Жақында zona.kz интернет басылымында азаматтық топтың белсендісі Айгүл Өтепованың «Алматы облысы, Ұйғыр ауданының атын жедел ауыстыру керек» (Уйгурский район Алматинской области необходимо переименовать) атты көлемді мақала жарық көрген болатын (https://zonakz.net/blogs/user/ajgul_utepova/37706.html).
Мақалада Қазақстан жеріне жер аударып келе бастаған ұйғыр диаспораларының алғашқы легі мен Қытай дүңгендері туралы сөз қозғалған. Айгүл Өтепованың айтуынша, қазақ жеріне ұйғырлар сонау 19-ғасырдың 60-жылдарынан бастап қоныс аудара бастаған. «Тіпті, 1924 жылы Кеңес өкіметінің жарлығымен жеке «Ұйғыр автономиясы» да құрылған. Алайда 1939 жылы автонимия тарқаталған. Ал қазіргі таңда бұрынғы автономияның орнында жекелеген ұлттың атымен аталатын аудан әлі бар», дейді Өтепова ( В 1924 году уйгуры тоже получили автономию в составе СССР. Был провозглашен Уйгурский Автономный район, который просуществовал до 1939 года. С тех пор на территории нашей страны нет уйгурской автономии. Но этническое название района, тем не менее, осталось).
Сондай-ақ автор (ред..А.Өтепова), «меніңше еліміздің әкімшілік-территориалдық бірлігінде қандай да бір этникалық ұлттың атауы тұрмауы тиіс. Бұл баяу әрекет ететін – бомба. Қазақстан – қазақтардың мекені. Ал өзге диаспоралар соған бейімделуі керек. Бейімделу дегеніміз – әр ұлт өз дәстүр-ғұрпынан бас тарту деген сөз емес. Бұл мемлекетті құрушы ұлтқа айналу деген сөз»,-дейді Айгүл ханым.
Неліктен Алматы облысының білдей бір ауданы «этникалық ұлттың» атауымен аталатыны көбімізге түсініксіз екені рас-ақ. Бұл туралы Айгүл ханым, «Неге аудан атауы «этникалық ұлттың» атауымен аталуы тиіс? Жақсы, ендеше, СҚО-нан орыс ауданын, ОҚО-дан өзбек ауданын т.б. ашып берейік. Бұл теңсіздік. Неге мемлекетті құрушы өзіміздің «Қазақ» ауданы жоқ? Мысалы, Ресейде де «қазақ» ауылы немесе ауданы жоқ. Бізде бар. Ұлтаралық теңсіздікті болдырмау үшін жедел арада аудан атын ауыстыру керек», дейді Өтепова.
Естеріңізде болса, 2007 жылдың 1 наурызы күні тарихшы Гүлмира Тойболдинаның «Почему молчат ученые?» атты мақаласында Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдан кейінгі 1992 жылы ұйғыр ғалымдары Кабиров пен Алиевтердің «Бірлесу» газетіне «Жетісу ұйғырларының құқығы заңмен қорқалуы тиіс» (права уйгуров Семиречья должны быть защишены законом) атты мақала жазғандығын, бірақ мақаланың мәтіндік мазмұны тақырыпқа сай еместігін, онда ешқандай да жетісулық ұйғырлардың құқығы аяққа тапталмағанын, тек автономия құру армандары туралы айтылғандығын жазған болатын (газета «Қазақстан» № 8 (148) от 1 марта 2007).
Сондай-ақ Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Тасқарасу ауылында жоқ мемлекеттің туы желбірегенін, ауданда ұлттық мемлекеттік мәселенің қордаланып қалғаны туралы «Жас Алаш» газетінде көлемді мақала жарық көрген болатын (№ 40 саны 20 мамыр 2010 жыл.). Онда белгілі саясаткер, «Ұлт тағдыры» қоғамдық берлестігінің төрағасы Дос Көшім мырза; «Негізі ұйғыр мәселесімен Шығыс Түркістанды араластырмау керек. Бұл ұйғыр ұлтшылдарының қателігі.Өйткені, Қытай мен Ресейдің ортасында тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құру үшін күрескен – қазақтар. Меніңше, бұл жерде негізгі мәселе Ұйғыр ауданының атын өзгертуде жатыр.Ұлттың атауын аудандарға бермеу туралы мәселе де көтеріліп жүр. Мен бұған да қарсымын. Қазақтың аты қазақ жеріне беріледі. Бірақ, унитарлы мемлекетте басқа ұлттың атын елдімекенге беруге мүлде болмайды»,-деген болатын.
Ал 2007 жылдың 9 наурызында «Жас Қазақ» газетінде «Қуырдақтың көкесі» - Ұйғыр ауданында» атты мақала жарық көрген болатын. Онда ҚР Білім және ғылым министрінің 24 қыркүйектегі № 693 бұйрығымен бекітілген жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде жүзеге асырылады. Осы стандатқа сәйкес жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы пәндері оқыталады. Ал «Ұйғыр халқының тарихы» деген пән енгізілмегендігі туралы жазған. Яғни, «Қазақстан» газетінде айтылғандай Ұйғыр ауданы Ават ауылындағы орта мектепте оқытылып келген «Ұйғыр халқының тарихы» пәні заңсыз екендігін дәлелдейді.
Ал 2007 жылғы 29 желтоқсандағы санында «Жас Қазақ» газеті «Ұйғырлар ұлы жоба жасаған ба?» атты мақала жарық көрген болатын. Онда да аудан атауын өзгерту туралы мәселелер кеңінен көтерілген.
Жә, кезең-кезеңімен орын алып отырған Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшіқазақ аудандарындағы Шелек, Малыбай ауылдарындағы ұлтаралық қақтығыстар туралы «Қазақстан заман» газетінде 24 қаңтар 2008 жылы, № 9, 26 ақпан 2009 жылы № 11-12, 19 наурыз 2009 № 19, 9 сәуір №14 сандарында және «Жас Қазақ» газетінің 2009 жылдың 9 наурызындағы санында еліміздің біртұтастығына сына қағатын жергілікті ұлт өкілдерінің шовинистік пиғылдағы әрекетіне тоқтау қойып, көптеген өрескел заң бұзушылықтарға негіз болып отырған аудан атауын өзгерту ұсынған мақалалар жарық көріп келген болатын. Тіпті, аудан тұрғындарының аудан атауын өзгертуді сұрап ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған хаты және 500 адамның қолы қойылған өтініштері де жоқ емес еді.
Бұл ұсынысты Қазақстанның зиялы қауымы құптап, ақын, жазушы, ғалым, саясаткерлер қауымы бас көтерген болатын.
Енді, міне азаматтық белсенді Айгүл Өтепова Алматы облысындағы аудан атауын өзгерту мәселесін қайта көтеріп отыр. Мақалада жер жәннаты Жетісудағы ең шұрайлы мекенді иемденіп отырған ұйғыр диаспорасының жекелеген құндылықтарына қол сұғушылық емес, аудан атауын жедел арада өзгерту мәселесі көтерілгендіктен, унитарлы мемлекет - Қазақстандағы этникалық ұлттардың теңдігін ескеру жөн болар.
Сондықтан жоғарыдағы айтылғандарды сараптай келе, мемлекетті құрушы ұлтты тұқыртып, мысын басу саясаты жолында КСРО-ның Ұйғыр ауданын құруы, бұл керек кезінде Ресейдің де, Қытайдың да Қазақстанға қарсы іске қоса алатын «ұзақ мерзімді минасы» емес пе?! Сондай-ақ, біздің елді мекен етуші диаспоралардың сеператистік оқшаулану саясаттарына бұғау салу үшін – елді-мекендердің атауларын этникалық ұлттардың атымен атаудан бас тартатын уақыт жеткен жоқ па? Айтпақшы, биыл Ұйғыр ауданының 80 жылдығы тойланатынын және осы уақыт аралығында ауданды бірде бір қазақ немесе өзге ұлт өкілінен шыққан азаматтардың басқармағанын ескерсек, егемендіктің ширек ғасырында ел территориясында білдей бір ауданның өзге бір ұлттың атымен аталуы біздің елдің унитарлығына және толеранттылығына сын болары анық.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру