Зарина Дияс: Мен қазақ тілінде мүлде сөйлемеймін

/uploads/thumbnail/20170708182424208_small.jpg

Жақында Қазақстанның бірінші ракетшісі  Зарина Диас (Дияс) «Советский спорт» басылымына сұхбат берген болатын. Онда танымал теннисші «қазақ тілінде мүлде сөйлемейтінін» айтқан. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. -Менің атамның аты Дияс, сондықтан менің тегім де солай жазылады. Айтпақша, «я» әрібі арқылы жазылады. Мен ешқандай испандық емеспін. Алматыда туып, 6 жасымда отбасымызбен Чехияға көшіп кеткенбіз. Сол жақта тенниске қызығушылық танытып, қолыма алғаш ракетка ұстадым. Жетістікке жете бастағанда, мені Чехия ұлттық құрамасына шақырды. Алайда бас тарттым. Кей кездері демеуші таппай, қаржылық тапшылық көрген кездерімде, шынымен де азаматтық ауыстыру туралы ойланған болатынмын. Ал міне, сәл биікке көтеріліп едім, ҚР Теннис федерациясы назар аударып, менің жарыстардағы шығынымды көтеріп беретін болды.  Бірақ, бұл да ұзаққа созылмады. 2012 жылдан бастап федерация қолдауын тоқтатты.  Менің барлық шығынымды ата-анам көтеріп келген, әлі де солай.  Сондықтан, мен федерация турнирлеріне келуді тоқтаттым.  Біздің шенеуніктер бір теннисшіні өсіріп, жетістікке жеткенін күткеннен гөрі, шетелден дайын жұлдызды сатып алғанды оңай көреді. Менімен де солай болған,-дейді  әлемнің 34-теннисшісі Зарина Диас. Айтпақшы, Зарина қыздың сұхбатын оқып, ет жүрегіміз езіле бастағаны сол-ақ  екен, «советтік спорттағы» сұхбаттың  ауаны өзгеріп сала бермесі бар ма?  Не дейміз енді, сынаймыз ба? Әлде 2011 жылға дейін Чехияда тұрып келген ғой, деп түсіністік танытып, шыдаймыз ба? Заринаның Чехиядан жетектеп келген бапкері Перт Павло бүйдепті: «Қазақстандағы барлық теннисшілер секілді (Ярослава Шеведова, Галина Воскобоева, Юлия Путинцева т.б.) Зарина да қазақ тілінде мүлде сөйлемейді. Алғаш Қазақстанға келгенімізде, дүкеннен тауар алар кезде алатын тауарды саусақпен көрсетіп әзер сауда жасайтынбыз. Кейіннен орыс тілін үйреніп алдық. Бізге сол оңай, қазақ тілі емес қой енді»,-деп күлген-мыс. Заринаның өзі де жергілікті қазақ қызы бола тұра, мемлекеттік тілді білмейтіндігін ар санамайды екен. «Біз үйде орыс тілінде сөйлесеміз, қосымша Чех тілін жақсы меңгергенмін. Бірақ қазақ тілін мүлде білмеймін»,-дейді. Айтпақшы, ол енді Алматыда жаттықпайтын болған. Диястың қазіргі жаттығу орны- Қытайдың Гуанджу қаласы. Енді ол алдағы бір-екі жылда қытай тілін де меңгеріп алатыны сөзсіз. Әрине, өзге тілге өңеші керіліп тұратын керіміміз, мемлекеттік тілді менсінсін бе?! Иә, Зарина ғана емес, Қазақстанда тұрып, осы елдің нанын жеп, осы елде өркен жайып, шалқып-тасып жүрген көбінің мемлекеттік тілге шорқақтығы жасырын емес. Қазақстандағы  мемлекетті құрушы ұлттың тіліне арнайы мәртебе беру мәселесі осы уақытқа дейін сан мәрте қаузалып, жауыр болған тақырыпқа айналғаны өтірік емес. Ал енді, өзіміздің ана тілімізді өз өрендеріміз өзгелердің алдында мазаққа айналдырғаны жүрек сыздатары нақ. Естеріңізде болса, осыған дейін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтен бастап, бұрынғы ТЖМ Владимир Божколар ашықтан-ашық  «Мен қазақ тілінде сөйлемеймін» дегенде не дерімізді білмеп едік. Бұлардың қатарына Тәңірберген Бердіоңғаров деген шоуменнен бастап,  Мәскеу төрінде маңырап жүрген Тимур Бекмамбетов, А-Студио-лар тағы бар.  Бұларды қойшы, шетелде жүр, сол елдің белгілі қағидаттарына бағынулы. Ал өзіміздің шоу бизнестің өкілдері де мемлекеттік тілге тиісінше мән бермейтініне не дерсіз? Мысалы, Дильназ Ахмадиевның «Қазақ болудан құдай сақтасын» дегенін оқып жағамызды ұстап едік, Мақпал керім Исабекова да «мен қазақша сөйлемеймін» деп керілді. Ау, Дильназды қойшы, өзге ұлт.  Саған не жоқ, Мақпалжан. Атаң ҚР Жазушалыр одағының мүшесі, ақын Тоқбай Исабеков еді ғой. Жә, бұлар да сәл ертеректе ғой. Ал қазіргі эстрадада жарқылдап жүрген Әлішер Каримовтың есті сөзі өзгелерге сабақ болар ма еді ... «Қазақша таза, анық сөйлемесем де, соңғы екі-үш жылда достарыммен тек мемлекеттік тілде сөйлесеміз. 2005 жылы өзім туып-өскен Тараз қаласынан Алматыға қоныс аударғанға дейін тек орыс тілінде сөйлейтін едім. Қазір қазақ тілін толықтай меңгеруге бар күшімді салып жүрмін. Мен қазақшаны сән үшін сөйлемеймін, оны қазақ халқына деген құрметім деп есептеймін» деген еді Әлішер. Солай достар, сәл жетістікке жетіп, жұлдыз бола қалсаңыз аса бір дандайсып кетудің қажеті жоқ. Сүп сүйкімді обзарызыңды жұртқа жағымсыз етіп аларсыз. Айтпақшы, біздегі мемлекеттік тіл туралы заңның әлсіздігі ғой, осындай бәтшағарларға тілді қорлатып қойған. Сіз мемлекеттік тілді білуге міндеттісіз! Ол сіздің сорлылығыңыз емес, осы мемлекетке деген құрметіңіз болмақ!..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар