Хандар халықтан жылу жинауға мәжбүр болды

/uploads/thumbnail/20170708190044444_small.jpg

 

Былтырғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы тапсырмасы бойынша,  «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай  әзірленіп жатқан Қазақ хандығы туралы 10 сериалы фильм түсіру жұмыстары қаржының жеткіліксіздігінен тұралап тұрғандығы  туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазуда. Тіпті, тарихи филмьнің  төңірегіндегі шу өршіп, қазақ қоғамында талқы-талас туғанда, дауға  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлының өзі араласты. Ол қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында былтыр бұл фильмге болжамдық жоспар құрылып, он серия түсіру мақсаты қойылғандығын айтқан.

«Осы мақсатта «Қазақфильм» киностудиясы 1 млрд 120 млн теңгенің жоспарын құрған. Фильмді белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев түсіріп, оған  Арман Асенов продюссерлік етеді, ал филмьге сценарийді  Смағұл Елубаев мырза жазады деп бекітілген. Өздеріне артылған жүкті еңсеруге осы азаматтар бастаған түсірілім тобы білек сыбана кірісіп кеткен болатын. Түсірілім аясы тар, бір ғана павильонда, бір ғана ғимараттың ішінде емес, шынайы тарихи оқиғаларды толық қамту үшін ашық аспан аясында ауқымы кең, сапалы фильм түсіруге тырысқан. Мысалы, бір эпизодты көрсету үшін 500 жылқы пайдаланып, тарихи жерлеріміз саналатын  Сығанақ, Сарайшық сынды жердерді де далада түсіру жоспарланған. Бұл өз кезегінде үлкен декорацияны қажет етеді», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Иә, Министр мырза айтып отырғандай, алғашқы жоба бойынша,  «Қазақ хандығы қашан құрылды?», «Керей мен Жәнібектен кейін болған хандар кім?» деген сұрақтарға жауап беретін танымдық фильм түсіру міндеттелгенімен, Түсіру тобы бұл форматтан асып, ауқымды көркем фильм түсіруді көздесе керек. Әрине, ниет жақсы. Дегенмен, өзге десе өзегімізден жұлып беретін біздің үкімет – бұл фильмге келгенде ауыздарын құр шөппен сүртіп отыр.

Мысалы, өзге өзге емес, Министр мырзаның өзі «жалпы сметасы 5 млн. долларды құрайтын фильмге иә, қаржы тапшылығы туындап отырғаны жалған емес. Сондықтан шығармашылық ұжым Қазақстандағы қалталы азаматтардан демеушілік күтіп, көмек сұрап отыр және осы сәтті пайдалана отырып,бұл мәселеге қоғамның назарын аудартып, қауқары жететін қалталы азаматтарды көмекке шақырамын»,-дейді.

Айтпақшы, Арыстанбек Мұхамәдиұлы «фильм тоқтап қалды» деп байбалам салудың негіссіздігін айта келіп, тым құрығанда биыл 5 сериасын түсіріп қоятынын айтқан. Сонда, Қазақ хандығы туралы фильм хандықтың 550 жылдығына орайластырылып, өзі хандықтың  552-553 жылдығына әзір болады деген сөз бе бұл?

Жоқ, «Қазақфильмдегі» бар декорацияны пайдаланып, он серияны да түсіріп тастауға дайын. Бірақ бұл жерде көздеп отырған мақсат әлдеқайда жоғары. Және сол мақсатқа қол жеткізу үшін ішкі резервтерден қаржы қарастырып, демеуші іздеу жұмысына министрдің өзі де араласып кеткен екен. Ол үшін 1 млрд. 125 млн. теңге қаражат қажет екен. Бұл әу баста белгіленген сомадан екі есеге асып түскен. Мәселе осында.«Былай алып қараса, «масқара!» дейтіндей үлкен қаржы да емес. Қазір мәселе жобаның жанрына қатысты туындап отыр: жай телесериал түсіру немесе ауқымды бірнеше бөлімді көркем фильм түсіру. Жобаға барша Қазақстан қоғамы атсалысса дейміз. Бұл жоба халықтық жобаға айналуы тиіс. Мен өз басым түсірілімге дайындық жұмыстарына қатыстым. Бұйыртса, түсірілім қыркүйек айында басталады деп отырмыз. Шығармашылық топ 15 желтоқсанға дейін жоғары сапалы көркем фильм жанрында 5 серия немесе телевизиялық нұсқадағы 10 сериясын толық аяқтауға дайын. Бұл енді қосымша табылған қаржы көлеміне байланысты болады», – деді Мұхамедиұлы.

Сонымен не болып кетті? Қазақ хандығы туралы фильмнің тұралап қалғанына не себеп? Қаржы жетпей ме, әлде жанры белгісіз бе? 5 серия ма, әлде 10 серия ма? Бір анығы, бұл іске бел шеше кіріскен мырзалардың өздері де түсінбей жатса керек.

Естеріңізде болса, 2014  жылы Қазақстан Ресейде түсірілген 28 панфиловшылар туралы филмьге арнайы  1 млн. доллар қаражат бөлгендігі туралы ресейлік БАҚ жазған болатын. Тіпті, бұл туралы РФ-ның Мәдениет министрі Владимир Мединский мырзаның өзі хабарлаған. Иә, дүниежүзін қамтыған сұрапыл соғыс жылдарындағы 28 панфиловшылар ерлігі туралы көркем фильм тарихи тұрғыдан маңызды екені рас. Алайда хандықтың құрылу тарихы туралы фильмге келгенде халықтан жылу жинау науқанын ұйымдастыру ерсі һәм күлкілі екені сөзсіз.

Тіпті, 2013 жылы танымал қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров туралы деректі фильм түсіруге голландиялық компания 3 млн. доллар бөліп, ҚР Мәдениет министрі де (ол кезде М.Құл-Мұхамед) деректі филмьге қаржы бөлінетіндігін айтқаны есіңізде болар.

Ал, «Көшпенділер» ше? Мемлекеттік қазынадан 30 млн. доллар қаржы бөлініп, АҚШ-тан режиссер алдырғанда көргеніміз анау. Ойбайлағанда Голливуд 60 млн. доллардан аз бюджетті қамтитын фильмдерге назар аудармайды екен деді. Ақыры Голливуды да, басқасы да жоқ болды.

Олқылықтардың орнын толтыратын осындай фильмдерге (Қазақ хандығы туралы 10 серия) мемлекет жәрдем беруге тиісті еді ғой. Ал олар халықтан жылу жинауға кірісіп кетіпті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар