Таңертең ауыл шетіндегі меншік табын жиналатын тақырда бүгін де айқай-шу екен. Арық, аласа торының белін майыстырып мінген иықты сиыршы, ат үстінде өзінің ұзын бойын жасырғандай мықшия түсіп, сиыр қосушыларға әлденені айғайлай түсіндіріп жатыр. Екі-үш орыс әйелі қолдарындағы шыбықтарын безеп дау айтуда. Екі жақтың да бірін-бірі тыңдап жатқаны шамалы.
– Осы дүлейден басқа сиыршы құрып қалғандай…
– Он же глухой, мне кажется, и по-своему не очень-то понимает…
– Уж, не понимает, просто прикидывается – деп тарай бастады. Арық торыны бүйірінен емес, ұзын сирақтың керзі етікті өкшесімен ішінен тебініп сиыршы ары беттеді. Менің ойым – ертеден таныс осы кісіге сәлем беру еді, бір сәтсіз уақытта шыққан сияқтымын. Есіме баяғыдағы бала кез түсе берді...
...Көктемнің жазға ауысар шағы. Ауылдан үш шақырымдай жеке қыстаудағы шопан үйінде үлкен той. Былтырдан бері өз алдына жеке отар алып тірлігін жасап жүрген Орынбасар жуықта келіншегі босанып, ұлды болған, соның – шілдеханасы. Бала қырқынан шығып, қарыншашын алғанша, көз тиеді – деп тойды осы шамаға Орынбасардың шешесі белгілеген.
Әсіресе, шешейдің шұқшия қадалғаны – былтыр күзде арғы беттен өтіп, елге келген ағайындардың жайы.
– Жат жерде жабы боп өскен туысқандар елім-жұртым деп жеткенде, суық қабақ көрсетіп шеттетпей ішімізге тартайық, тезірек кірігіп кетсін, солардың бірін қалдырмай шақырыңдар. Бір жағы келгелі біреуіне дәм татырғанымыз жоқ, білмегендіктен емес, жаз-жайлау, қыс-қыстау малшының күйбің тірлігінен – деген. Асылы, шешесінің сөзіне Орынбасар қарсы келуді білмейтін, әкесі соғыста хабарсыз кетіп, анасы аузына тістеп өсірген, бұл үшін одан ақылды жан жоқ болатын. Бақытына орай келіншегі де енесінің қабағын бағатын болып шықты...
...Қойшының ұзын там үйінің бір қабырғасына жапсарластыра киіз, брезент ұстап құраған қалқаның іші гу-гу, қыс бойы шалғай қыстақта бұйығып жатқан малшы қауым бір жасап, бүгінгі мерекеге шын қуанышты. Олардан іргедегі ауылдан келген тракторшы, шопырлар да кем түсер емес . Осы дудың бір әредігінде:
–Бәйбіше, –деген қою дауыс саңқ еткенде, жаңағы гуіл неге екені белгісіз, сап басылып, жұрт түгелдей, алдымен Орынбасардың шешесіне, содан кейін төр жаққа қарады.
– Бәйбіше? – деген дауыс иесі – сақалы бурылданған, бет пішіні келісті жас ортасынан асқан кісі тоқтамай сөйлеп кетті. – Мынау бүгінгі қызыққа сіз шақырып, біз келдік, қуанышқа ортақпыз, құтты болсын. Естіп жатырмыз, жалғыз ұлдан кейінгі төлбасыңыз екен, бауы берік, ғұмырлы болсын. Беремін десе жаратқанның алды кең, үбірлі-шүбірлі болуға жазсын сіздерге – деп сәл тоқтады да,
– Кешегі балапан басына тұрымтай тұсына кер заманда арғы бет ауып, тарыдай шашыраған елдің тұқымы едік біз, бүгінде, Аллаға тәубе, туған жердің топырағын басып, туған елмен қауышып, сол елдің отын оттап, суын сулап жатқанымызға да біраз болды. Енді мынау жан-жақтан жиылған қауым бірін-бірі біліп жүрсін, мен ар жақтан келген азаматтарды таныстырып қояйын – деп сәл кідіріс жасады. Осы кезде мұндай ұзын сөзге үйренбеген, оның үстіне бағанадан бері дастарханда тіреліп тұрған ағы бар, қызылы бар, қолсырасы бар түрлі ішімдіктің біразын жапырып үлгерген «бергі» беттің адамдары гу ете түсті:
– Е, міне жөн сөз, ақсақал төгілтті.
– Ескінің көзі ғой, тура түптен тартты заңғар.
– Е, мұндай кісілер біздің жақта бүгінде жоғалды ғой.
– Маладес шал, пірәмі, төшкіге ұрады.
– Шуламаңдаршы, сөз тыңдатпадыңдар ғой, тіпті – десіп басылғанда, жаңағы сөз иесі жаңа қонақтарды таныстыра бастады. Көбі – Абақ Керей балалары екен, бір-екеуі Өр Найманнан тарайды, үлкендері арғы бетке бала күндерінде өткен, жастары сол жақта туып өскен, барлығы Шыңжаң районының Дөрбілжің қаласының маңындағы ауылдардан. Түп тегі Тарбағатай тауының күнгейі. Арғы бетте көбі негізінен малды кәсіп еткен, бірен-саран қызметке араласқандары да бар, жастардың кейбіреуі үлкен оқуда оқыған, бітіріп үлгермеген...
– Ал, онда таныстық үшін ішіп қояйық – деп босаға жақтан барылдаған Мырзаны жанындағылар түгел жабылып басып тастаған соң, той бір мамыражай қалыпқа түсіп, байсал тапты. Жұрт емен-жарқын әңгімелесіп, бірін-бірі қалжыңмен кеу-кеулей бастады, бұл қазір жаяу айтыс басталады деген белгі еді. Біздің жақта, қай заманнан екені беймәлім, жиын-тойда ән салу емес, айтысу үрдісі, оның ішінде де ең бір «демократиялық» түрі дамыған. Кім-кіммен айтысқысы келсе, соған қарап бір ауыз қара өлең айтса жетіп жатыр, айтыс басталды дей беріңіз, бірнеше жұп қатарынан айтысуы да мүмкін, ешқандай шектеу жоқ, бәрінің сөзі таусылғанда, ішінен суырылып бір ғана жұп қалады, қалған жұрт солардың айтысын тамашалаумен той аяқталады.
Бүгін сол үрдіс ойламаған жерден бұзылды. Дастарханның ортадан төмендеу тұсында отырған кеуделі, қызыл шырайлы жас жігіт жұртты сілтідей тындырып, ән бастады. Көптің қайран қалғаны – ән салу, оның ішінде ер адамның ән салуы бір жағынан болса, одан кейін ән – тосын, ең кереметі – жігіттің әуезі бөлек ерекше дауысы. Үн анау бір көтеріліп, бір басылған кең кеудеден шыға ма, жоқ тамақтан әлде таңдайдан ба, болмаса бәрінен бір уақта шыға ма, айырып болмайсың. Әйтеуір, бір сиқыр бойды жайлап, жанды уатады. Ән аяқталғанда дастархан басы есеңгірегендей тына қалады да, сәттен кейін бұзған араның ұясындай гу ете түседі. Тағы- тағылаған сұраумен жігіт ұзақ ән салды. Көзін төмен салып, сәл теңселе түсіп шырқағанда, бұрын мұндайды патефоннан не жылына Алматыдан бір келетін әртістерден ғана естіп жүрген қалың топтың әнге сусындағаны осы шығар. Жанында отырған иықты, аққұба өңді жігіт ұзын бойын еңкіш ұстайды екен, арасында өзінің қоңыр дауысын қисынды қосып, әнді әдемі әдіптеп отыр. Кезекті ән алдыңғылардан өзгеше екен, туған жерінен шалғайда жүрген жігіттің сағынышы мына орындауда адамның жанын жеп, жүрегін езіп жібергендей. Қос дауыс «Адасқан өрісінен, уәйдай, біз бір үйір-ай...» – деп қоңыраулатып, қоңырлатқанда, бағанағы қызу көңіл су сепкендей басылып, әркім өз ойының жетегінде томсарды, ауыр үнсіздікті «ү-ү-һ-һ, қайтейін-ай» деген мосқал әйелдің терең күрсінісі бұзды. Дастархан басын бір түсініксіз ыңғайсыздық жайлады.
...Әй, ұлдар, – деді осы кезде бағанағы ақсақал, аты – Байтоқ екен, – Жұрттың еңсесін көтеретін бір әндеріңді салыңдар да, аяқтасаңдар да болар. Қызықтың да шегі бар, асыра сілтемеңдер.
Әнші жігіт, Түлек көршісіне, – Баламескі – деді ақырын. – Оған домбыра керек қой – деді ұзын жігіт. – Жанжігіт аңтарылып, бұл жақта домбыраны сирек ұстайтынын білетін сияқты. Бұл жерде де Орынбасардың шешесі көрегендігін жасаған, тойдың алдында ұлы мен келініне берген көп тапсырманың бірі – ауылдағы Сағынтайдың әкесінен қалған домбырасын сұратып алдырып қою болған. Мүмкін, жаңа қонақтардың арасынан шертетіндер шығып жатса деген оймен. Орынбасар үйден төсектегі жиюлы жастықтардың артына тығып қойған ескі қалақ домбыраны алып келді.
Жанжігіттің ұзын қолдарында мүлде ойыншық сияқты көрінген домбыра бастабында міңгірлеп, шыртылдағанымен, сәлден соң икемге келе бастады. Шанақтан жылдам, ойнақы әуен төгілгенде, бағанадан Жанжігіттің жанында қимылсыз тұрған Түлек құлақ тұндыра ысқырып жіберді де екі қолын басынан асыра көтеріп, бір бүйірлеп жылжып-жылжып емес-ау, сырғып жөнелді. Домбыраның қағысына қос қолдың саусақтарын шартылдата қосып, дастарханнан әрірек кішкене алаңқайды бір айналып, табанын жерден сәл көтеріп, одан жерді тепкендей жалған қимыл жасап, екі бүйіріне кезек теңселіп, бір еңкейіп, бір шалқайып қонақтарға жақындай бергенде, домбырасын секірте безілдетіп мына жақтан Жанжігіт қосылды. Биге шыққанда ұзын да еңкіш бойы сымдай тартылды, домбыраны біресе басына, біресе иығына, кейде шыр айналдырған күйі Түлектің қатарына анандай жерге барып бір тізерлей отырды, осы кезде Түлек билей жүріп, ащы шыңғырған дауыспен: «Пар ат шектім сабанға, Бір ат тарта алмағанда, Мәтүр қызлар йыр йырлайды, Йалғыз йата алмағанда»,- деп шырқағанда, қайырмасына күңгірлеп Жанжігіт қосылды. Екі жігіт әндетіп жүріп ұзақ биледі, неше түрлі аң-құстың қимыл-қозғалыстарын келтіріп, кемпір-шал жүрістерін, ұялшақ қыз бен жасық бозбаланың қылығын салды. Ең қызығы, осының бір де біреуінің сөкеттігі жоқтығы, бәрі де жарасымды, бәрі де жөнімен...
Дәм мен қызыққа бөккен көпшілік, ас қайырылғаннан кейін, шәйдің алдында аяқ жазбаққа сыртқа беттеді. Әдетте мұндай тойда қонақтардың біразы, әсіресе үлкендер жағы еттен кейін той иелеріне рахметтерін айтып тарай бастайтын-ды. Бүгін ондай жоқ. Той қызығын қай-қайсысы бойына сіңіре түскісі келгендей әншейінде қарамайтын шәйді желеу етіп, қайтуға асықпады. Ду-ду әңгіменің негізі жаңа қонақтардың өнеріне саяды, үлкен әйелдердің көпшілігі шеткерірек тұрған Түлек пен Жанжігітке жақындап барып, самбырлай сөйлеп тәңір жарылқасындарын жаудыруда. Екі-үш жігіт шет жақта алысып жүр. Тағы бір-екеуі үритсоқтап аналардың қолтығына су бүркуде.
– Әй, шаңдатпай анау жаққа барып алысыңдар. Өнерлерің тасып бара жатса, ортаға шығып күреспейсіңдер ме былай... – деп үлкендердің бірі зекіп еді.
– Күрессек күресеміз, онда не тұр – деді алысып жүргеннің бірі қарсыласын қоя бере сап, бері қарай сыздана бұрылып.
– Өй, мынау шын күрескелі тұр-ей, ей, трәктірістер, шығарыңдар іштеріңнен жаннан безген біреу болса, біздің малшы қауымның түйе Балуанына.Қызуы әлі тарқамаған Мырза барылдап ортадағы қалың топтың ішіне кірді.
– Не, көк темірдің ішінде қыстан қоқшақтап әрең шығып едіңдер, жілік майларың толған жоқ па әлі... Екінің бірі, иә кісілеріңді шығарыңдар ортаға, иә бәйгемізді шаппай беріңдер – деп өзеуреді.
– Үй, мынау тігілмеген бәйгені қанжығасына байлап үлгерді ғой. Байекең бұл тойға балуанын ертіп сайланып-ақ келген екен, басқаларыңның жүлдеден омырауларың іспесін – деп құрдасы Әзімбек қарқылдай күліп еді.
– Күлжиян тәтем ұлды боп жатқанда бәйгеге бір тоқтыны тікпейді дейсің бе.
– Мырза Орынбасардың шешесі жақты меңзеп – соны қазір мына көкеңнің саржалына өзің өңгеріп бересің күлкің көмір болып.
– Е, міне жігіттің сөзі, мынаның арты нығыз, бет қарататын түрі жоқ – деп тағы біреулер шоқты көсей түсті.
– Әй, Назарбек, шықшы мына барылдақтың балуанына, бес жыл физкультурныйда текке оқыдың ба, мынаны әуліктіріп тұрасың ба – деп енді мүйіздеуге өзі ілініп бара жатқан Әзімбек ышқынып. Назарбек үлкен жарыстар болмаса, мұндай ауылішілік алыс-жұлыстан алыс жүретін әдетімен, тобығын тайдырып алғанын сылтауратты. Енді көпшілік шынымен қызына бастады. Әуелде ойыннан басталған бұл алыс, ерегісте бөлектене қалуға қашанда дайын қазақ үшін шын бәсекеге айнала бастады. Жұрт бірін-бірі тыңдамай гулеп кетті.
– Ей, Киікбай, – деді Мырза бағанағы күреспек болған жігітке, осы шуды баса дарылдап ортаға шық та, өзің таңда кісіңді, шықпаса әңгіме жоқ, бәйгені әкетеміз, болды... Шу саябырси қалды. Киікбай көп тосқызған жоқ, топты жарып барды да арт жақта тұрған Жанжігітті көрсетті.
– Мен мынаумен күресем, ұзынның құлағаны жақсы – деді қысқа мойнын ішіне тартып, қабағының астынан бұқакөздене қарап. Бейғам тұрған Жанжігіт абдырап қалды. Жаңағы дуыл да сап басылды. Қалай дегенмен қонақ жігіт, бірден жағасына жармасу қолайсыздау болғаны шын еді. Оған қарап жатқан Киікбай жоқ, Жанжігітті белден ала түсті. Ол да енді кешіксе, қапы қалатынын сезді де, сол қолымен қарсыласының жауырынынан, оң қолымен ішінен тіреп, аяқтарын артқа тастап сіресіп үлгерді. Киікбай алғашқы қарқында ала алмағанына ыза боп, енді Жанжігіттің бойын тіктеуге күшін салды, бір сәтте оның да реті келгендей, белден қатты сығып өзіне қарай тартқанда, ұзын жігіт қайқайып, шалқалай берді, енді Киікбайға сырттан шалса жетіп жатыр, қонақ кескен теректей сұлап түспек, көптің де күткені осы еді. Киікбай да солай істеді, сөйтті де... әуеде көтеріліп барып, айнала беріп шалқасынан дүрс ете түсті, шаң бұрқ етті... Жанжігіт оны қолынан тартып тұрғызды. Мұндай сұмдық шапшаңдықты бұрын-соңды көрмеген көпшіліктің де, Киікбайдың да есі ауып қалғандай, әшейінде біреуден жығылып қалса «қапым бар» – деп өзеуреп, қайта күреспей тынбайтын өлермен, бұл жолы сол әдетінен тайып, сілейіп тұр, әлде қатты жығылып, тынысы тарылып қалды ма?..
Орынбасардың шешесі – Күлжиянның сұңғылалығы дәл келді, осы тойдан кейін арғы беттен келгендермен арада бір түсіністік орнағандай, оның тағы бір себебі совхоздың ұшы-қиыры жоқ мың сан шаруасы да болар. Қиынға төзімді, басшыға талап қоймайтын бұл ағайындар үлкенді-кішілі бастықтарға да қолайлы болды, қайда жұмсаса сонда барады, басқаларды кеңірдектесіп жүріп зорға жұмсаса, бұларда үн жоқ, ай жүреді, жыл жүреді, шаруа біткенде төбесін бір-ақ көрсетеді... Осылай төрт-бес жыл да зулап өте шыққан. Жанжігіт те етке мал айдады, қой қырықты, шөп маялады, маты басты. Маты демекші, арғы беттен келгелі екінші қыста Ертістің жағасындағы қалың қамысты шауып, оны арнайы станокқа сап нығыздап, одан кейін жұмсақ сыммен көктеп қамыс тақта (маты ) жасап жүргенде, бір тосын жай болды. Маты совхоз құрылысына таптырмайтын арзан да берік материал, жергілікті тұрғындар үйдің қабырғасын осыдан ұстап, төбесін де осымен жабады. Сондықтан да қамыс бар совхозға керек. Біздің ауылдың кісілері матыны жағада қона жатып басады, басқа совхоздар шабылған қамысын бірнеше трактор боп келіп, тіркемелеріне тиеп алып, өз жақтарына апарып дайындайды. Бүгін де солардың бір тобы қамысты тау-төбе тиеп алып, қайтар алдында тамақтарын ішіп, жылынып алуға қара қосқа кірді. Ауыз үй, төр үй деп аталатын екі бөлмесі қазандық пешпен бөлінген қара қостың ауыз үйіндегі ұзын стол басына қауқылдай сөйлесіп бес-алты кісі жайғаса бастады. Үй иесі боп саналатын Самай бір қолтық қамысты екі бүктеп жанып жатқан қазандыққа тықты да, қазаннан майшолпымен сүзіп буы бұрқыраған балықты үлкен жайпақ табаққа түсіре бастады. Осы кезде сырттан кірген Доске мен Жанжігіт те шешініп, қолдарын шайған соң дастархан шетіне жайғасты. Бар мәзір – буы бұрқыраған екі жердегі балық, қалың туралған нан, үлкен аяқтарға құйылып, төрт-бес жерден қойылған сорпа болса да, пейіл-кең, қонақтар өз дорбаларын ашып, шошқаның үлкен кесек сүр майы мен пияз, сарымсақ қосты. Іштерінде бір-ақ орыс болса да түгел орысша сөйлейді. Жанжігіттің осында келгелі бір жылдан аса уақыт өтсе де үйрене алмағаны – осы орыстың тілі мен шошқасының майы. Қазір де алдына қойған сүр майға тіксіне көз қиығын сап, өзі ұқпайтын өзге тілдегі әңгімеге назар аудармай, табан балықтың бір кесегінен қылтанын бір-бірлеп суырып, тазалап аузына апарып еппен шайнап отыр.
– Саған айтып отыр – деп Самай бүйірінен түрткенде селк етіп, жан-жағына қарап еді, төр жақтан біреу:
– Не, кереңсің бе, әлде, қытайсың ба? – деп гүр ете қалды. Жанжігіттің әсте көтере алмайтын осы «қытай» деп табалаған сөз еді.
– Жоқ, орысша білмейтін қазақ едім, асқаның – орысшалағаның ба? – деп атырынып шыға келді.
– Ә, тілің бар екен, по-моему даже ұзын сияқты, қысқартып берейін бе? – Гүрілдек дауыс иесі бері қарай кеудесімен бұрылды.
– Өзі берген тілді құдай өзі қысқартар керек десе. Сен бекерге апшыма.
– Құдайыңды ұмытқан екенсің, танытайын ба ? – Осы жерде гүжілдекке қарсы отырған кәртеңдеу орыс қолындағы бөтелкесін шайқап:
– Ауэс, тару задерживаешь, народ на тебя смотрит – деді. Жаңағы гүрілдек алдындағы орысқа бір, одан бағанадан қолында ұстап отырған крөшкеге бір қарап ап, ыдысты басына бір-ақ төңкерді де, бет-аузын тыржитып, пияз иіскеді. Орыс босаған ыдысқа бөтелкеден өлшеп құйып жағалата бастады. Қос иелеріне ұсынған жоқ. Ас ішіп жылынған жолаушылар бір-бір темекіден тартып ап, киініп сыртқа беттеді. Жанжігіт енді байқады, Әуес шынында да зор екен. Күпәйкенің сыртынан ұзын сулықты киіп алғанда төбені тіреп, есікке симайтындай көрінді. Құлақшынның бауын тамағының астынан байлап жатып, бұған көз қиығымен қарап
– Ұзынтұра, – деді, бүгін Әуестің қолы тимегеніне құдай де, келесіде мені айналып жүр.
Жанжігіт үндемеді... Қараңғы түсе жағада ызғырық қатая бастағанда, екі жігіт бүгінгі шығарған матыларын текшеге жиды да қосқа кірген-ді. Самай сарқамысты өртеп жағып, аядай екі бөлмені жып-жылы ғып қойыпты.
– Ал, қолдарыңды шайып отыра қалыңдар, сырбазға бір бүйірден тиіп берейік, бұйырса.
– Дауысың ажарлы, ауың майлы болған-ау бүгін, сырбаз жегізбек болғаныңа қарағанда, Доске ризалығын сабырмен білдіріп.
– Осы Самаштың арқасы ғой біздің кісі қатарында жүргеніміз. Совхоздың қойын білмеймін, екеуімізді қыстан күйлі шығарар амандық болса бұл ерің – деп Жанжігіт те қостап жатыр мына жақтан.
– Әй, ауыздарыңның салымы да, әйтпесе, ауға жоян екі сазанды мен ноқталап қойды дейсіңдер ме, одан да тез отырыңдар дастарханға. Самайдың күндегісі осы, жұмыстың басында шабылған қамысты құшақ-құшақ тасып, станокты айналдыра жеткілікті ғып үйіп тастайды да, қамыс жағадан әрірек құрған ауын қарайды, күнделікті балығын алып, артығын қарға көмеді, «на черный день» – дейді өзі онысын. Тамақ дайындау, пешке от жағу да осының мойнында. Өмірі жағада өскендіктен бе, әлде өзі икемді ме, балықты бітеудей қуыра ма, қақтай ма, жоқ қуырдақ жасай ма, әйтеуір қолынан бәрі келеді. Бүгінгі сырбазын да алдымен қазанға суды аз құйып, қайнатып, оған бөлінген сазандарды батырып, бір бұқтырып ап, отты бәсеңдетіп, қамыс жанып біткенде қазандық пештің табына сорпасы сарқылғанша ұзақ ұстаған. Майын бойына сіңіріп, сартап боп пісетін осы тағамды жағалау жұрты «сырбаз» деп атайды. Кешке дейін суық сорған жігіттер табаққа енді қол салып, ұсақ сүйегі түгі қалмай еріп кеткен ауызда үгіліп тұрған май сазанды көмейлете бергенде, Самай бұрыштағы жүктің арасынан жасыл бөтелкені суырып ап, столға қойды.
– Үй, мынаны қайдан таптың?
– Бүгін мейрам жасадың ғой, ненің қуанышы деп қосарлана жарысқан екеуіне.
– Тізем қақсаса жағайын деп тығып жүр едім – деп кемпірдің дауысына салып, – «Особая московскаяны» ішейік, бағанағылар сияқты ащы «Перцовканы» сіміре бермей. Үшеуі асықпай отырып бір жартыны да, бір табақ сырбазды да тауысты, әңгіме таусылған жоқ.
...Әуеспен бекер байланыстың – деді Доске. «Прибойдың» күлін қаңылтыр құтыға қағып отырып. – Ол қиын адам. Сау күнінде одан кең, одан ақкөңіл кісі жоқ. Ал, аузына бірдеңе тисе болды құтырынып шыға келеді, одан кейін оны тоқтату жоқ, сөзге сенгіш, бағана жанындағылар сені айтып, «анау ұзын сенімен айқасам – дейді» – деп қалжыңдаған болып еді, сол жетті, саған ұрынды, сен де шақ ете қалдың, қайта бұл жолы. Әуесті не тоқтатқанын білмеймін, әйтпесе бір сойқанның болары анық еді. Тегінде онымен байланысып береке таппайсың...
– Өзі ғой бірінші бастаған, әйтпесе, нем бар алғаш көріп отырған кісіде.Мен бетіне қарап сөз айтқам жоқ, өздерің естіп отырсыңдар, Жанжігіт ақтала сөйледі.
– Ақталмай-ақ қой, білеміз Самай сөзді жалғады. – Пәле неде десеңші одан да, пәле Әуестің балуандығында, балуан болғанда кезінде Алматыңның өзіне дейін барып, жүлде әкелген пері, үйінде күміс медаль ілулі тұр сонда алған, өзім көргем. Қазір енді, әрине, бұрынғыдай емес, сонда да бұл маңайда онымен тіресетін жаннан безген ақкөз жоқ, бүгінде.
– Ал, сонда менде несі бар?
– Как несі бар, сен қызықсың-ей, Киікбайды жықтың ба, Бекқазыны жықтың ба, ел «күрес» – дегенде Шәймұрат саған қарсы шықпай қойды ма, ЗИЛ-дың моторын жалғыз салдың ба, осы аз дейсің бе бағанағы сияқтылар осыны Әуеске жеткізбеді дейсің бе? – Сонда маған не қылмадың дейді?
– Түүһ, мынау менің миымды шоқып бітірді ғой, әбден. – Самай құрдасы Жанжігітке қашанда еркін сөйлейтін әдетімен. Енді сенімен күреспеген кім қалды, әһә, сол қалды, иә, Әуес, енді жетті ме, өй, сенің анау төбені тіреген басыңа жеткенше қайда – деп қолын түңіле сілкіген Самайдың қылығына үшеуі де күлді.
– Жарайды, жігіттер, дем алайық деген Доскенің сөзінен кейін ұйықтауға жатқанымен, Жанжігіттен ұйқы қашты. Көз алдынан бүгінгі уақиғалар өте берді. Әуестің бағанағы түрі елестеді есіне Бекқазының қылығы түскенде, күлкісі келді... Бұған бригадир Қапар көмір түсіріп алуға трактор берген, содан Жанақтың жанына сығылысып отырып Құйғанға келсе, біраз көлік кезекте тұр екен. Бұл да көмір босататын арық сары кісіге қағаз жаздырып алған соң, кезектің аяғына тракторын қойғызып, өзі шеткерірек шығып аяқ-қолының сірескенін жазып жүрген.
– Жігітім, – деп артынан біреу гүр еткенде, селк етіп жалт қарады. Қойманың қоршауының ортасындағы үйшіктің шалқасынан ашық терезесінен біреу жасыл фуражкалы басын шығарып, қол бұлғайды. Бұл жақындап кеп сәлем бергенде, ол басымен есікті нұсқап:
– Заходи – деген, бүйірдегі аласа есіктен бүктетіліп әрең кірген бұған орнынан тұрды да, – Бекқазы, проще Бека – деп қолын ұсынды. Жанжігіт енді байқады, мына адамның пошымы бөлек екен, бойы қанша болса, ені сонша сияқты, жап-жалпақ, жұп-жұмыр, тұтасып жатқан бір алып дене, сөзі де, қылығы да елден ерек.
– Как зовут, атың кім ? – орысша-қазақша сұрап алды да, значит, Жако... Слушай, Жако, денең бар екен, уважаю, менімен күресіп байқасаң қайтеді, обещаю, борьба будет честной – деп маңдайында екі балға айқастырылған жапсырма темірі бар жасыл фуражкасын шешіп столға қойды. Жанжігіт енді байқады, мына дәудің басы да денесіне сай қазандай екен, мойын жоқ, иыққа қондыра салғандай дөңгелек жалпақ бетте екі қысық көзден басқаның бәрі молынан пішілген. Жанжігітке жас мөлшері қырыққа таяп қалған бұл жігіт ағасы ұнады.
– Ну что, решайся, көрейік айқасып – деді қайтадан Бекқазы мұның үндемегенін келіспегенге балап.
– Мен көмірге кеп отырмын ғой , күрескелі емес, Жанжігіт шын қысылды.
– За уголь не беспокойся, ылғи кесегін тиетіп берем, Бека словами не бросается, любойдан сұра. «Жакоға» шегінер жер қалмады.
– Қайда күресеміз?
– Вот это – правильный базар, маған жүректі жігіттер ұнайды, кеттік. Алға түсіп ап тарта берді. Жалпақтығынан ба, жалғыз жүргенде аласа сияқты көрінеді екен. Көмір қоймасының алдында бір топ кісі тұрған, әлгілерге:
-Бәрің жүріңдер, біз Жако екеуіміз күресеміз, сендер болеть етесіңдер – деп гүжілдеп еді, кезек тосып тұрғаны бар, ерігіп әңгіме іздеп тұрғаны бар, бір топ кісі бері қарай дуылдай ошарылды. Бекқазы қоршауды бойлай біраз жүріп кеп, кең құмдауыт алаңқайға тоқтады, Жанжігітке алаңқайды қолымен нұсқап.
– Вот наше поле брани, то есть, майдан даласы – деп қарқылдап күлді де, қоршау бағанының түбінде жатқан ескі темір астауды аударып, астынан бір түйіншек суырды. Жазып еді, онысы ұзын енсіз сұрып екен.
Құмарбек ҚАЛИЕВ
Пікір қалдыру