Жақында ғана жарыққа шыққан Досқан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі санамызға әр түрлі ой салып, бір толқытқаны мәлім. Осы кинотуындыны алғаш көрген кезде пайда болған бір пікірімізді ақыры қағазға кестелеуді жөн көрдік. Әрине Құнанбай - аса ірі тарихи тұлға. Дей тұрғанмен өнердің мақсаты бөлек, ол тарихи құжат немесе өмірбаяндық мемуар емес, бар болғаны сценарист пен режиссердің қиялына бағынған көркем туынды. Сондықтан көркем туындыдан біз тарихи шындықты емес, көркем шындықты, көркем образды, астарлы ойды талап етеміз. Бірақ Құнанбайға келгенде жағдайдың сәл басқашалау екені баршаға мәлім. Олай дейтініміз «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай образы бізге тұлғаның шынайы бейнесін мүлдем бүркемелеп, әділетсіз қатыгез, зорлықшыл озбырдың сыр-сипатын беруі. Сол себепті тілге тиек етіп отырған кинотуындының арқалаған алғашқы мақсаты Құнанбай биді ақтау, мүмкіндігінше әділетшіл, турашыл жағын баса дәріптеу болғаны байқалады. Себебі «Абай жолы» да ең әуелі Қодар оқиғасынан басталып, Құнанбайдың озбыр, қатыгездігін аша бастайды. Ал біз енді ғана тамашалап отырған «Құнанбай» фильмі де осы оқиғаны шиеленістің басы етіп алады. Киноны бұл күнде бір шама жұрттың тамашалап болғанына байланысты, біз оқиға желісін қуалап отырмаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай туындының әуелгі мақсаты Құнанбайды ақтау дедік, олай болса шын Құнанбай қалай болып еді?
Бұл сұраққа жауап беру үшін, бүгінге жеткен тарихи деректерге сілтеме жасаумен ғана шектелуге тура келеді. Ұзын-сонар зерттеу жүргізуге мақаланың талабы да көтермейді, тәй-тәйлаған қаламымыздың да әлі белгілі. Заманының заңғар тұлғасы Құнанбайдың әділдігі, шариғатқа берік, турашылдығы Ахат Шәкәрімұлының, Әрхам Кәкітайұлының естеліктерінен байқалып тұрса, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітабы және Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы» еңбектерінен біз жан-жақтылы зерттеп, зерделенген шынайы Құнанбай бейнесін іздеп таба аламыз. Осылардың ішінде Ахат Шәкәрімұлының естелігіндегі Құнанбайдың Шәкәрімге айтатын ақыл-өсиетінен мына бір үзіндіні келтіре кетейік. Қажы немересіне: «Мен абырой, атақ алу үшін — ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» — дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел — адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сырттан келіп жағаласпады. Ішімнен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң да, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет! – деп, құлағыма құя беретін дейтін Шәкәрім» деп бір ақиқаттың ұшқынын аңғарта кетеді. Бұл үзіндіден Құнанбайдың әуел бастан алдына ұлы мұрат қойған, әділеттің жолына ерте ден қойған аса соқталы тұлға екенін байқап отырмыз. Алды-артын, алыс-жуығын айқын болжап отыратын сұңғыла Құнанбайдың «не күтсең де осы қарашұнақтан күтсеңдерші» деген адам сынағыштық зор данышпандығы – Шәкәрімнің «келдім қайдан? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» дейтін бүкіл шығармашылығына тірек болған ұлы философиясының алғашқы негізі болғаны байқалады. Мақсаты зор, мұраты асыл үлкен адамның кейде біз түсіне бермейтін қырлары да болады. Тіпті түсінбеудің соңы жаулыққа да апаратын жәйттер бар. М.Әуезов Құнанбайдың бейнесін беруде жауларының пікірлеріне де көп сүйенгенін айтады. Сол себепті де Құнанбайды ақтап алу үшін тұлғаның сыртқы болмысын, сыртқы мінезін суреттеуден көрі ішіне үңілу, оның мұңын, қайғысын тану бізге жақындата түседі. Жоғарыдағы келтірілген үзінді Құнанбайдың сыры, әрі өсиеті. Осы үзіндіден біз оның өмір жолындағы барлық қателігі мен жетістігін, қаталдығы мен мұң-қайғысын түсіне алғандаймыз. Өмірлік ұлы мұратты көздеу, және оған сүрінбей, жығылмай жету Құнанбайдың ғана қолынан келетін іс. Жарыққа шыққан кинотуынды да осы мақсатты алға тартып, тұлғамен сырласуға шақырып тұрғандай.
Баршамыздан дәуірімен де, туысқандығымен де Қажыға ең жақыны Абай хакім. Сол хакімнің сөзі, «Әбдірахман өлгенде» өлеңінде Құнекеңді былай деп суреттейді:
Арғы атасы қажы еді,
Бейістен татқай шәрбәтті.
Жарықтықтың өнері
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңлін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ер болып
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тыйып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзін көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермек-ті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңлін бөлмепті.
Жарлығына алланың
Ерте ойлаған көнбек-ті.
Олар да тірі қалған жоқ,
Тірілік арты өлмек-ті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.
Осы өлеңнің әр бір жолына мән бере қарасаңыз-ақ Құнанбайдың қаншама қадірлі, сыйлы және әділетті болғандығын танисыз. Фильмдегі аса сәтті сомдалған тағы бір образ Барақ сұлтан мен Құнанбай туралы Янушкевичтің естеліктерінде біршама мәліметтер кездеседі. Онда Барақ сұлтанның батырлығы, текті, мінезділігі туралы айтып келіп, Құнанбайға тоқталады. «Дала атақтыларының бірі Құнанбай бидің жасы Барақтан шамалы ғана үлкен. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран-қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да әр қиырдағы ауылдардан келіп жатады» деп суреттеуінен-ақ бізге Құнанбайдың соқталы тұлғасы анық байқалады. Осындағы «қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман» деген тіркеске қарап-ақ біз сөз еткен кинотуындының нені көрсетуге ниет қылғанын аңғарамыз. Құнанбайдың аса ірі тұлға екеніне хакім Абайдың мына бір сөзі анық дәлел болғандай:
...Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.
Мұқым қазақ баласы
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты,
Мекеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.
Ажал уақты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті, – деп өзін жұбатуында да ардақты қажының мәртебесін көтере сөйлейді. Байқасаңыз Абай әкесін «Ескендір, Темір, Шыңғыстай» деп адамзат тарихындағы ұлы тұлғаларға теңейді. Осы теңеуге қарап біздің Құнанбайды бағалауымыздың әлдеқайда төмен деңгейде екені көрініп тұр. Яғни Янушкевич мақтаса мақтағандай ұлы тұлғамыздың шынайы тарихи бейнесін біз әлі жеріне жеткізе алғанымыз жоқ демекпін. Оның жастық шағы, серті, үкімі мен ұрпақ тарбиесі – мұның бәрі әлі талай фильмге жүк болады деп ойлаймыз. Батыс елдері осындай биік тұлғалары туралы неше түрлі кино түсіріп, әр қырынан танытып болды ғой, міне бізге де сол керек. Ал жарыққа шыққан «Құнанбай» фильмі сол танытудың алғашқы бір сәтті формасы деп білеміз. Және осы фильмде сәтті сомдалған Зере бейнесі – бұдан бұрын да ешқашан болмаған, бәлкім кейін де қайталау мүмкін болмайтын, қазақ кино өнеріндегі ең көркем ана образы боп қалар. Туындыда қазақтың біршама дәстүрін, өнерін көрсетуге де күш салынған. Алайда бірі сәтті шықса, бірінен сәл кемдік танылады. Бірақ біздің ойымызша осы фильмде сценарист пен режиссердің тағы бір аса мәнді мақсаты, айтар ойы болды.
Кино әуелі сәл тосырқаулы басталғанымен (бұл мүмкін біздің тосырқау болар), билердің тартысына келгенде қыза түседі. Бұл жерден Құнанбайдың билікті көпке салып, шариғатпен шешім шығарып отырғанын аңғартып өтеді. Марқұм Тәкең (Таласбек Әсемқұлов) жарықтықтың шебер қиюластырған тартыс сөздері өте әдемі, шынайы бейнемен экранға енген. Осындай тұшымды сөздердің бірі, Зере әжеміз бен Құнекең арасындағы мына бір сөз алмасуда байқалады.
Құнанбай: «Бұл елді қалай билемек керек? Аталарымның барлығы би болған. Міне өзім де тізгін ұстап отырмын. Бірақ, осы қазақтың жұмбағын шеше алатын емеспін. Сәждеге басы тимеген асау ел. Жеңе алмаған жауы, бітілмеген дауы қалмаған ел. Енді міне, алапаты қашқан, базары тарқаған. Буыннан алған дерт ақыр соңында қолға қиянат болушы еді. Бос ұстасаң қамшының сабағындай қолыңды кеседі, бетімен кетсе, күшке салсаң, басыңа шығарасың. Не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді тәңірдің тезі керек секілді»,–дейді қапамен. Зере: «Мен қайдан білемін, қалқам? Бұл қазақ – тізгін ұстағанға қарап салтын түзейтін ел. Жүріс тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын, әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын. Осындай үлгі болсаң, сөзің де өтімді болады. Менің бар білетінім осы. Біреудің нақақ қанын арқалама, қарағым!» дейді.
Менше киноның ең негізгі айтар ойы осы жерде берілген. Алғашқы Құнанбай сөзі арқылы жоғарыда біз атап өткен тұлғаның ішкі мұңы, өмірлік мақсаты ашылса, ал екінші Зере жауабынан тура бізге, бүгінгі елге айтылған үнді естиміз. Шынында Зере сөзі әбден толысқан, бұған дейін талай дауды әділетімен шешкен, атағы алты алашқа жайылған Құнанбай би үшін жаңалық емес. Жасынан естіген, білген тәрбиесі сол. Бұл сөз бізге керек. Фильмдегі Құнанбай образы туралы «тым мұңшыл, қаталдық, қаһарлылық жоқ» деген біраз ала-құла пікірді де естіп қалғанымыз бар. Сөзіміздің басында айттық кино – бұл көркем туынды, одан біз сценарист пен режиссердің қиялын, мақсатын танимыз деп. Олай болса ойлап көріңізші, бүгінгі көрерменге не керек? Қай тақырыпты, нені айтуды жанымыз аңсап отыр? Біздің қоғамға не жетіспейді? Режиссер сол жетіспеген нәрсені көрсетіпті бізге. Ол – әділет екен.
Сенбесеңіз қарап көріңіз, киноға да, айналаңызға да. Парасыз, туысқандық, таныс-біліссіз шаруа шешіле ме біздің елде? Түгенбай пара алмайды, өте адал адам дегенге сенетін бір қазақ тауып беріңіз. «Бал араластырған бармағын жалайды» деп, тіпті пара алған шенеунікті ақтап алатындар бар. Себебі біздің қоғам соған үйренді, әділетсіздік, парақорлық машыққа айналды. Билік бір төбе, халық бір төбе, диалог жоқ, түсінісу жоқ. Алматыда мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде, сынып ішінде егер мен билікке барсам деген тақырыпта біраз әңгіме өрбіп қалды. Сонда бір топ сыныптасымыз «аямай жейтін едім, қымбат көлік мініп, ақшаға шомылып өмір өткізер едім» деген пікірді қолдап шыққанда, мен қарсы болдым. Сондағы естіген жауабым: «Сен жемейсің бе не? Бәрі жейді ғой» деген таңданыс сұрақ болды. Яғни қазіргі жастар шенеунік болуға, дәл сол көкелері істегенді қайталауға дайын. Әділет, адалдық деген тақырып олардың жанын ауыртпайды. Жоғарыда келтірілген Зере сөзіне мән берейік: «Бұл қазақ – тізгін ұстағанға қарап салтын түзейтін ел. Жүріс тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын, әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын», – дейді. Біз сол баяғы қазақпыз, әлі де тізгін ұстағанға қарап салтымызды түзейміз. Ал тізгін ұстағандар ше? Сол Құнанбайдай ма? Мен фильмдегі Құнанбайды айтып отырмын. Бүкіл жұрттың үміт күтіп отырған жобасының қаншама миллион қаржысын екі ойланбай, еш қиналыссыз қылғыта салу қайдан үйренген өнер? Тым жоғарғы жағын білмейм, әкімнен күзетшіге дейін саралаңыз, көз алдыңда жүргеннің қайсысынан ақшасыз әділет көре алдың? Кімнен үйренді? Кімге қарап бой түзеді?
Қазақтың асыл ері, ұлы суреткер Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы - оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын. Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр», – дейді. Осылай сөйлеп, осылай әрекет қылатын шенеунік бар ма? Сондайды үлгі қылып, сондай ердің соңынан ерген ел бар ма? Тіліміздің, ұлттық руханиятымыздың, халқымыздың сапасына қарасақ, тұрмыс-күйіне, оқу-ағартудағы олқылықтарына қарасақ және барған сайын дамып, зорайып өсіп бара жатқан өзге жұртқа, дамыған елге қарасақ, ХХ ғасырдың басында айтылған осы сөздің мәні әлі де жойылған жоқ. Онда Абай айтпақшы: «біздің замандағы ел жылқы секілді. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған», елмен бірге мұңайып, елмен бірге қиналып, жұртты өзіндей көрген машақатшыл ғана баға алады. Үркітіп, қорқытып, зекіп, қойша қайыратын жүйе бізді дамытпайды да, өсірмейді де. Біз қаталдықты, зорлықты білеміз. Әділет пен адалдықты әлі толық білмейміз. Ендеше бізге тентекті тия білген, әділетті сүйе білген, ел қамқоры Құнанбайлар керек! Біздің пікір бойынша киноның айтпақ ойы да осы болған. Мақаламызды «Құнанбай» нені жоқтайды деп бастаған едік. Енді айқындалды, «Құнанбай» біраз заман бұрын өліп кеткен әділетті жоқтайды! Фильмдегі Құнанбайдың мұңы бүгінгі біздің әділетсіз қоғамның мұңы, әбден орныққан жемқор жүйеге деген нала. Бізге соны көрсетпек болды режиссер, және ол көрінді. Фильм туралы алғашқы келген ой осы болды.
Есбол НҰРАХМЕТ