Жапония БАҚ саны жөнiнен дүниежүзiнде 1-шi орын алады. Бұл елде 1000 адамға 548 дана газеттен келедi. Жапонияның бұқаралық ақпарат салалары бойынша қандай ерекшеліктері бар?
Жапонияда ақпарат құралдарының мамандарын жоғары оқу орындарындағы социология, қоғамдық өндiрiс, ақпараттық технология, филология тәрiздi факультеттер құрамындағы медиа бөлiмдерi даярлайды. Бұл елде жылына жалпы таралымы 4 миллиард дана болатын 3000 түрлi газет-журнал шығады. Күн сайын газеттердiң 90 пайызы үйге жеткiзiледi. Газет тасушылардың көпшiлiгi – мектеп оқушылары.
Жапонияда құрамына 117 газет кiретiн кәсiби басылымдардың Ассоциациясы бар. Оған химия, балық шаруашылығы, металлургия, электротехника, т.б. сала мамандарына арналған басылымдар кiредi.
Кейбiр қоғамдық-саяси, әдеби журналдар айына екi рет жарық көредi. Әр жапон орташа есеппен күнiне 3,5 сағатын теледидар көруге арнаса, интернеттің кең тарағанына қарамастан тәулігіне 1 сағат уақытын газет-журнал оқуға арнайды екен.
БАҚ дегенде ұлттық ерекшелiк ретiнде манга кiтапшаларын атауға болады. Мәтiнiмен қоса берiлетiн суреттi кiтаптарды жапондар баспасөзге жатқызады. Барлық тақырыптарды қамтитын манга Жапониядағы баспа өнiмiнiң 30 пайызын қамтиды. Жылына 3300 түрлi манга жарық көредi. Таралымына келсек, жылына 670 миллион манга-журнал мен 480 миллион манга-кiтапшалар сатылады екен. Мангадан түсетiн табыс жылына 448 миллиард иендi құрайды. Киотодағы халықаралық манга мұражайына 300 мыңнан астам өнiм қойылған. 2008 жылы Жапонияда сатылған электронды кiтаптардың 75 пайызы манга кiтаптары болып шыққан. Одан түскен табыс 35 миллиард иендi құраған.
ХIХ ғасырда Мотоно әулетi негiзiн қалаған «Йомиури» басылымы о баста зиялы қауымға арналған екен. Газеттi таратушылар Токио көшелерiнде ең қызықты деген мақалаларды мәнерлеп оқи жүрiп сатқан деседi. Алғашында оқырмандарды осындай әдiспен тартқан газет «Йомиури», яғни «оқи жүрiп сату» деген атауға ие болады. «Йомиуришинбуншйо» компаниясына тиесiлi, таңертең және кешке шығатын бұл газет Жапониядағы ең iрi жалпыұлттық басылым. Таңғы таралымы 9,1 миллион болса, кешке 4,9 миллион тиражбен шығады. «Йомиури» – таралымы жөнiнен тек Жапония ғана емес, дүниежүзi бойынша алдыңғы орында тұр.
Жүз отыз жылдық тарихы бар «Асахи» газеті Жапонияның ең iрi төрт басылымының бiрi. «Асахишинбуншйо» шығаратын газеттiң таңғы және кешкi таралымын қосқанда 12,5 миллион данаға жетедi.
«Майничи» газетi — күнделiктi газет. Басылымның атауы осындай мағына бередi. «Майничишинбуншйо» компаниясына тиесiлi бұл газет жалпыұлттық басылым болып табылады.
Ал NHK – бүкiл Жапонияға және шет елдерге хабар тарататын дүниежүзiндегi iрi корпорациялардың бiрi. Ол тәулiктiк көлемi 49 сағат болатын хабарларды 22 тiлде таратады. Жапондар түрлi-түстi теледидарға 1960 жылы қол жеткiздi. Ол кезде теледидар автокөлiк, кондиционер тәрiздi қажеттi техниканың бiрi ретiнде белгiлi едi. Бүгiнде орта жастағы жапон азаматы күнiне 3 сағат 32 минутты теледидар көруге арнаса, қариялар көгiлдiр экран алдында 5 сағаттан артық отырады екен.
1987 жылы NHK тәулiктiк спутниктiк хабар тарату жүйесiн енгiзедi. Жапонның жалпыұлттық каналдары: Nihon TV, TBS, FUJI TV, TV Asahi. Жапонияда коммерциялық бағыттағы 109 телестанция бар. Табыс көзi жарнама болып табылатын бұндай станциялардың жылдық табысы 1,65 триллион иендi құрап отыр.
2012 жылдың мамыр айында іске қосылған «Аспан ағашы» деген әлемдегі ең биік телемұнара астананың солтүстік-шығысындағы Сумида ауданында бой көтерді. Биiктiгi – 634 метр болатын әлемдегi ең биiк телемұнараны жасауда жапон архитекторлары мыңдаған жылдық тарихы бар тәжiрибенi пайдаланған. 2011 жылғы алапат жер сілкінісіне селт етпеген жаңа мұнараның жобасы Нарадағы Шйотоку Тайши дәуiрiнен жеткен Хоурюдзи ғибадатханасының негізінде жасалған. Ғалымдар мен архитекторлар зәулiм ғимараттардың жобасына бес қабатты Будда ғибадатханаларының сызбасын пайдаланған себебi, «шимбашира» деп аталатын дiңгектiң сан түрлi зiлзалаға төтеп беретiн бiрден-бiр тiрек екендiгiн дәуiрлер дәлелдеген.
Жапонияда журналист Үкiмет немесе Парламент мүшесiнен сұхбат алу үшiн мiндеттi түрде «Саяси журналистердiң ұйымына» мүше болу керек. Осы ұйымның журналистерi ғана Үкiметтегi баспасөз мәслихатына, ресми кездесулерге, т.б. қатысу мүмкiндiгiне ие. Жапон журналистикасына тән ерекшелiктiң бiрi — газет-журнал бетiнде мақала авторының аты-жөнi жазылмауы және суретiнiң басылмауы. «Журналист болу дегенiмiз – елге танылу» деген бiздiң түсiнiк оларға жат. Дегенмен, кейiнгi жылдары бiраз басылымдар журналистiң аты-жөнiн жариялаумен қатар, автордың еңбек жолы туралы мағлұмат беру үрдiсiне көшкен.
Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы