Бүгін ҚР Ұлттық банкі «Әлемнің әйгілі мешіттері» монеталар сериясынан номиналдық құны 500 теңгелік «Baiturrahman» ескерткіш алтын монетасын айналысқа шығарды.
Оның бет жағының ортасында Исламның қасиетті орындарына кіреберісті білдіретін стильдендірілген арканың бейнесінен, геральдикалық шиыршықтан және монетаның номиналын білдіретін жазудан тұратын композиция бейнеленген. Номинал цифрларының оң жағында монета дайындалған металдың сынамасын білдіретін «Au 999» деген жазу орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу мен банк логотипі және монетаның соғылған жылын білдіретін «2013» деген сан, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және шығыңқы жиек бар. Сырт жағының ортасында Байтуррахман мешітінің бейнесі, жоғары бөлігінде ағылшын тілінде «BAITURRAHMAN» деген жазу және айналдыра шығыңқы жиек бар. Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер, жазулар және қыры бедерлі. Ол 999 сынамды алтыннан жасалған, салмағы 3,11 грамм, диаметрі - 16 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 3 мың дана.
Baiturrahman мешіті Индонезияның Банда-Ачех қаласының орталығында Ачех провинциясында орналасқан. Провинцияның тұрғындары үшін мешіттің дін мен мәдениет нышаны ретінде символикалық мәні зор, оның үстіне ол 2004 жылғы жойқын цунамиден аман қалды.
Пікір қалдыру