Алматы. Қамшы порталы – Маңғыстау облысындағы жұмыссыздар мұнай секторынан басқа салаға бармай отыр. Басты себеп - жалақы төмен. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осылай мәлім етті.
Облыс басшысының сөзіне қарағанда, өңірде жұмыспен қамту жағдайы да жағымды көрсеткішке ұласып отыр. Оның айтуынша, өңірде халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіші 266 мың адамды құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 3 пайызға артық.
«Жұмыссыздар саны азайып отыр, олардың саны қазір 15 мыңға жетпейді. Жалпылама алсақ, біздегі жұмыссыздардың басым бөлігі мұнай секторынан жұмыс іздейді. Олардың әрқайсысына дерлік басқа салаларда жұмыс орындары ұсынылғанымен, жалақының төмендігіне орай жұмыссыз 10 адамның алтауы одан бас тартады. Сондықтан да біз маңғыстаулықтар үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтитын «Жаңа серпін» атты бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Аталмыш бағдарлама жақын 3 жылда 9 мыңнан астам жұмыс орындарының ашылуы болжанатын 32 жоба үшін мамандар даярлайды», - дейді А.Айдарбаев.
Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы өмір сүрудің орташа ұзақтығы 71,7 жасты құрайды.
«Маңғыстау облысында бала мен ана өлімі айтарлықтай азайды, тұрғындар арасында қан айналымы жүйесінің ауруынан болатын өлім-жітім едәуір төмендеді. Туберкулез ауруына шалдыққандар мен осы ауру салдарынан көз жұмғандар қатары азайды. Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады», - деді Алик Айдарбаев.