Облыс әкімі А.Айдарбаев іссапармен Жаңаөзен қаласында болып, мұнайлы мекеннің мүмкіндігі мен келешек көкжиегін кеңейткен бірқатар өндірістік орындарды аралады. Сапар барысында мұнай өнеркәсібінің өсім қарқынын бәсеңдетпеу, сұйытылған газ бағасын қалыпты деңгейде ұстау арқылы жетекші салалардың экономикадағы үлесін арттыруға басымдық беріліп, түйткілді мәселелер таразыға тартылды. Облыс әкімі Алик Серікұлы жауапты тұлғаларға өндірісті өлкеде сабақтасқан салаларда көрініс тауып отырған кедергілер мен кемшіліктердің жолын кесуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
«Қара алтын» құнсызданса да...
Аймақ басшысының жұмыс сапары Жаңаөзеннің тыныс-тіршілігімен бітеқайнасқан «Өзенмұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде кәсіпорынның қорытынды есеп беру жиынына қатысудан басталды. Аталмыш акционерлік қоғамның бас директоры М.Ибағаров баяндамасында кәсіпорынның жартыжылдығындағы өндірістік өсім мен қаржылық қиындықтар, алдағы міндеттер мен қол жеткен табыстарды түйіндеді.
– Мұнайшылар бірінші жартыжылдықта 2 млн.721 мың 500 тонна «қара алтын» өндіріп, жоспарды межелі мөлшерден 21 тоннаға артық орындады. Өткен жылы акционерлік қоғамға қарасты кен орындарында жер қойнауынан 5 млн.480 мың мұнай өндірілген болатын. Кәсіпорын жұмысшылары жыл сайын өндірістік өсімнің қарқынын арттырып, ел ырыздығын еселеуге жұмыстанып келеді. Әлемде «қара алтын» бағасының құлдырауы салдарынан компаниямыз қазіргі таңда 114 млрд. теңге шығынға ұшырап отыр. Маусым айында екі сағаттан аса уақыт электр энергиясы болмай, 500 мың тоннадан аса мұнай жоғалттық. Компаниямыздан әлеуметтік нысандар салуға 1 млрд.теңге қаралды» деген Мақсат Оңғарбайұлы кен орнында жыл басынан бері бірнеше өндірістік нысан бой көтеріп, тозығы жеткен ғимараттар жаңғыртудан өткенін хабарлады.
А.Айдарбаев мұнайшылардың алдында Үкімет басшысының тапсырмасына сай мұнай өндіру көлемін азайтпай, еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұрғанын жеткізіп, осы талап үдесінен шығуды тапсырды.
- Иран мемлекетіне салынған халықаралық санкция алынып тасталды. Егер Иран әлемдік нарыққа шығатын болса, мұнай бағасы тағы да төмендеп кетуі ықтимал. Ол мемлекетте «қара алтын» қоры қомақты. Сондай-ақ, Қытай экономикасы да төмендегендіктен, мұнай ресурсына қажеттілік азайып, «қара алтын» құны құлдырауы мүмкін. Бұрынғыдай емес,мұнай бағасының төмендеуі ұзаққа созылып отыр. Сондықтан да, шығындарды есепке алып, тиімді жұмыс ұйымдастыру керек. «Өзенмұнайгазға» жаңа электр стансасын салу мәселесін тездетіп шешу қажет. Бұл стансаның құрылысына инвестиция тартуға болады. Осы жұмысты созбалыққа салмай, дереу іске кірісуді тапсырамын»,-деді облыс әкімі. Сондай-ақ Алик Серікұлы өз сөзінде «Өзенмұнайгаздан» тапсырыс алатын мердігер мекемелер жеткілікті жұмыс көлемімен қамтамасыз етілуі керектігін қаперге салды.
Мұнан кейін облыс әкімі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өнеркәсібінің өрісін кеңейтуге септесетін «Бұрғылау» ЖШС-ның өндірістік алаңында жұмысшылармен кездесті. Өндірістік өрлеуді бетке алған іргелі кәсіпорынмен 3 жылға келісім-шартқа отырған бұрғылау мекемесі ұңғы қазуға тапсырыс алады.
– Қазіргі уақытта бізде жұмысшылар саны артып, орташа айлық жалақы да өсті. Осыдан 7-8 жыл бұрын қызметкерлеріміздің саны 1244 болса, қазір 2218-ді құрайды. Соңғы жылдарда еңбек өнімділігін жақсарту мақсатында озықф үлгідегі қондырғылар мен техникалар сатып алынып, қолданыстағы құрылғылар жаңғыртылды. Мәселен, өткен жылы пайдалануға берілген VR-500 бұрғылау қондырғысы автоматтандырылған, төрт мың метр тереңдіктегі ұңғыларды қазуға қауқарлы. 226 тонна жүкті көтере алатын жаңа қондырғы бұрғылау уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп, жұмысшылардың қауіпсіздігі талаптарына жауап береді,-дейді аталмыш серіктестік директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Б.Қожанепесов.
Бұрғылау мекемесінің ұңғы қазуға алған тапсырыстары жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жыл басынан бері 156 кен орнының көзін ашқан бұрғышылар алдағы уақыт еншісінде 240-тай ұңғы қазуды жоспарлап отыр.
Сұйытылған газ сенімді қолға беріледі
Аймақ басшысының жұмадағы жұмыс сапары «Қазақ газ өңдеу зауытында» жалғасты. Зауыттың кеңсе ғимаратында облыс әкімі А.Айдарбаевтың төрағалығымен өткен жиында сұйытылған газ бағасы төңірегіндегі түйткілді мәселелер талқыланды.
– Зауыт өнімі «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС және кәсіпкерлерге жасақталған тізім мен белгіленген лимит бойынша беріледі. Қазіргі уақытта баға өсіміне тоқтау салынып, жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек жоқ. Министрлікке, Парламентке хат жазылып, сұйытылған газға қойылатын бөлшек сауда бағасын реттеу үшін заңға толықтырулар енгізуге ұсыныс жасалды. Бұл талабымыз орындалса, газ таратумен шұғылданатын кәсіпкерлер өнімді тұтынушыларға белгіленген бағада ғана сата алады. Демек, газ бағасы төңірегіндегі қиындықтар мен кедергілер толық шешімін табады. Ағымдағы жыл аяғына дейін зауыттың шығын көлемі 4,5 млрд.теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл шығынды жабуға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ көмектесіп отыр»,-дейді зауыт директоры К.Нагманов.
Жиында облыс әкімі А.Айдарбаев бөлшек сауда бағасын реттейтін заңға толықтырулар енгізілгенше, сұйытылған газды «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС-не, жеке кәсіпкерлерге беру қолдан басқарылатынын жеткізді. Бұл жұмысты ұйымдастыруды қала әкімі мен зауыт басшылығына тапсырды. Облыс әкімі Алик Серікұлы бұдан былай зауыт құбырларынан ағылған сұйық отын бағаны белгіленген мөлшерден асырмайтын, алыпсатарлықпен айналыспайтын «ҚазМұнайГазӨнімдеріне» қарасты жанар-жағармай бекеттері мен сенімді кәсіпкерлерге ғана берілу қажеттігін міндеттеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде сұйық отынды сату-сатып алуды зауыт пен кәсіпкерлер арасындағы келісім- шарт негізінде ғана жүзеге асыруды ұсыныс етті.
Облыс көлемінде сұйытылған газ сатумен айналысатын 149 кәсіпкер зауыттан күніне 400 тонна отын алып отыр. Бұрын бір айда өндірілген 13 мың тонна сұйық отынның 1000 тоннасы экспортталыпты. Зауыт директоры К.Нагмановтың айтуынша, қазір басшылықтың тапсырмасына сай газ облыс көлемінен әрі аспайды. «Қарақұдықмұнай», «Кенсары», «Доңға», «Еміройл» кен орындарында газдан бөлініп шығатын конденсатты аталмыш зауытта өңдесе, сұйытылған газ көлемін бірнеше есеге арттырып, ішкі нарықтан бөлек шетелге де шығаруға болады. Еуропаның стандарттарына сай келетін отандық өнімге шет мемлекеттерде сұраныс бар болғандықтан, қуатты жұмыс жүргізуге қауқарлы зауыт алдағы уақытта өндірістік өрісті кеңейтуге бағыт түзейді.
Жаңа жобалар осында қанаттанады
Сапар соңында облыс әкімі А.Айдарбаев Жаңаөзен қаласының шетінде орналасқан өндірістік алаңға ат басын тіреді. Мұнда Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Н.Худибаев моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша салынып, жуырда пайдалануға берілген өндірістік аймақтың әлеуеті мен сәулетінен хабардар етті.
Отандық өндірістің өрісін кеңейтіп, шағын кәсіпкерлердің шаруасының шырайын келтіруге жол ашатын жобалар осы өндірістік алаңнан қанаттанады. 30 гектар аумақты алып жатқан өндірістік алаңда жобамды жүзеге асырамын деген 35 кәсіпкердің жер телімі белгіленіп, қазығы қағылған.
– Мұнда «АқтауОйлМаш» ЖШС 1,5 га аумақта мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті құрал- жабдықтар шығарса, «Батыс проект» кәсіпорны ұн өндіретін цех ашуды жоспарлап отыр. Бұдан өзге жобалардың арасында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін, дәретхана қағазын, жиһаз, пластикалық терезе, құрылыс материалдарын өндіретін цехтар өз жұмысын бастайды. Болашақта осы алаңда 300-ден аса кәсіпорын жұмыс жасайды» деген қала әкімінің орынбасары Н.Худибаев салынатын екі ангарға 100 млн.теңге, ішкі инженерлік-инфрақұрылымын жүргізуге 189,7 млн.теңге қажеттігін айтты.
Бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау білдіретінін жеткізген облыс әкімі А.Айдарбаев жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Дереккөзі: Мangmedia.kz.