Маңғыстау облысында Иранмен бірлескен мұнай өңдеу зауыты салынады

/uploads/thumbnail/20170708190229007_small.jpg

Жақында Маңғыстау облысында төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатын болады. Бұл туралы брифингте облыс әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов мәлімдеді деп хабарлайды «Қамшы» порталы «Ладаға» сілтеме жасай отырып.

Әміржановтың айтуынша мұнай өңдеу зауыты құрылысы Иран Республикасымен бірлесіп отырып жүргізіледі.

«Қазіргі таңда Ақтау порты арқылы 5 миллион тоннаға жуық шикі мұнай Иранға жөнелтілуде. Облыстық әкімшілік қазір Иран тарабымен келіссөздер жүргізуде. Облыста төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты мәселелер талқылануда. Біз сараптама жүргізіп көрдік. Иран тарабы да бізді қолдап отыр. Кезіндегі Қазақстан мен Иран арасындағы бірлескен жобалар өз нәтижелерін беруде.  Енді біз бірлескен мұнай өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасадық. Ол әрине, Маңғыстау облысында салынады. Маңғыстаудағы мұнай өнімдері Иранның солтүстік портына, ал шикізат оңтүстік портқа жөнелтілетін болады. Біз қазірдің өзінде Иранның Мұнай министрімен бірқатар келіссөздер өткіздік. Иран тарабы да бұл жобаға қызығушылық танытып отыр»,-дейді әкім орынбасары Әміржанов.

Сонымен қатар, әкім орынбасары бұл зауытқа екі жақ бірдей қаржы бөлетінін және жақын аралықта зауыттың техникалық-экономикалық жобалары дайын болатынын айтқан. Орынбасар мырзаның сөзіне сенсек,  жыл аяғына қарай, зауыт құрылысын басатау туралы шешімге қол қойылатын болады. Жоба құрылысының минималды шығыны 6 миллиард долларды құрайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай мұнай өңдеу зауыттары – Павлодар, Атырау және ОҚО-да бар. Алайда олар ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз.

Нұрзат Тоғжан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар