«Қазақстан барысына» шетелдегі қазақ палуандарын да шақыру керек

/uploads/thumbnail/20170708151032123_small.jpg

 

Кешегі "Қазақстан барысы" балуандар додасында қарын аштыратын сұрқай көріністер аз болмады. Әрине, айтулы алыптар айқасын мүлде жоққа шығаруға болмас. Бірақ, әу баста осы доданы ұлттық рухымызға сай етіп ұйымдастыру керек еді. "Барыс" - Елбасының 2030 бағдарламасынан кейін құлаққа сіңісті бола бастағанымен, негізінен бұл ұғым қалмақтарға тән. Ал, қазақ қашаннан алыптардың күресін "түйе балуан" деп атаған. Алдын-ала жасаған жарнамада тау барыстарының бір-бірін тырналаған төбелесін көрсетіп жатты. Қатындарша тырналасқан бұл көрініс - қазақ күресінің рухын асқақтататын емес, керісінше төменшіктететін сюжет секілді көрінді маған. Осы себептен де, доданы "Қазақстан барысы" дегеннен көрі, "Алыптар айқасы" деп атаған дұрыс сияқты. Себебі, "алып" ірлікпен бірге рух кемелділігін (алып-ерен) білдіретін ұғым. Қазақ "балуан шалқая бері бөрі, еңкейе бері түлкі" деп күрес өнерінің өршілдік пен асқан сезімталдықты қажет етететінін тұспалдаған. Сондықтан, "Қазақстан барысы" дегенді "Алыптар айқасы" немесе одан да тәуір атаумен (табылып жатса) атаған жөн деп білемін. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кілемге әрбір облыстан 2 балуаннан ғана қатысты. Алдын-ала іріктеу бәсекелерінде талай балуан бағын сынап, кіл мықтылар ғана шешуші сәтте өнерін көрсеткенімен, ат төбеліндей аз балуан бәрібір боз кілемнің көркін қыздыра алған жоқ. Отыз күн ойын болмаса да, жылына бір рет өтетін осы доданы ең кемінде үш күн улатып-шулатып өткізуге болады ғой. Ол үшін аймақтардан 2 балуанды ғана емес, кемінде 5 балуанды қатыстыру шарт. Тіпті, шетелдіктерді қатыстармасақ та, шетте жүрген қазақ балуандарына да белгілі бір квота беруге болады деп ойлаймын. Мысалыға, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерде күресті кәсіп қылған қаншама қаракөз бауырларымыз бар. Ендеше, еншісі бөлінбеген қазақты бөтегеміз бүлкілдеп "алыптар айқасынан" неге шеттетуіміз керек? Үшіншіден, балуандарымыз бір-бірімен айқасқа түскенде, басым көпшілігі мысқалдай ғана мыспен, бүк-мүк деген түсініксіз ұпайлармен мерейі үстем болып жатты. Өзіміз де ауылда бала күнімізде күресіп өстік (менің екі ағам күрестен спорт шебері). Бірақ, күрескенде мынадай шатпақ ұпай беруді көрген емеспіз. Қазақта "бүк" деген ұғым алып жықты деген мағынаны емес, "бүк түсіп" алу деген өкпелегенді білдіреді. Әрі-беріден соң атандай ақыртып алып ұрмаған соң алыптардың қимылын "бүк-шік" дп бағалау ұсақтық сияқты. Нағында, қазақ күресінің ережесінен әлейім жұртшылық тектіліктің, іріліктің белгісін көруі керек деп ойлаймын. Сондықтан, ережені өзгерту керек деп білеміз. Төртіншіден, қазылар принципшіл болу керек. Кешегідей (Шынкеев пен Ыстыбаевтың айқасы) екіұдай шешім шығарып жатса, яғни, алыптар айқасында бұлт етіп айнып, бір тоқтамға келмесек, өңгеге қайтіп өнеге бола аламыз, өзгеге қайтіп текті елдің тұқымы екенімізді әйгілемекпіз. Иә, айта берсең, моншақша жіпке тізіп, сынайтын тұстар жетерлік. Бар-жағы үшінші рет сауын айтып, өткізіп отырған "алыптар айқасына" қызу қолдау білдіріп, алдағы уақытта мұнанда тартысты, тартымды өтуіне тілектестік білдіреміз!

Мұхан Исаханның фейсбуктегі парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар