап, ауыл тұрғындарының тегін қымыз ішіп тұруына жағдай жасағанының өзі қазақты сүйетін, дәстүрін ұлықтайтын ұлға тән қасиет. Сондай-ақ, жылқы, сиыр, қой тұқымдарын асылдандыру жүйесін арнайы қолға алып отырғаны, мал өсірудің заманауи технологиясын меңгеру үшін шет ел асырып арнайы мамандар әкеліп жатқаны, олардан жергілікті жердің малшыларының үйренуіне мүмкіндік беріп отырғаны кімді де болса сүйіндіреді. Ауылдағы дүкендерде ішімдік сатылмайтыны, жастардың бір де біреуі темекі тартпайтыны – осы азаматтың бастамасы ғана емес, шағын ауылдағы спортты дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасағанының арқасы. Бір айта кетерлігі, осы атқарылған шаруалардың қай-қайсысын да ауылдың өзі атсалысады. Қол күшіне арналған жұмысты арнайы бригадалар құрылып, өздері істейді. Бұл дегеніңіз – ауылда бос жүрген қаншама тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етуде таптырмас мүмкіндік. Бүгінгінің іскер азаматтары – мемлекеттен тыс өзіндік көмек көрсетіп жатады әр салада. Дегенмен, мұндай қомақты жобамен жұмыс істеп жүрген жігіттер көп емес. Осындайда, мемлекетпен тікелей бірлестікте, облыс бөлген бюджетке өзі нешеме есе қаржы қосып, ауылын гүлдендіріп жүрген жігіттен басқалар да үлгі алса дегенді қоса кеткеннің артықтығы жоқ шығар. – Аудан, ауыл әкімдері жан-жақты болу керек, – дейді Бауыржан. – Егер, олар іскерлік танытып, жақсы жобалар әкеліп, бізге ұсынса, біз көмегімізді аяп қалмаймыз. Тек мемлекетке ауыз аша бермей, үлкен-үлкен компаниялармен жұмыс істей білу керек. Сонда, біздің еліміз бұдан да жылдамырақ көркейер еді деп ойлаймын. Біздің тараптан жасалар көмек алдымен жағдайы жоқтарға. Ақшаны апарып құя салу мақсат емес, ол қаржының да түбі бар. Тез арада таусыла салады. Одан гөрі әлгі үйсіз, күйсіз болмаса да жалақысы жоқ, әкесінің зейнетақысымен күн көріп отырған адам қаншама, соларға алғашқы жасалар қаржылай көмекпен қоса белгілі бір істің көзін көрсету, соған жетелеу қажет. Сонда, сенің көмегің де әлдеқайда мәндірек болады. Мәселен, ауылдан үй салу үшін жұмысшыларды қаладан апармай, басшыларды қинағандай көндіріп, сол ауылдың өзінен қабылдаттырдым. Солар қазір өз істерінің нағыз шебері болып алған, тіпті жақында ауылдан салынатын әрбір төртінші үйді тегін салайық деп ұсыныс айтып отыр. Ниеттеріне рахмет, келіспедім. Осындай дәрежеге жету керек қай қазақ та. Соған жету үшін қазаққа мүмкіндік беру керек. Егер экономикалық жағынан алып, бизнеспен өлшейтін болсақ, бір тиын салып екі тиын көрсем деген есепке кетер едік. Ол да керек шығар, бірақ, дәл қазіргі уақытта қара бастың пайдасынан гөрі ең болмаса бір қазақтың аяққа тұрып, өз отбасын дұрыстап тәрбиелесе, мен үшін сол маңызды. Осы жағына көбірек мән беруге, кешенді жобалар жасауға тырысып жатырмыз. Әлемді аралап жүрген қазақ аз емес. Бірі – ресми, бірі – туристік сапармен, демалып. Бірақ, соның қай-қайсысы да салыстырмалы түрде бізге үлгі боларлық жақсы қасиетін түюге ықтиятты бола қояды деуге тағы болмайды. Ал, біздің кейіпкеріміз қайда жүрсе де сын көзімен қарай алады. Осыдан келіп түйгені: «Шет елде біз қызығатын ештеңе жоқ». Мұның мәніне бойлай келсеңіз, біздің де соншалықты көштен қалып тұрмағанымызға көзіңіз жеткендей болады. Әрине, техника, өндіріс жағынан көп ел бізден көш ілгері шығар, бірақ, біздің де артықшылығымыз жоқ емес. Әр мемлекеттің әлемдік нарықта алатын өзіндік орны, саясаты болады ғой, соның жақсы жақтарын алуымыз керек. Шет елде бәрі жақсы екен деп, шет ел істегенді айна қатесіз көшіре берудің салдарын бүгінде көріп жатырмыз. Осыдан келіп, алдымыздан тағы да тәрбие мәселесі шығады. Бұл жөнінде Бауыржанмен бірге отырып сөз қыла қалсаңыз, жаһандану мәселесіне салмақты көзқарас айтып, сыртқы мен ішкіні жан-жақты салыстыра келіп, қазақтың салт-дәстүрі мен ұстанымдарына бір соғып, одан ары қазақтың жігіттерінің ұсақтамауға тиіс екенін айтар еді. «Ұлттық құндылықтарға оралатын уақыт келді», – дер еді сосын. Содан барып сіз бұл азаматтың ғұмырлық ұстанымын болжай бастар едіңіз. Ұлтты тәрбиелеу, қазақты заманға бейімдеумен қатар түбін де ұмыттырмау, оған қосымша жағдайын жақсарту жолында еңбектеніп жүргеніне күмәніңіз қалмайды. Қарапайымдылықты ұнатады. Бұл жағынан қай кезде өзіне сын көзімен қарауға тырысады. Оған өз аузымен айтқан мына бір үзінді куә. – Бірде әкеммен бірге Москваға ұштым. Тұңғыш рет бірге ұшаққа мінуіміз. Жолда әкем: «Әй, мынау жақсы самолет екен», – деді. – «Қайта-қайта келіп жағдайыңды сұрап, не ішесіз, не жейсіз деп», – деп қалды. Сосын біз отырған бөлігі бизнес-класс екенін айттым. Айырмашылығын сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, айырмашылықтың бағасында екенін айттым. Сол кезде: «Бүйткенше, елмен бірге-ақ отыратын едім ғой. Бұған кеткен ақшаңды жетім-жесірге неге бермейсің?! Не айырмашылық бір ұшақтың ішінде...» – деп кәдімгідей кейіп, ренжігені бар. Бұл – бір ғана әкенің асыл қасиетін бағалау ма? Жоқ, бұл әкенің ұлына берген тәрбиесінің, көрсеткен үлгісінің көрсеткіші. Баланың әке бойынан іздеген, тапқан ізгі қасиеттің бір парасы. – Қорғансыз адамға көмек көрсету керек. Бизнестің бір заңы – жарнама жасайтын жерге ғана ақша шығару керек. Бірақ, жарнамамен іс бітпейді ешқашан. Мен жарнаманы жек көрем. Сөзден гөрі іс тындыру қажет. Қоғамдық көмек көрсетуге тырысам, спорт саласына көңіл аударуға талпынам. Шамам келгенше жасап та жатырмын. Әдебиет, мәдениет саласында аздаған қолдау көрсетіп тұрам. Әсіресе, қазақтың тарихы турасында, ұлттық бағытта жазылса деймін. Әрине, одан да арыға көмектескім келеді, бірақ оған мен түгіл мемлекеттің бюджеті де жетпейді. Қазақты өз бетімен күн көріп кете алатын дәрежеге жеткізе алсақ... Біз үшін сол үлкен жетістік болар еді. Бұл – Бауыржанның сөзі. Бар қазақтың Бауыржаны, игі жақсысы осылай ойласа, осылай іс тындырса...
Назерке Сұлтанбек, Facebook парақшасынан