Өткен жылы қолға алынған «Серпін-2050» пилоттық жобасы биыл алғашқы рет жұмысын бастады. Мыңдаған жастардың бағын жандырып, білім тұңғиығына жетелеген әлеуметтік жобаға 6200 грант бөлінді. Бұл туралы Маңғыстау облысына арнайы ат сабылтып келген «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» - «Серпін-2050» жобасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов мәлімдеді.
– «Серпін-2050» жобасы екі мақсатты көздейді. Елімізде инновациялық-индустриялық маңызды жобалар жүзеге асырылып, өңірлерге қажетті өндірістер, зауыттар іске қосылуда. Алайда оның нәтижелі болуы тікелей технологиялар мен мамандарға байланысты екені аян,-деп бастады сөзін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәжілісінде Мұрат Әбенов. – Өкінішке орай, бірқатар өндірістік аймақтарымызда бала туу көрсеткіші төмен, халық саны шамалы. Бұл кадр ресурстарына кері әсерін тигізіп, өндірісті құлдыратады. Оған керісінше, бала туудан көш бастаған 5 облысымыз бар. Экономикалық мақсат – осы 5 облыстың жастарын өндірістік өңірлерге жіберіп, сол жерде қажетті мамандықтарға оқытып, білікті кадрларды даярлап шығару. Ал екінші әлеуметтік мақсатына келер болсақ, халық саны жоғары Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының өзекті мәселесі – балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарындағы орын тапшылығы екені белгілі. Мектеп ұясынан қанат қаққан түлектер бірдей мамандық таңдап, кейін шектеулі бос жұмыс орындарына таласып, ақырында жолы болмағандар жұмыссыздардың қатарын толтырады. Бұл келеңсіздікті болдырмау үшін бес аймақтың балаларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға тартып, халық саны төмен аймақтарға нәпақасын табуға жіберу қажет,-деді ол.
Атауы айтып тұрғандай, мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласына серпін берер бұл жобаның ерекшелігі – грант иеленген жастарды толық жатақханамен қамтамасыз етіп, шәкіртақысын беріп, пойыз жолын төлейді. Сондай-ақ жоба үйлестірушісі М.Әбеновтың сөзінше, балалар білім алумен қатар, өндірістік орындарда жұмыстарға араласып, тәжірибе жинайды. «Университет тәмамдаған түлектер 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Кейбір жастар ауылдарына оралғысы не оқуды жалғастырғысы келеді. Оған да шектеу қойылмайды. Мемлекет барлық жағдайды жасап, таңдау ұсынады. Келесі қадам жастардың өз еркінде»,- деп шешіле сөйледі ол.
Өткен жылы басталса да, үлкен қызығушылық тудырған «Серпін-2050» жобасы аясында биыл жоғары оқу орындарына – 5000, колледждеріне – 1200 грант бөлінді. 8 аймақтың 19 университеті мен 36 колледжі қатысып, 60 мамандықты ұсынды. Мұрат Абдуламитұлы талапкерлерді «Серпін-2050» жобасына қатысуға, грант иегері атануға шақырып, құжаттарды тапсыру талаптарымен Serpin-2050.kz сайтынан танысуға болатынын айтты.
Білімге құмар жастардың болашағы жарқын болуына жәрдемдесетін «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша студенттерді жіберуші және қабылдаушы облыстарда аймақтық штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Талапкерлер толғандырған сауалдары бойынша осы штабтармен хабарласып, толық ақпаратқа қаныға алады.
Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.