Иранмен іскерлік байланыс артады

/uploads/thumbnail/20170708191842640_small.jpg

Жуырда облыс әкімдігінің конференц-залында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Әміржановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиын тақырыбы жуырда өтетін Иран іскер топ өкілдерінің сауда көрмесі жөнінде болды. Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Махмуд Адибтің мәлімдеуінше, халықаралық көрме екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық серіктестікті дамытуға жаңа серпін бермек.

Облыстың Иран мемлекетімен ара­дағы сауда айналымы 36 млн. АҚШ долларын құрайды.  Мұнай өндірісі, машина жасау өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласының 50-ге жуық ең ірі компаниялары аймақта тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр.  Шілде айының 21-і мен 24-і аралығында  «Нұр Плаза» қонақ үйінде көрме ұйымдастыры­лады. Көрмеге Иран мемлекетінің «Иран Худро», «Калле» сынды ірі құрылыс компаниялары өнімдері қойылмақ. Әрі Иран іскер өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер арасында бизнес-форум өтеді деп жоспарланған. 

Сонымен қатар, басқосу барысында Р.Әміржанов Қазақстан аумағындағы төр­тінші мұнай өңдеу зауытын салу жайлы сөз қозғады. Елімізде Атырау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында үш мұнай өңдеу зауыты қарқынды жұмыс жасайды. Дегенмен, олардың мұнай өнімдері ішкі нарығын тұрақтандыруға, толыққанды қамтамасыз етуге қуаты жеткіліксіз. Облыс әкімінің орынбасары мұнай өңдеу зауытын Маңғыстауда салудың тиімді тұстарына тоқталды.

– Өңір бойынша жылына 18 млн. тоннаға жуық мұнай өндіріледі. Сонымен қатар, Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін өңір басшылығы зауыт құрылысы туралы құжатқа қол қоймақ,- деді ол.
Жаңа жобаға қатысты Иран мемлекеті де зор қызығушылық танытуда.

– Мұнай өңдеу зауытын салуда Иран мемлекеті өз тәжірибесімен бөлісті. Иранға мұ­най өнімдерінің 40%-ы шеттен тасымалданады. Маңғыстауда өңделген мұнай өнімдері Иранның солтүстігіндегі теңіз порттарына бағытталады. Иран мұнай министрлігімен бірқатар ресми келіссөздер жүргіздік. Жобаны қаржыландыруға ірі компаниялар қызығушылық танытуда ,– деп алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.  

Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.

Қатысты Мақалалар