Адам еңбегін саудаға салып, тағдырын ойыншық қылатындар жетіп артылады арамызда. Күнделікті өмірде жасаған тірлігіміздің өзінен адам еңбегін саудаға салып еліміздің заңдылығына қарсы әрекет етіп жататындығымыз ащы да болса шындық. Мәселен, үй салу үшін арнайы мамандарды емес, сырттан келген өзге ұлт өкілдерін жалдаймыз. Әсіресе Қарақалпақстан, Өзбекстан елдерінен ақша табу мақсатында келген адамдар мұндай жағдайға көбірек тап болып жатады. Сырттан келгендігін білетін еліміздің тұрғындары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілген шарттарға сай еңбекақысын төлемейді. Не аз беріп, не болмаса тіптен төлемей қоюлары ғажап емес. Қарапайым құрылысшыларды жалдап үй қалауға ақы көп кететіндігінің салдарынан, «оңай жолды» іздеп адам құқықтарын таптап жатады. Өкінішке орай, біздің елімізде мұндай жағдай көптеп кездеседі. Бұл туралы Алматы қаласында Қазақстандағы миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілдігі мен МеdiaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған «Қазақстандағы адам саудасы. БАҚ-тың мүмкіндіктері мен үн қатуы» тақырыбында журналистерге ұйымдастырылған семинар тренингте айтылды.
Қазақстандағы миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілдігінің ұсынған мәліметтері бойынша 2012 жылы Қазақстанда адам саудасынан зардап шеккен 147 оқиға тіркеліпті. Ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 137-ні құраған екен. 2012 жылы 10 істің артық тіркелуі елімізде адам саудасының «дамып» келе жатқандығын көрсетеді. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған журналистер қауымы екі күн бойы адам саудасы жайлы ақпарат тарату барысында ескеретін жайттар туралы құлақтандырылды. Журналистерге ұйымдастырылған тренингте статистикалық ақпараттар мен БАҚ өкілдерінің ақпарат беру барысында халықаралық этикалық нормаларды бұзу факторы кеңінен қозғалды. Сенсация қуып, адамның абыройына нұқсан келтіріп, зардап шегушілердің аттарын жариялап, камераға түсіріп қалуды көздейтін көптеген журналистердің ақпараттың обьективтілігі үшін жүгіріп жүріп, зардап шегушінің болашағы туралы ұмытып кететіндігі, теледидардан көрсетілген сюжет ертеңгі күнге әсер ететіндігі баяндалды.
Семинар барысында Қазақстандағы Миграция жөніндегі өкілдігінің мүшелері өздерінің басынан өткізген оқиғаларды тізбектей отырып, журналистерге адам саудасынан зардап шеккендер туралы материал дайындағанда олардың психологиясына баса мән беруін өтінді. Адам саудасына қарсы тұру жөніндегі жобаның үйлестірушісі Әлия Аликова:
- «... адам саудасынан зардап шегушілер өздері туралы ақпарат таралған сәтте, психикалық тұрғыдан зардап шегуі ықтимал» деп атап өтті.
Тренинг барысында журналистер тарапынан «Еңбекақыларын ала алмаған азаматтар неге бірнеше жылдар бойы өз құқықтарын таптатып жүрген? Неге қашып кетпеген? Неге көмек сұрамаған?» деген сауалдар көбірек қойылды. Бұл сауалға өкілдіктің мүшелері таяқ соққыдан зардап шегіп, қорқып қалуынан олар төзуге мәжбүр болатындығын, ал мінезді және қорықпайтындарын алдау-арбау арқылы, не болмаса, наша пайдаланып, миларын «улап» тастау жағдайлары да болатындығын ескертіп өтті. Айдың аман күнінде мұндай жағдайға тап болмаған соң, сырттан сөге беруге болмайтындығын сонымен қоса, шет жақтардан келген азаматтардың нәпақа табу мақсатында келгендердің дені сауаты төмен болғандықтан өз құқығын қорғай алмайтындықтарын да тағы бір себеп ретінде көрсетті. Миграция жөніндегі халықаралық ұйым өз жұмысын 2004 жылы бастағаннан бері адам саудасынан зардап шеккен 806 азаматқа көмек көрсетіпті. Өкілдіктің ұсынған өткен жылғы қорытынды ақпараттарына сүйенсек, адам еңбегінің тапталуынан зардап шеккендердің дені (94) нәзік жандылар екен. Бұл деректен екі болжам жасауға болады. Алғашқысы, күнде қақсайтын жезөкшелік проблемасындағы басты фигураларымыз («түнгі көбелектердің») дені сырттан келгендер болуы мүмкін. Ал екінші болжам, адам еңбегін асыра пайдаланушылар, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрейтіндер біздің елімізде де көп екендігі. Аталған проблема жойылмайды, бүгін біреуін тұтқындағанмен, ертең екінші біреу, дәл сондай қылмыс жасайтындығы анық. Дегенмен, жезөкшеліктің күннен күнге артуы сырттан келген имигранттардың көбеюінен де арта түсетіндігі белгілі.
Тренинг барысында адам саудасынан зардап шеккендерге көрсетілер көмектер жайында да әңгіме қозғалды. Аталмыш проблеманың алдын алу, болдырмау, зардап шеккендерді қорғау мақсатында еліміздің кейбір қалаларында арнайы шелторлар жұмыс істейтіндігі айтылды. Алматы қаласында 2006 жылы ашылған шелтор бүгінде зардап шекендердің қорғанына айналған. Орталықтың орналасқан жері өмірлерін қалыпқа келтіретін тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса құпия сақталады екен. Өкінішке орай, жапа шегушілердің қорғанына айналған шелторлар жабылып қалуы мүмкіндігі де айтылды. Себебі, шелторда өзін қалыпқа келтіретін адамдарға қаражат көптеп жұмсалады. Олардың жүйкесін қалыпқа келтіру үшін психологиялық кеңестер, оларды сауаттандыру үшін әртүрлі курстар ұйымдастырудың өзі қомақты қаржыны талап етеді.
Адам саудасының өсе түсуі еліміздің экономикалық жағдайының өз тұрғындарымызға қолайсыздығын, ал инфляциядан зардап шегіп отырған өзге елдердің тұрғындарына нәпақа табуда «алтын көпір» іспетті екендігін көрсетеді. Ешкім еріккеннен шетелден келген иммигранттардың еңбегін пайдаланбайды. Көбі иммигранттардың жауапсыз ісінен зардап шегіп жататындығын ескерсек, «арзанның суы татымас» деген нақылды еске алуымыз қажет. Өз еліміздің заңнамасындағы ережелерді де бұзбайтындығымыз тағы бар.
Тренинг журналистерге көп нәрсені түсінуге және сенсация қуып адамгершілікті ұмытуға болмайтындығын, қандай жағдай болса да өзгенің сезімін таптамауға септігін тигізді деген ойдамыз.
Семинарда болып қайтқан:
Рысгүл Рамазанова
Пікір қалдыру