Профессор Рабиға Сыздық және емле мәселесі (2-бөлім)

/image/2019/10/31/crop-0_11_253x337_104718483100.jpg

ІІІ Түбір сөздердің жазылуы

17. Сөз тіркесіндегі жеке сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес) қара көлеңке (қара гөлөңке емес), көк орамал (көг орамал емес), ақ лақ ( ағ лақ емес), барса игі еді (барсигеді емес), келсе игі еді (келсигеді емес), барып па екен (барыппекен емес).

18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиасы бойынша, ал қазақ әліпбиінен шығарылған әріптермен келген сөздер ол дыбыстардың таңбасын алмастыратын әріптермен жазылады. Мысалы: вагон, гидрологиа, биологиа, комитет, агроном, агротехника, педагог, медитсина, спорт, хирург, конститусиа, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, молекула, буджет, кредит, банк, транш.

Ескертусс, лл, кк, тт сияқты біркелкі екі әріппен келген кірме сөздердің соңындағы қос әріптің біреуі түбір түрінде де, қосымша жалғанғанда да  түсіріліп жазылады. Мысалы: прогрес – прогреске, метал – металдар, грам – грамы, бал (баға) – бес балдық жүйе, Донбас – Донбастан.

Орыс тілінен келген бірқатар кірме сөздер, әсіресе тұрмыс-салтқа қатысты зат, бұйым атаулары дыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады. Мысалы: жәшік, бәтеңке, сіреңке, божы,  бөкебай, бөшке, қалаш, шөген, кір (гира), келі (кило), сот, болыс, облыс, зауыт, тауар. Соңғы дауысты дыбысын түсіріп қалыптасқан газет, минут, гранат, сифр, координат сияқты он шақты сөзден басқа кірме сөздерде соңғы а дыбысы түсірілмей қолданылады және солай жазылады: оптика, кассета, кантата, капсула, тирада.

19. Араб, парсы тілдерінен енген сөздер негізінен қазақша дыбысталып өзгерген күйінде жазылады. Мысалы: әділ, амал, пейіл, ақпар, әлем, мектеп, пән, кітап, бұқара.

Кірме араб сөздерінің ішінде екі-үш түрлі мағынаны білдіру үшін тұлғасын сәл өзгертіп қалыптастырылғандары сол екі-үш вариантта жазылады. Мысалы: үкімет және өкімет, хабар – ақпар, әрекет – харекет, пейіл – пиғыл, ақирет – ақырет (кебін), мәлімет – мағлұмат, қазына – қазине (қазинелі қара нар), қазір – әзір, қақы – ақы – құқ, хақ – ақ, ғашық – асық, ғылым – ілім.

Араб, парсы тілдерінен енген бірқатар кісі аттары әркімнің әр түрлі хат қоюына байланысты сол қалыптасқан күйінде жазылады. Мысалы: Хасан, Хасен; Зәуре, Зура, Зухра; Бәтима, Фәтима, Пәтима; Қали, Ғали, Әли, Әлі;  Жүсіп, Түсіп, Нүсіп; Омар, Ғұмар;

ІV. Бөлек жазылатын сөздер

20. Күрделі атаулардың (мемлекет, республика, мекеме, ұйым аттарының) әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: Қазақстан Республикасы, Мәдениет министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Жазушылар одағы, Актсионерлік қоғам.

21. Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты, құбылысты, ұғымды атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге, кімге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзге заттардан ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады, мұндай күрделі тіркестердің алдыңғы сөзі анықтаушы, соңғысы анықталушы болып келеді. Мысалы: жол азық, ағаш күрек, темір күрек, тас жол, су диірмен,  жел диірмен,  сан ет, қол ет, сұрпе ет, ұл бала, қыз бала, мысық мұрт (жігіт), ала бұлт.

22. Күрделі сан есімдердің, күрделі сын есімдердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: он бір, он сегіз, жиырма бір, жиырма сегіз, жүз он жеті, екі жүз жетпіс төрт, бір мың тоғыз жүз елу үш, төрт жарым, отыз екі жарым; қара ала, көк ала, қара көк, ақ сұр, құла қасқа, құла жирен, торы төбел, ақ шабдар.

23. Күрделі етістіктердің әрбір сөзі бөлек жазылады: Мысалы: жаза бер, жазып отыра бер, жүгіре жөнелді, жүгіріп ала жөнелді, бара алмады, бара алмай қалып еді, жығылып қала жаздады.

24. Есім, еліктеуіш сөздер мен етістіктерден құралған күрделі сөздердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: қызмет ету, жұмыс қылу, жәрдем ету, шап етті, лап қойды, тап берді, қол шапалақтау, ду ете түсу, баж етті.

25. Идиомалық, фразалық тіркестердегі әрбір сөз бөлек жазылады. Мысалы: тайақ жеді, бой ұрды, бас тартты, бас бұрды, қол жалғап (жібер), қол ұшын (берді).

Бірге жазылатын сөздер

26. Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: бүгін, биыл, қыстыгүні, күзігүні, жаздыгүні, алаңғасар ашудас, белбеу, апар, әпер, түрегелді, ерғашті, жарғанат, қарағаш, алтатар, көгөніс, көгала (мылжың), көгала (қойдай сабау).

27. О баста идиомалық, фразалық тіркестер болғанымен, терминдік, атауыштық мәнге ие болып бірігіп кеткен тұлғалар қосылып жазылады. Мысалы: ақсақал, атқамінер, көзқарас, ақсүйек, ойтолғақ, ойтүрткі (бұлар емле сөздіктерінде көрсетіледі).

28. Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер түбір тұлғалары өзгертілмей, бірге жазылады. Мысалы: әркім, әрбір, әрдайым, әрқашан, ешбір, ешкім, ешқандай, ештеңе, кейбір, қайбір, қайсыбір, бірдеңе, бірнеше, бірталай, біраз, бірсыпыра, біржолата, бірыңғай, біркелкі, бірқыдыру, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдеқашан.

Ескерту. Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздері зат есімдермен тіркескенде, бөлек жазылады. Мысалы: еш адам, әр бала, қай үй, кей адам, бір жұмыс, әлде жылқы, әлде сиыр.

29. Екі түбірден құралып, ғылымның әр алуан ( саяси-әлеуметік, лингвистикалық, филологиалық, биологиалық, астрономиалық, физика-математикалық, химиалық т.б.) саласында терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы тұлғаларын сақтап, бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, өнеркәсіп, кәсіподақ, арасалмақ, арақатынас, келіссөз, көзқарас, еңбеккүн, қонақасы, кемпірқосақ, шоқжұлдыз, оттегі/оттек, сутегі/сутек, қостотық, үшбұрыш, көпмүше, тозаңқап, гүлтабан, тамыржеміс, сүтқоректілер, сөзжасам.

30. Атаулық мән алған және әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы бір ұғымды білдіретін сөзге айналған тұрақты тіркестер бірге жазылады: ақкөңіл, ақкөңілді, басбұзар, басбұзарлық, жатжерлік, басқатырушылық.

31. Адамның әр алуан жағымды, жағымсыз қасиеттерін, мінез-құлқын, түр-тұрпатын суреттеп (бейнелеп) атайтын ақкөңіл, ақпақұлақ, ақпейіл, ержүрек, безбүйрек сияқты тұрақты тіркестер қосылып жазылады. Олар -ды/-ді, -ты/-ті, -лық/-лік деген жұрнақтармен де келеді: ақкөңілді, ақпақұлақтық, ақпейілді, ақжүректі, безбүйректік. Бұлар сөздікте бір сөзтізбе түрінде әліпби ретімен беріледі.

32. -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -шылық/-шілік, -лы/-лі жұрнақтары арқылы жасалып, бір ұғымды білдіретін сөзге айналған тіркестердің сыңарлары да қосылып жазылады. Мысалы: көзтартарлық, жатжерлік, бөгдетілдік, адамсүйгіштік, малшаруашылық, жантүршігерлік, сүтқоректі, ашатұиақты, көпшілікқолды.

33. Алдыңғы сыңары бір сөзімен, кейде соңғы сыңарына -ым/-ім жұрнағы жалғанып жасалған өлшем атаулары бірге жазылады. Мысалы: біркөш (жер), біруыс (топырақ), біруыс (болып қалу), сүтпісірім (уақыт),  көзкөрім (жер).

34. Бірінші сыңары зат есім, кейде етістік, екіншісі -ты/-ті, -ды/-ді жұрнақты өткен шақтағы етістік немесе -па/-пе, -ба/-бе жұрнақты сөз болса, мұндай бейнелі тіркестер қосылып жазылады. Мысалы: алыпқашпа (сөз), жүрекжарды (қуанышты хабар), жолсоқты (болу), пышақкесті (тыйылу), қағазбасты (болу), баукеспе (ұры).

35. Екі, кейде үш түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары түбір тұлғалары сақталып, бірігіп жазылады. Мысалы: қосаиақ, қарақұйрық, ақбөкен, тасбақа, құрбақа, бірқазан, аққұтан, көкқұтан, аққу, қарақұс, есекмиа, өгізшағала, жаужұмыр, түйеқарын, шегіргүл, айдаршөп, қырықаиақ, қаракүйе.

Ботаника, зоологиа терминдерінің ішінде мынадай жолмен жасалған күрделі атаулар біріккен сөз болып, сыңарлары қосылып жазылады:

1) Бірінші сыңары ақ, қара, сары, көк, қызыл, ала, боз деген түс атауларымен келген аң-құс, өсімдік аттары және қой, сиыр, түйе, бота, қозы, ат, қойан, айу, бөрі немесе ит, құм, су, бал, у, сор деген жалпы атаулар  мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған сөз тіркесі болып келген терминдер қосылып жазылады: алақоржын (тышқан),  қарақанат, қарабай, қаракөз, алабұға (балықтар), қарақұйрық (аң), құмбетеге, субетеге, сиыржоңышқа, қойжусан, қойқарақат, бөріқарақат,  аққайың, қотырқайың,  итбүлдірген, итқонақ, укекіре, убидайық, балқарағай, балқоға

Ескерту. Ақ, қара, қызыл, қоңыр сияқты сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылатын болса, бөлек жазылады:  ақ айу, қоңыр айу, қара бұрыш, қызыл бұрыш.

2) Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер немесе әр түрлі есім сөздер, екінші сыңары ағаш, шөп, гүл, тікен, жапырақ,  тамыр, құс, балық тауық, құрт, жидек,  жеміс  сияқты жалпы атаулар болып келетін  тіркестер қосылып жазылады: қараторғай, қарағаш, қарақұрт, қаражидек, қарабидай, қызылжидек, сарышөп, сарағаш, қаракүйе, қарақат, қоңыраушөп, сәлемшөп, тарақбалық, күркетауық, түйетауық,  қойаноты, киікоты, түймежапырақ, сужапырақ, сүтжапырақ, әректікен.

36. Екі түбірден құралып, терминге айналған техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларға қатысты зат, құрал жабдық, ұғым атаулары мен әр алуан мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары бірігіп жазылады. Мысалы: шаңсорғыш, еттартқыш, бесатар, өнертапқыш, жанкүйер, бессайыс, ақсүйек, қосқұлақ, аққұлақ, соқыртеке, балтамтап (ойын аттары), беташар, тоқымқағар, ақсарбас ( ырым, дәстүр атаулары),  тоғызқұмалақ, асатайақ, алыпсатар.

37. Екінші сыңары аралық, тану, сымақ деген сөздер немесе бірінші сыңары фото, електр, радио, авто, авиа, аеро, кино, гидро, агро, транс, пост, инфра, ултра, изо, пост, гипер, ал екінші сыңары қазақ сөздері болып келген тіркестер бірге жазылады. Мысалы: халықаралық, ауданаралық, континентаралық, жаратылыстану, шығыстану, абайтану; фотосурет, електрұстара, радиоқабылдағыш, автоқалам, аерошана,  киноқондырғы, агрошаралар, инфрақызыл, ултракүлгін, изосызық, гидрожазықтық, посткеңестік.

Ескерту. Бірігіп жазылуы дәстүрге айналған дүниежүзілік, бүкілодақтық, бүкілхалықтық, қиыршығыстық,  ортазйалық сияқты сын есімдер осы түрінде жазылады (олар сөздікте беріледі).

38. Екі, кейде үш сөзден құралған кісі аттары мен географиалық атаулар, негізінен, түбірі сақталып, бірге жазылады, Мысалы: Досжан, Өтепберген, Әбдіманап, Мергенбай, Қартбай, Талдықорған, Жезқазған, Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақтүйесай, Ақдаласар.

Алдыңғы сыңары дауысты дыбысқа аяқталып, екіншісі дауыстыдан басталатын кісі аттарындағы қатар келетін екі дауыстының бірі (алғашқысы) түсіріліп жазылады: Қожа+Ахмет – Қожахмет, Торы+айғыр – Торайғыр, Мырзы+әлі – Мырзәлі (немесе Мырзалы).

Ескерту. а) Адам аттарының ішінде бек, хан, мырза, әлі (әли, ғали), сияқты сөздермен жасалған есімдердің сыңарлары да әрдайым бірігіп жазылады: Мырзалы, Тұрсынзада, Әбуәлі (Әбуәли), Құлмұхамбет, Бекмұхамбет; соңғы кездерде байқалғандай жалқы есімдердің сыңарларын ажыратып жазу (Мырза Әлі, Бек Мұхамбет, Совет хан деп жазу тәжірибесі дұрыс емес.

Ұлы, қызы сөздері  фамилианы және әкесінің атын білдіретін  сөздермен тіркескенде, жалқы есімге қосылып жазылады.  Мысалы: Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Сара Сәтбайқызы Есова.

ә) Екі түбірден құралған бірқатар кісі аттары түбір тұлғалары өзгеріп біріккен түрінде жазылады. Мысалы: Дәметкен, Ұлбосын, Ұлмекен (Дәмееткен, Ұлмаекен, Ұлболсын емес).

б) Екінші сыңары қ, к дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттары екі түбірдің үндесу ыңғайына қарай да жазылады. Мысалы: Күсепқали, Қоскелді, Айтқожа, Сейітқұл, Аққыз;  алдыңғы түбір дауысты дыбыстар мен ұяң, үнді дыбыстарға аяқталғанда, келесі түбірдің басқы дыбыстары ұяңдап, ғ, г болып айтылса, ғ, г әріптері жазылады.  Мысалы: Амангелді, Нұргелді, Төрегелді, Нұрғиса, Нұрғожа, Есенғұл, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз. Ал қатаң түрде айтылса, қ, к әріптер жазылады.  Мысалы: Әбілқайыр, Әбдіқадыр, Әбілқасым, Қаламқас, Бибікамал, Шәмшіқамар;

в) Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздерден жасалған кісі аттары қатарынан  екі дауыссыз дыбыстан басталмайды,  олардың не алдынан, не ортасынан ы, і әріптерінің бірі жазылады. Мысалы:  Ысқақ, (Сқақ емес), Ысқақбай (Сқақбай емес),  Сымахан (Смахан емес), Сыматай (Сматай емес), Сыланов (Сланов емес), Ырза (Рза емес), Ырзабай (Рзабай емес),  Ырсалды (Рсалды емес);

г) Аттас жерлерді бір-бірінен ажырату үшін алдарынан қолданылатын анықтауыш есімдер бас әріптен басталып, бөлек жазылады. Мысалы:  Кіші Азиа, Орталық Азиа, Үлкен Қараой, Кіші Қараой.

VІ. Қос сөздердің жазылуы

39. Қос сөздердің барлық түрі дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: дүркін-дүркін, үлкен-кіші, үлкенді-кішілі, айақ-табақ, қып-қызыл, қолма-қол, көзбе-көз, қолды-қолына, жалт-жұлт, өзінен-өзі, қараптан-қарап, некен-сайақ, жөн-жосық, сайаси-бұқаралық.

Араларында да, /де, та, /те шылауын салып, етістіктің бұйрық рай тұлғаларынан жасалған сипаттама тіркестер қос сөздер сияқты дефиспен жазылады, шылау сөз бірінші сыңарға (сөзге) қосылып беріледі: уда-шу (айғай), аспа-төк (байлық), ұрда-жық (мінез) келді-кет (немесе кел-кет болып отыру).

VIІ. Қосымшалардың жазылуы

40. Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай, буын үндестігі бойынша, йа жуан, йа жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, белле-тен-дер, мұға-лім-ге, по-ләк-тер, педа-гог-тар, гео-лог-қа.

Ескерту. Күнә, кінә, шүбә, куә, іңкәр, күмән, Күләш, Күләй, Мүтән сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады, тек барыс жалғауы мен етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады. Мысалы: күнәсіз, күнәлі  (бірақ кінәға бату, күнәлау), шүбәсіз, шүбәлі, (бірақ шүбәлану), куәсі, куәлік (бірақ куәға тарту), күмәнсіз (бірақ күмәндану), Күләштің (бірақ Күләшқа).

41. Соңғы дыбыстары рк, рг, нк, иг, кс, кт, ск, лк, нкт сияқты дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады. Соңғы к, г дыбыстарының жіңішке айтылуына байланысты. Мысалы: парктен, паркке, паркі, митингілер, митингіге, фактіге, фактісі, полкке, полктер, полкі, пункттерді, ансамбілге, ансамбілі.

Ескерту. Орыс тілінде брь, бль сияқты әріптерге аяқталатын сөздер бір, біл болып жазылатындықтан, қосымшалар жіңішке жалғанады.

42. Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, дауыссыздан басталатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң, ал сөздің соңғы дыбысы ұяң я үнді болса, қосымшаның басқа дыбысы да ұяң я үнді болып жалғанады. Мысалы: астық-ты, астық-тан, табыс-пен, айт-тыр, трактыр-лар, қағаз-дар, құм-мен, ауыз-бен.

Ескерту. б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Мысалы: штаб-тан, клуб-қа, парад-тан, парад-қа, актив-ке, пассив-ке, педагог-тар, Мадрид-тен.

43. сөздің соңғы дыбысы с немесе з болып, оған с, ш дыбыстарынан басталатын қосымша жалғанғанда, түбірдің соңғы дыбысы өзгертілмей жазылады. Мысалы: жұмысшы (жұмышшы емес), басшы (башшы емес), сөзсіз (сөссіз емес), жазсын (жассын емес), көзсіз (көссіз емес).

44. Сөздің соңғы дыбысы и болып, оған ғ, г, б дыбыстарының бірінен басталатын қосымша жалғанғанда, ол дыбыс өзгертілмей жазылады. Мысалы: күнге (күңге емес), жанбайды (жамбайды емес), жанға (жаңға емес).

45. -ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилиаларға қосымша түбір сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы: Әбілтаевқа (соңғы буын – тай – жуан), Әбілбековке (соңғы буын – бек), Жүсіповтың (соңғы буын – сіп).

46. Қосымшалар дауысты дыбыстан басталғанда, түбірдің соңындағы қ, к, п дыбыстары ұяңдап, ғ, г, б (немесе у ) болып өзгерген түрінде жазылады. Мысалы: тарақ – тарағы, тайлақ – тайлағы, қызық – қызығы, жүрек – жүрегі, тік – тігеді, кітап – кітабы, жап – жабады, тап – тауып – табады, кеп – кеуіп – кебеді. Бірақ қазақы (ат), қалмақы (ер) сияқты бірер сөздердің түбірі сақталып жазылады.

Ескерту. а)  Соңғы буында ы, і дыбыстары бар кейбір сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда, ы дыбыстары түсіп қалады. Мысалы: орын+ы – орны, құлық+ы – құлқы, әріп+і – әрпі, ерін+і – ерні, көрік+і – көркі, халық+ы – халқы, ойын+а – ойна, үрік+ек – үркек (мұндай сөздер емле сөздіктерінде толық көрсетіледі).

ә) ауыл, дауыс, дауыл, қауын, құйын, түйін бірқатар сөздерде тәуелдік жалғауы жалғанғанда, ы  әрпі түсірілмей жазылады: дауысым, дауылы, қауыны, құйыны, түйіні.

б) п, х дыбыстарына аяқталатын кірме сөздерге дауыстыдан басталған  қосымша жалғанғанда, п, х дыбыстары ұяңдамайды: принсип-і, тип-ін-де – типінде, окоп-ы – окопы, сех-ы – сехы, әлманах-ы - әлманахы, тарих-ы – тарихы.

47. нд, мн, кт, нг, мб, ск, фт сияқты дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалар ы, і дәнекері арқылы қосылады. Мысалы: фонд – фонды-ға, фонд-ы-ны, фонд-ы-дан, фонд-ы-сы; шрифт – шрихт-і-ге; штамп – штамп-ы-лау; факт – факт-і-ге; митинг – митинг-і-ге; обиект – обиек-і-лер, обиект-і-ге; ромб – ромб-ы-ның.

48. ст, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да, оларға қосымшалар жалғанғанда, түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады. Мысалы: трест – трестің, трес-іне; ведомст – ведомос-қа, ведомос-ы; сиезд – сиез-ге, сиез-і-нің; сотсиалист – сотсиалистке, сотсиалистік.

49. Бас әріптерден қысқарған сөздер тек қана дауыссыз дыбыстардан тұрса, оларға қосымшалар соңғы әрпінің жуан йа жіңішке айтылуына қарай үндесіп, йа жуан, йа жіңішке болып, дефис арқылы жазылады. Мысалы: ТМД-ға, АҚШ-қа. Ал араларында немесе соңында дауысты дыбыс әріптері тұрса, қосымша сол дыбысқа үндесіп, жуан не жіңішке болып дефис арқылы жазылады. Мысалы: ИУНЕСКО-ның, НАТО-ға, БҰҰ-ның.

50. Тырнақшаға алынған сөздерге жалғанатын қосымшалар тырнақшаның ішіне жазылады. Мысалы: Ол өлең “Қазақ әдебиетінде” басылды; Лев Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқыдық.

VIIІ. Шылау сөздердің жазылуы

51. Шылау сөздер төмендегіше жазылады:

а) шылаулар, негізінде, бөлек жзылады. Мысалы: сабақтан кейін, жиналысқа дейін; қағаз да, қарындаш та; қалам мен сиа; аз ба, көп пе?

ә) ақ, ау, ай, мыс, міс, ды, ді шылаулары өздерінен бұрынғы сөздерден дефис арқылы бөлініп жазылады. Мысалы: сен-ақ, келмейді-ау, әдемісін-ай, барыпты-мыс, шамалы-ақ, көретін-ді, қой-ақ қой.

б) ма (ме, ба, бе, па, пе) сұраулық шылауы түбір мен қосымша арасында қолданылғанда, мы, мі, бы, бі, пы, пі болып өзгерген қалпында бірігіп жазылады. Мысалы келемісің? Айтыппысың, Сұлтанбысың? 

ІХ. Бас әріптің қолданылуы

52. Нүкте, сұрау, леп белгілерінен кейінгі сөйлемнің бірінші сөзі көбінесе өлеңнің әрбір жолы бас әріптен басталып жазылады.

53. Жалқы есімдер (кісі аттары, географиалық атаулар, кәсіпорындардың аттары, кітап, журнал, шығарма, мереке, мекеме, ұйым аттары т.б.) бас әріптен басталып жазылады. Мысалы: Абай Құнанбаев, Максим Горкий, Балқаш, Алматы, Александр Фадеевтің “Жас гвардйа” романы, Наурыз мейрамы.

54. Күрделі есімдерден құралған мынадай атаулардың әрбір сөзі бас әріппен жазылады:

а) Ең жоғарғы мемлекеттік қызмет аттары мен құрметті атақтар: Қазақстан Республикасы Президенті, Президент Әкімшілігі, Қазақстан Халық Қаһарманы;

ә) Мемлекеттердің, республикалардың, жоғарғы мекемелер мен ұйымдардың күрделі атауларының әр сөзі бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Ресей Федерасиасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблейасы.

Ескерту. Әр түрлі мекемелердің, білім-ғылым орындарының, партиалардың, ұйымдардың, бірлестіктердің, қорлардың т.б. күрделі атауларының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: Сыртқы істер министрлігі, Ғылым академиасы, Тіл білімі институты, Ұлттық банк қоры, Мәдениет министрлігі.

Бұлардың бірсыпырасының алдында келетін Мемлекеттік, Ұлттық, Қазақстан Республикасы деген сияқты анықтауыштардың әр сөзінің бас әріппен жазылуы сақталады: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Ресей Федерасиасы Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты.

55. Бірінші әріптерден қысқарған сөздердің әрбір әрпі бас әріппен жазылады. Мысалы: ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы), ҚР (Қазақстан Республикасы), БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), АҚ (Аксионерлік Қоғам), КЖД (Кедендік Жүк Декларатсиасы).

Ескерту. Әріптерден қысқарған сөздердің бірқатары өзге тілдердегі тұлғасымен қолданылады: НАТО, ЙУНЕСКО, ГУЛАГ, УАЗ (авто мәшинесі).

Алғашқы сөздің басқы буынынан, соңғы сөздердің бас әріптерінен қысқарып жасалған сөздердің  қысқарған буынының алғашқы әрпі бас әріппен, қалған әріптері кіші әріппен жазылады, ал одан кейінгі бас әріптерден қысқарған тұлғалар сол күйінде сақталады. Мысалы: Қаз.Ақпарат (Қазақ Ақпарат Агенттігі), КАЗМҰУ – Қазақ мемлекеттік университеті.

Х. Сөздердің тасымалдануы

56. Жазып келе жатқанда жолға сыймаған сөз буын жігіне қарай тасымалданады. Мысалы: ала-қан, ор-на-лас-ты-ру.

57. Екі дауысты дыбыстың ортасында келген й мен у дыбыстары бар сөздерді буындағанда, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады. Мысалы: да-уыс (дау-ыс емес), са-уат (сау-ат емес), да-йындық (дай-ындық емес), құ-йын (құй-ын емес). Ал ұу, үу, ый, ій қосар әріптердің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздер буындалғанда келесі буын дауысты әріптен басталады және солай тасымалданады. Мысалы: бу-ын, су-ық, қу-а-қы, қи-ын, ти-ын, жи-ын (тасымалдаудың бұл түрі қазақ тілі табиғатына қарай емес, қосар дыбыстарды и, у деген жалаң таңбалармен жазуға байланысты қолданылатын шартты ереже).

Ескерту.  Сөз ішінде үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссызды қалдырып, келесі жолға үшінші дауыссыз дыбыс әрпін шығарып тасымалдау керек. Мсыалы: құмырс-қа, (құмыр-сқа емес), күңгірт-теу (күңгір-ттеу емес), жаңғырт-ты (жаңғы-ртты емес).

58. Жазып келе жатқанда жолға сыймаса, мынадай орындарда тасымал жасауға болмайды:

а) екі, үш одан да көп әріптерден құралған бір буынды сөздер жеке тұрғанда тасымалданбайды. Мысалы: ай, күн, картс, пункт;

ә) сөздің жеке әрпін сол жолдың өзінде қалдыруға да, келесі жолға тасымалдауға да болмайды. Мысалы: ара (а –ра, ар-а емес), алақан (а-лақан емес);

б) бас әріптен қысқарған сөздерді тасымалдауға болмайды. Мсыалы: БҰҰ Б-ҰҰ немесе БҰ-Ұ емес);

в) кісі атының қысқартылып алынған әріптерін (инисиалдарын), фамилиадан айырып, сол жолда қалдырмаған да, екінші жолға көшірмеген де дұрыс: А.С.Пушкин, М.О.Әуезов, О.О.Сүлейменов, (А.-С. Пушкин немесе А.С.-Пушкин емес, М.-О.Әуезов, М.О.-Әуезов емес, О-О.Сүлейменов немесе О.О.-Сүлейменов емес).

г) сифр арқылы таңбаланатын сандарды оларға қатысты қысқарған атауларынан бөлмей тасымалдаған жөн. Мысалы: 25 га (25-га емес), 50 см (50-см емес), 50% (50-% емес).

Профессор Рабиға Сыздық және емле мәселесі (1-бөлім)

Әміржанова Н.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.к.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар