Әкім орынбасары қаладағы проблемалық нысандардың жұмысымен танысты

/uploads/thumbnail/20170708191834940_small.jpg

Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев пен Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов қаладағы бірнеше проблемалық нысандардың жұмысымен танысты.

Шаһардың көкейкесті мә­­селелерін шешу мақ­­сатында қаланы ара­лауға шыққан аймақ басшылары жұ­мыс барысында халық ахуалын жақ­сартатын ілкімді істерге қолдау білдірсе, оң өзгерістерді тежеген проблемаларға қапа болды. 

14 пен 7 шағынауданда су тарту және сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жұмыстарымен айналысып жатқан «АйСервис» ЖШС мен «Онай» ЖШС өкілдері Сүйіндік Алдашев пен Серікбай Трұмов бастаған топты жұмыс барысымен таныстырып, сауалдарына жауап берді. Алайда нақты жұмыс кестесі жоқ «АйСервис» ЖШС-нің жұмысына көңілі толмаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақтау әкімінің басшылығымен коммуникация желілеріне қатысты құрылыс жұмыстарын қадағалайтын арнайы комиссия құруды тапсырды. Сондай-ақ жолдың бойындағы жерді қазып қойып, қала тұрғындарының қауіпсіздігіне немқұрайды қарап, қоршау қоймағаны үшін басшылар «АйСервис» ЖШС-не ескерту жасады. Ал «Онай» ЖШС бастаған жұмысшылар еңбегі қарқынды адыммен жүргізілуде, егер осы қалпынан танбаса, қыркүйек-қазан айларында аяқтау жоспарланған екен.

– Қала әкімі басшылығымен құрылған арнайы комиссия мерді­гердің жұмыстарын бақылай­тын болады. Құбырларды ауыстырып болған соң, аумақты қоқыстан тазартып, шұңқырларды көміп, реттеп, қазбас бұрын қандай күйде болса, сол қалпына әкеліп, комиссияға тапсыру қажет. Кейін комиссия арқылы үздік мердігерлердің тізімі жасалып, осы тізімге сүйене отырып, жауапты жұмыстарды тапсыратын боламыз,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев.

Инженерлік жүйенің құрылы­сы және қалпына келтіру жұмыс­тарымен етене танысқан соң басшылар білім нәрін төгетін, тәрбие дәнін себетін ғимараттарға ат басын бұрды. Маңғыстау облысы республика бойынша бала туудан көш бастап тұр. Сондықтан өңір үшін мектеп пен балабақшаның орны орасан. Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында №5 орта мектеп пен №17 балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп, балақайлардың жарқын бола­шағы үшін септігін тигізуде.

120 адам бір жұдырықтай жұмылып білім ұясының ішкі-сыртқы жағын толық жөндеуде. №5 мектептің директоры А.Досовтың сөзінше, жұмыстың жартысынан көбі аяқталған. Бірақ, Ақтау қаласының әкімі С.Трұмов күрделі жөндеу жұмыстарының қыркүйекке дейін аяқталатынына күмән келтірді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев асығыс жасап, істеріне немкетті қарап, сапасыздыққа жол бермеу керек­тігін ескертті. – Бұнда тек бұзу жұмыстары жасалған. 120 адам үшін сапалы әрі тез жұмыс жасап, уақытында аяқтау өте күрделі. Олар тамыздың ортасына дейін бітірмесе, мұғалімдердің өз кабинеттерін ретке келтіруге уақыты болмай қалады. Балаларға да оқуды бастау қиынға соғады. Бұл тығырықтан шығу жолдарының бірі – жұмысшылар санын көбейту және нақты жоспар құру,-деді Сүйіндік Алдашев.

1973 жылдан бері жөндеу көрмеген балабақша да түгелдей жаңарып, көз сүйсіндірер қалыпқа ендірілуде. Күрделі жөндеудің аяқталу мерзімі – қараша болып белгіленген, сондықтан балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен келісіп, балақайларды үйде не басқа балабақшада уақытша орналастыру жағы қарастырылмақшы.

Одан соң билік өкілдері күрделі жөндеудің тәмамдау сатысына жеткен маңызды нысанды аралады. Ақтаудың сәні Абай атындағы мәдениет кешенінің ішкі және сыртқы оң өзгерістеріне көңілің толып, енгізілген жаңашылдықтарына қуанасың. Кешеннің залында орындықтар орнатып, кондиционерлік жүйесін дұрыстап, тағы басқа шағын жұмыстарын бітірген соң, мәдениет үйі есігін ресми түрде ашпақ.

Халыққа рухани азық сыйлар мәдениет кешенінен бөлек, жанына сая, көңіліне пана болатын «Ақбота» паркінің абаттандыру жұмыстарымен де танысты басшылар. Шаһардың жалғыз паркінің көркеюіне үлес қосуды мақсат тұтқандар нысанның эскиздік жобасы хақында егжей-тегжейлі әңгімелеп, қандай қаржы бөлінгенін, қандай бастамалар қолға алынғанын атап өтті. Жоспар бойынша паркте даңқ аллеясы, жасыл театр, балаларға арналған ойын-сауықтар, шекаралық жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтасы, ролик және скейтборд тебетін жолдар, «Қазақ ауылы» этнографиялық кешені, көрмелік зал, ашық би алаңы, 200 көлік орнына шақталған және қызмет көліктеріне арналған тұрақ, «Шағын Маңғыстау» макеті сынды қызықты жобалар қарастырылған. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Ақтау қаласы әкімі орынба­сарының міндетін атқарушы Берік Ізғалиевтің айтуынша, «Ақботада» жоспарланған жобалар біртіндеп жүзеге асырылмақ. «Ақбота» паркін абаттандырумен «Факел» компаниясы айналысады. Оған арнайы қаржы да бөлінген»,-деген ол жарықтандыру мәселесі де шешімін тапқанын айтты. Ал қала әкімі паркте орын алатын балаларға арналған ойын алаңдарын және тағы басқа жобаларды кәсіпкерлерге беруді ұсынды. «Жерді ешкім иеленбейді. Кәсіпкерлер тек өз істерін дөңгелетуге, жобалардың жұмысын өрге өрлетуге мүмкіндік алады. Ал біздің міндетіміз – парк ішін абаттандырып, айналасын жасыл желекке толтыру»,-деді С.Трұмов.

Танысу жұмысының қорытын­дысында билік өкілдері заманауи үлгіде салынған «Софи мед групп» ЖШС көпбағытты клиникасына бас сұқты. 6 қабатты ғимарат сан алуан бағытта қала тұрғындарына ем-дом жасап, жәрдем береді. 

– Біз еуропалық дәрігерлер кластерін шақырдық. Олар жергілікті мамандармен тізе қосып жұмыс істеп, өз тәжірибесімен бөлісетін болады. Клиниканың ашылуын тамыздың басына белгілеп отырмыз. Кадрлар жеткілікті. Мамандар саны 300-ге жуық болмақ. Жеке инвестициялар­ға салынған медициналық нысан аймақтың денсаулық сақтау саласына айрық­ша үлес қосарына сенімдімін. Шетел мамандарымен 2 жылға келісімшартқа отырдық. Осы уақыт ішінде жергілікті дәрігерлер біліктілігін арттырып, жаңа еуропалық тәжірибені меңгереді,-деді «Софи мед групп» ЖШС көпбағытты клиникасының медициналық директоры З.Цхадая.

Өңір басшылары медициналық нысанмен танысқан соң клиниканың болашақ бағытына қолдау білдіріп, келешек қызметіне сәттілік тіледі. Қаладағы қордаланған мәселелерге куә болған облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев пен қала әкімі Серікбай Трұмов алдағы уақытта проблемалардың шешілуін жақындатып, нақты істерге көшетінін жеткізді.

Қатысты Мақалалар