Мұрат Әбенов: «Серпін-2050» жобасы білім беру мен жұмысқа орналастыру мәселесін қатар алып жүретіндігімен ерекшеленеді(І жауап)

/uploads/thumbnail/20170708190229476_small.jpg

Мұрат Әбенов:  «Серпін»  жобасы еңбек нарығының барлық ерекшеліктерін ескере отырып жасалған

А.Мұқабай: Мұрат Абдуламитұлы! Сізбен жаңа ғана телефон арқылы сөйлесіп едім, міне, Интернет-конференцияға шыққаныңызды көріп, қуанып отырмын. Жалпы, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының өте керек екендігі жөнінде айтып жату артық. Серпін жобасының бағдарламасында шеттен келетін қандас жастарымыздың жағдайы қарастырылған ба? Осы мәселе жөніндегі ойларыңызды көпшілікке айта кетсеңіз артық болмас еді.

- Сіздің  бұл  ұсынс біз үшін қызық,  әрі  біздің ойымызда бар дүние. Сонымен қатар, Сіз көтеріп отырған мәселе «Серпін-2050»  жобасының   мақсатына сәйкес келеді. Дегенмен, жобада шетелдерден келген қандастарымызға қатысты нақты қарастырылған шаралар әзірше жоқ. Бірақ, өзіңізге мәлім,  мемлекеттік  білім гранттарының 2 пайызы шетелдерден келген қандастарымызға арналады. Дайындық бөлімдері де бар. Олар сол арқылы да оқуға түседі. Алайда,  жобаға  жастарды  жіберетін аймақтарға келген  қандастарымыз болса, олардың «Серпін-2050»  жобасына қатысуына  кедергі жоқ.  Яғни, өзге құрбылары  сияқты  жобаға қатыса алады. Өзіңіз білетіндей, Маңғыстау, Қызылорда,  Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында  шетелдерден көшіп келген  қандастарымыз аз емес. Демек, осы отбасылардың балалары  өзгелер тәрізді жобаға қатысуына болады.  Бірақ, сіз көтеріп отырған  бастамаларды жоба аясында  осы жылдың ішінде жүзеге асыруды бастаймыз деп үміттенемін.

Жалпы, біздің  жүргізіп жатқан  жұмысымыз қоғамдық негізде  болғандықтан, өзіңіз келіп  жұмысымызға қолғабыс жасасаңыз  қуанар едік. 

Қайнар:

«Серпін-2050» деген не? Мақсаты қандай? Естіп те көрмептік, қайдан, қалай қатысуға болады?

- Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар. Біреуі экономикалық.  Ол біздің елімізде  бірнеше өңірде  бала туу  деңгейі төмен, сол арқылы кадр  тапшылығы сезіледі. Жоба арқылы  басқа обылстардан балаларды әкеліп,  оқу  орындарына оқытып,  қажет мамандықтар бойынша оқытып, сол жерде  кадр проблемасын  шешу.  Екінші маңызы әлеуметтік   проблемаларды шешу. Бізде 5 облыста  бала туу деңгейі жоғары,  оқуға түсу қиын және  жұмыссыздық проблемасы көп.  Жоба арқылы  осы балаларға тегін грант, әлеуметтік көмек  және 100 пайыз  жұмысқа орналасуға мүмкіншілік жасау.  Бұл жоба жастардың   сапалы  білім алып,  тұрақты жұмыс табуына  зор мүмкіндік  береді. Өткен жылы  жоба  бойынша 2050 азамат  оқуға  түссе  биыл, «Серпінге»  бөлінген  грант 3 есеге өсіп,  6200 болды.  Олардың  5 мыңы тек  жоғары оқу  орындарының  гранттары, ал 1200 грант колледждерге бөлінді. Серпін жобасына  тек Маңғыстау, Қызылорда,  Оңтүстік Қазақстан,  Жамбыл,  Алматы облыстарының жастары қатыса алады.

Мерей:

-  Жақсы бастама екен. Осылай солтүстік өңірлерді қазақыландыруға болар. Бұл бастама кімнің идеясы?  Үкімет қаржыландыра ма?

- «Серпін-2050» әлеуметтік  жобасының мақсаты   еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау, халық тығыз қоныстанған өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету,  еліміздегі   халық саны азая бастаған бірқатар өңірлерде демографиялық өсім көрсеткішінің артуына ықпал ету, жаңадан ашылып жатқан  кәсіпорындарды  мамандармен қамтамасыз ету болып табылады. Жоба  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша  жүзеге асырылып жатыр. Жобаны сөзсіз Үкімет қаржыландырады. 

Қанат:

- «Серпін-2050» әлеуметтік жоба болса неге көпшілік ол туралы білмейді? Қажетті үгіт –насихат, жарнама жасауларыңызға не кедергі?

- Іздейтін адам ақпарат  табады.   Арнайы  сайттың  қызмет атқарып жатқанына  бір жылдан асты.  Өткен  жылы   «Серпін»  бойынша  бөлінген  2 мың  білім гранты  үшін  10 мыңнан астам конкурсқа  қатысқан болатын.  Бұл республикалық көрсеткіштен 2,5 есен көп.  Республикалық конкурста 1 орын үшін 2 адам бәсекеге  түссе, «Серпінде» 5 адам  бақ сынаған. Қатысушылардың  қызығушылығының өте жоғары  болуы- үгіт-насихаттың  төмен  болмағандығын  көрсетеді.  Дегенмен, әлі де  жұмысты  күшейту керек деген ойға келісемін.  Бұл  жерде біз қоғамдық негізде  қызмет жасап жатырмыз. Нақты бекітілген  құрылым жоқ. Бәлкім,  ресми  мекеме болмағандықтан  біз жасап жатқан  жұмыстар сіздердің назарларыңызға ілікпеген шығар. Бірақ, бірден «ешқандай үгіт-насихат жоқ» деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Қазір жастарды  жіберетін аймақтарда «Серпін-2050»  жобасы кеңінен танылды. Ал, ақпараттарға келсек, арнайы сайттар құрылған. Өңірлерге барып кездесулер ұйымдастырып тұрамыз.  Ақпараттар  www.serpin-2050.kz және www.serpin.biz сайттарына  жариялануда. Оқу орындарының, мамандықтардың, жергілікті штабтардың тізімі,  жіберуші  және   қабылдаушы аймақтар туралы ақпараттар бар  онда. Одан бөлек  мамандықтарға сараптама жасадық. ЖОО және  колледждер бойынша.  Сонымен қатар,  «Серпін-2050»  жобасы  туралы  облыстық білім басқармаларына,  үйлестіру кеңесіне,  аймақтық штабтар мен жұмыс  топтарына  хабарласу арқылы ақпараттар алуға  болады. Үйлестіру Кеңесінің WhatsApp қосылған байланыс жүйесі: 8 701 515 20 50. Skype арқылы да  байланысуға болады. «Серпін-2050» атауымен  skype –пен  ақпарат таратамыз.  Бұқаралық ақпарат  құралдарында да   үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары   жүргізіліп жатыр.  Жобаның  vk.com  facebook.com,    instagram,  twitter  желілерінде “Serpin-2050” аккаунттары бар.  Парақшалар да  жұмыс істеп тұр. Сол парақшаларда да көптеген ақпараттар жарияланып тұрады.

- Алмас:

- Сіздердің серіктестеріңіз кімдер? Нақты қандай оқу орындарымен жұмыс жасайсыздар? Сіздермен қалай байланысуға болады?

Біздің  серіктестеріміз ретінде  Үкімет, Білім және ғылым  министрлігі, Денсаулық сақтау және  әлеуметтік даму министрлігі, жастарды  жіберуші және  қабылдаушы облыстардың әкімдіктерін,    жобаға қатысушы жоғары оқу  орындары мен кәсіптік-техникалық  білім беру мекемелерін атауға болады. Жоба  осы мекемелер мен құрылымдардың тізе қосуы арқылы  жүзеге асырылып жатыр.  Дәл бүгінгі күні  жобаға 9 облыстағы 19 жоғары оқу  орыны мен  36 колледж қатысуда. Өткен жылы,  жоғары оқу  орындарының саны 7 болса, колледждер 25 еді. Ал, бізбен байланысу үшін Үйлестіру Кеңесіне хабарласу керек. Байланыс номерлері мен ресми сайттар  туралы сәл бұрын айтып өттім.

Динара:

- Қалай ақпарат алуға болады? Сайттарыңыз бар ма?

- Ақпарат алудың жолдары туралы  біраз бұрын айтып өттім. Дегенмен, сайттарымызды тағы бір есіңізге салайын. Ақпараттар  www.serpin-2050.kz және www.serpin.biz сайттарына  жариялануда. WhatsApp қосылған байланыс жүйесі: 8 701 515 20 50. Skype арқылы да  «Серпін-2050» атауымен  байланысуға болады.

  1. Қуаныш:

 Шалғайдағы мектептерге бұл жобаларыңыз жетіп жатыр ма? Алыстағы қазақ ауылдарымен қандай байланыстар орнатасыздар? Аудандарда бөлімшелеріңіз бар ма?

Жобаның мектеп бітірушілерге арналғандығын ескеру керек.  Шалғайдағы мектептер де жоба туралы  хабардар болды деген ойдамыз. Өйткені,  жастарды  жіберетін 5 облыста  жобаға облыс әкімдерінің  орынбасарлары  бас-көз болып отыр. Ал, Республикалық үйлестіру кеңесінің  мүшелері  «Серпін-2050»  жобасы бойынша   жастарды оқуға жіберетін 5 облыста кездесулер ұйымдастырып тұрады. Биыл да сондай кездесулердің бірнешеуі өтті. Сонымен қатар, шілде айының басынан бастап  «Серпін апталығы» өткізіліп жатыр. Өз басым жақында ғана Маңғыстау облысынан оралдым.  Онда Ақтау, Жаңаөзен қалаларында кездесулер өткіздік. Бөлімшелерге келсек,  аудандарда жеке-жеке  бөлімше ашудың қажеті жоқ.  Себебі,  облыстарда аймақтық  штабтар  бар, облыстық білім басқармалары бар, жергілікті үйлестірушілер бар. Барлығы жобаның  насихатталуына  үлес қосуда. 

Нұрлан:

 - Өте керемет жоба!  Іске сәт, болашағы болсын! Жастар оқу бітірген соң, сол қалаларда қалса баспана мәселесі қарастырыла ма?

- Жалпы, баспана мәселесін шешудің түрлі  жолдары бар. Мемлекет  азаматтардың  баспана мәселесін шешуі үшін түрлі тетіктер  әзірлегені өздеріңізге  мәлім. Әртүрлі бағдарламалар да бар.  Жобаға қатысушылар  осы тетіктерді    пайдалануды білуі  тиіс. Біз, жоба бойынша бірінші кезекте жастарға білім беріп, жұмысқа орналастыру жағын қарастырамыз. Сонымен қатар,  «Серпін»   әлеуметтік даму ұлттық қорын» құрып,  жобаға қатысушы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысудамыз. Кей жағдайда  жобаға қатысушылардың  баспана мәселесін  жұмыс берушілер шешуі мүмкін. Мәселен,  биыл Рудный  тау-кен  технология  колледжін  бітірген 25 түлектің  өз еркімен  сол жерде қалып  жұмыс ітсеймін деген 13-іне Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік  бірлестігі  жұмыс беріп, қызметтік пәтерлер ұсынды. Ал,  түлектердің 8-і білімдерін жоғарлату үшін   кәсіпорынға жұмысқа орналасудан бас тартса,  4 азамат туған жерлеріне оралуға бел буды. 

Акбота:

- Сәлеметсіз бе?! Менін сізге қояйын деген сұрағым, егер талапкер ҰБТ - дан орыс тілі пәнінен 3 балл алған жағдайда, ол талапкер «Серпін – 2050» бағдарламасына қатыса ала ма?

- «Серпін-2050»  жобасына  ҰБТ-да  орыс тілінен төмен  балл алған азаматтар  қатыса алады. Тек  төртінші пән ретінде  таңдаған пәннен  кемі 7  балл  жинаса  болды.

 Қайрат:

- Сәлеметсіздер ме, Сіздерге қояр  сұрағым,  «Серпін»   бағдарламасымен оқып, бітірген соң  міндетті түрде контрактымен жұмыс істеу керек пе? Оқыған қаламызда істейміз бе,  әлде басқа қалаларға  жібере ме?

- Жоба  бойынша  білім алған жастарға  өздері оқыған  өңірлерде қалып, жұмыс істеу  туралы  қатаң талап жоқ. Өздері қалаған   жерлерге  баруларына  болады. Алайда,  ондай жағдайда біз оқу  бітірген азаматтарға  жұмыс тауып беру ісіне араласпаймыз. Өздері іздеуге  мәжбүр. Ал,  оқу  бітірген  соң  барған  облыстарында қалар болса, жобаның Үйлестіру кеңесі жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп,  жұмыс тауып беру тетіктерін қарастырады. Жоба бойынша жастарды қабылдаушы  аймақтардың басшылары да бұған мүдделі.  Мамандар сол өңірлердегі еңбек нарығындағы нақты жағдайларға  байланысты даярланып жатыр. Сол себепті,  жұмыс табуда қиындық жоқ.  Басқа  қалаларға қанадай да бір жолдамамен  жіберу қарастырылмаған.

 Ербол:

- Құрметті, Мұрат Әбенов,  ассаламуағалейкум! «Серпін – 2050» бағдарламасының алға қойған мақсаты неде? Осы «Серпін» бағдарламасы қай қалаларда жүзеге асуда? Осы бағдарлама қай қалаларда? Сол қалаларда толығымен қамтамасыз етілген бе? Алдын ала рахмет.

- «Серпін-2050» жобасының  алға қойған мақсаттары  туралы сөз басында айттық. Бүгінде жоба 9 облыс орталығында,  сонымен қатар, Арқалық, Рудный,  Семей, Жезқазған,  Теміртау, Риддер,  Щучинск сынды  бірқатар қалаларда жүргізіліп жатыр. Аталған қалалардағы оқу орындарында жастарға  білім берудеміз.  Болашақта осы өңірлерде жұмыс тауып беру көзделген. Сонымен қатар,  жобаның ең басты ерекшеліктерінің бірін атап өтсем деймін. «Серпін-2050»  жобасы бойынша  білім беру кезінде   студенттер жұмыс берушілермен тікелей байланыста болады. Дуальды оқыту жүйесі  қолданылады.  Жастар  оқи жүріп түрлі өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді,  оқу мен тәжірибені сабақтастырады. Нәтижесінде   теориялық тұрғыда  ғана емес,  іс жүзінде білікті маман болып шығады. Бұл олардың еңбек нарығындағы  сұранысын арттырары анық.

Нұғабыл:

- Мұрат аға, мен Қарағандыда тұрамын. 2007 жылы Қытайдан салт бас, жалғыз өзім келдім,ҰБТ -ға қатысып жаксы нәтижемен білім грантына ие болдым. 4 жыл Қарағандыда тау-кен мамандығы бойынша білім алдым, үйленіп отбасын құрдым. Қазір қарағандылық боп, бір отбасының отағасымын. Біреудің алдында біреудін артында, ел қатарлы күн көріп жүрмін. Ешкімнен қол жайып көмек сұраған емеспін. Мен секілді менің достарым көп. Шіркін біздің кезімізде осындай бағдарлама болса ғой. Менің айтайын дегенім «Серпін- 2050» бағдарламасы өте керек. Кеш болса да қайыры бар жаксы бағдарлама.  Қазақ еліне керек бағдарлама деп білем. Бірақ,  менің  ойым, тек студенттермен шектелмей оңтүстіктен солтүстікке көшкісі келетін отбасыларға да арналған ортақ бағдарлама болса. Шеттен келген қазақ ағайындардың да үкімет жұмыстарын жеңілдетіп, (қағазбастылықтың азабан өз басымнан өткізгем, қандай қиын екенін жаксы білем) оларды солтүстікке орналастырсақ  нұр ұстіне нұр болар еді. Тағы бір ойым; Қарағандыны «Серпін» бағдарламасынан алып тастасақ. Өйткені,  дәл қазір бізге солтүстік шекарадағы облыстар маңызды. Қарағанды онсыз да қазақтасып болды. Жұмысыздық басым, оның үстіне «Серпін» бағдарламасына қатысатын түлектер Астанаға жақын Қарағандыны алдымен таңдайтыны анық. Астана маңындағы қала, ауылдар ешқандай бағдарламаны қажет етпей-ак казақтасып алады. Сіз қалай ойлайсыз, «Серпінмен» барған түлектерді сол оқыған жерінде алып қалуға күш салу керек, заң шығарсақ та. Әйтпесе мемлекеттің мол қаржысы далаға кетпей ма? Мұрат аға, сіздің ойыңыз қалай?

- Бәрекелді. Сізге разымын.  Қазақ жастары өз күштеріне сеніп, сіз  сияқты білім алса,  «еліме қандай пайдам  тиеді менің?!» деген    ниетпен өмір сүрсе, біздің алар асуларымыз  көп болмақ. Сіздің   бірқатар ойларыңызбен  келісемін.  Соның ішінде  Үкіметтің  оңтсүтік өңірлерден солтүстікке,  шығысқа  тұрғындардың қоныс аударуына жағдай жасап жатқандығын да білеміз.  Облыстар өзара   мұндай  жұмыстарды бастап кетті.  Алайда,  меніңше әлі де  пысықтайтын  мәселелер көп. Дегенмен,  жастарды  қандай да бір нормативтік актімен  өздері оқыған жерлерінде қалуға мәжбүрлеуге  болмайды.  Бәрі ерікті түрде өтуі керек. Өйткені,  «күштеп қосқан тазы, түлкі алмайды» дейді  қазақ.  Сондықтан,  жобаға қатысушы жастар  өздерінің елге қажет екендіктерін  сезінгендері дұрыс.  Сол себепті мәжбүрлеу тиімсіз.  Ал, Қарағанды мәселесіне келсек,  жобаның мемлекет үшін ең  тиімді тұстарының бірі – мамандар даярлау. Қарағанды үшін де   сапалы мамандар қажет. Әдетте,  жұмыссыздардың қатарын толықтыратындар көбіне қандай да бір мамандығы жоқ немесе  еңбек нарығында сұранысы жоқ мамандықты алғандар. Ал, «Серпін»  жобасы еңбек нарығының барлық ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Қай өңірде  қандай мамандық тапшы,   жоғары білімді мамандар мен  арнаулы орта  білімді мамандарға деген сұраныстың ара салмағы қандай, бәрі зерттелген. Сондықтан,  мемлекет «Серпін-2050»  жобасынан ешқашан ұтылмайды.

Алтынай:

- «Серпін – 2050» жобасы бойынша шет елден келген қандастарымызға жағдай қарастырылған ба? Грантқа иегер болу үшін шекті балл қаншадан болуы мүмкін?

- Шетелдерден келетін қандастарымызға қатысты мәселені сөз басында айттым.  Жоғары оқу орынына түсу үшін  ҰБТ мен кешенді тестлеуден   шектік 50 баллдан төмен  жинамау керек. Бірақ, «Серпін-2050»  жобасында өткен жылы  ең төменгі баллдың өзі 60 тан асып кетті.  Сонымен  бірге, ескеретін тағы  бір жай  төртінші пәннен кемі 7 балл  жинау қажет.

 

Болат:

- «Серпін – 2050» жобасы қаншалықты жастарды серпілтеді деп ойлайсыз? Солтүстік өңірлер неге қарастырылмаған?

- Жоба жастардың   білім алып,  жұмысқа орналасуына септігін тигізеді. Оның үстіне   жобаға көпбалалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген  отбасылардан шыққан жастар көптеп қатысуда.  Бұл өз кезегінде  жастарға қосымша мүмкіндік береді. Өткен жылы 1 орынға 5 адамнан келді.  Биыл ата-аналар да,  жастар да жоба туралы  көп сұрап жатыр. Жоба  бірінші кезекте жастардың білім алуға деген құштарлықтарын арттырса, екіншіден, ішкі  миграцияға серпіліс берді. Жоба бойынша оқып жатқан   жастардың  соңынан    олардың іні-қарындастары, кейбіреуінің ата-аналары  бара бастаған.  Әрине, барлық   азаматқа  білім грантын беру  мүмкін емес. Бірақ, жоба  бойынша оқып, сол жерде  жұмыс істеген жастардың төңірегінде   туыстары,   ауылдастары, жерлестері топтасары анық. Бір-бірін пана тұтып барады олар. Сөйтіп,  жергілікті  халықпен аралас-құралас , құда-құдандалы  болып   өңірдің демографиялық  ахуалына да  серпіліс әкелері  сөзсіз.  Әзірге жобаның басталғанына тек екінші жыл.  «Балапанды  күзде санайды» демекші көз қуантарлық  нәтижені алдағы жылдардан күтеміз. Ал, екінші  сұрағыңызға келсек, жобаға солтүстік  өңірлер жастарды қабылдаушы аймақтар  ретінде қатысып жатыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар