Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкімінің 2015 жылдың Ι жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуы туралы есебі

/uploads/thumbnail/20170708192117640_small.jpg

Мұнайлы ауданы әкімінің 2015 жылдың

Ι жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуы туралы есебі

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, өздеріңізге 2015 жылдың 1 жартыжылдығында ауданда жасалған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы есебім! 

  2015 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыс Елбасының Жолдауда берген тапсырмаларын, Үкіметтің, облыс әкімінің тапсырмаларын және мемлекеттік бағдарламаларды орындауға бағытталуда.

  2015 жылдың І жартыжылдығында аудан әкімдігіне 516 арыз келіп түсті, соның ішінде 60-ы заңды және456-ы жеке тұлғалардан. Аудан әкімінің жеке блогына 11 арыз келіп түскен. Барлық арыздарға жауаптар заң талаптарына сай уақытында берілді. Сонымен бірге, 2015 жылдың 6 айы ішінде 120 адам аудан әкімінің жеке қабылдауында болды.

2015 жылдың есепті кезеңіне 77 мемлекеттік қызмет түрі бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтің саны – 27 834, оның ішінде ХҚКО және электрондық үкімет порталы арқылы – 4 286, ал мемлекеттік органда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны - 23 548.

  2015 жылдың 1-ші жартыжылдығының қорытындысы бойынша халық саны 132 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,3 мың адамға өскен (01.07.2014 ж.- 123,7 мың адам).

-  өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 29 228,8 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда5 921,9 млн.көбейген;(01.07.2014 ж. – 23 306,9 млн. теңге);

-  негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13 102,8 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 677,4 млн. теңгеге көбейген.(01.07.2014 ж. – 9 425,4 млн. теңге); 

-  жалпы көлемі 56,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. (01.07.2014 ж. – 71,0 мың шаршы метр.);

-  ауданда 4 746 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, ол 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 656-ға өсіп отыр.  (01.07.2014 ж. – 4 090 субъекті);

-  шағын кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 5 516 адамды құрап, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 633 адамға өскен (01.07.2014 ж. – 4 883 адам);

-  барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа жалақы 127 030 теңгені құрады немесе 2014 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға азайды (01.07.2014 ж. -  127 598 теңге);

-  жыл басынан бері 742 жаңа жұмыс орындары құрылды, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 52 - ге көбейген (01.07.2014 ж. – 690 жұмыс орын);

-  халықтың экономикалық белсенді тобының құрамына жұмыссыздық бойынша тіркелген адамдардың жалпы құрамы 0,4% құрап, өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты жағдайда. 

-  жергілікті бюджетке салықтар және басқа да төлемдер түсімдерінің орындалысы 2 082 ,6 млн. теңгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда аудан бюджетінің кірістері 107,8 млн. теңгеге артық орындалып отыр. (01.07.2014 ж. - 1 974,8 млн.теңге);

-  бюджеттің шығыстар бөлігі 10 579,5 млн.теңгені құрайды, оның ішінде жергілікті бюджет – 7 141,2 млн.теңге, республикалық бюджет – 3 438,3 млн.теңге. Ағымдағы жылдың 1 шілде жағдайына аудан бюджетінің шығыстар бөлігінің игерілуі 5 128,2,0 млн.теңгені, немесе 95,7% құрады.

  Білім саласы. Ауданда 11 жалпы білім беру мектебі,  1 – лицей, 9 – мемлекеттік балабақша, 4 - мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар және 13 жекеменшік  мектепке дейінгі балалар мекемесі, 1 – үйлестіру орталығы, 1-оқушылар орталығы, 1-өнер мектебі және 6- аула клубтары жұмысын жүргізуде. Аудан мектептерінде 18 280 бала білім алады.

2015 жылы білім беру саласына 6 155,5 млн.теңге бөлінді, (2014 ж. – 5 438,1  млн.теңге) бұл барлық аудан бюджетінің 60 пайызын құрап отыр.

  Аудан мектептерінде оқушылар орнының жетіспеу салдарынан Атамекен және Басқұдық ауылдық округтерінен Ақтау қаласына 2 528 бала (Атамекен-2281, Басқұдық-247) тасымалданып оқытылуда. Осыған орай, Басқұдық ауылдық округінен Маңғыстау ауылындағы №11 орта мектепке 804 оқушыны, Батыр ауылының шалғай орналасқан елді мекендерінен осы ауылдағы №10 орта мектепке 316 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған. Осы мәселелерді шешу үшін, Атамекен ауылындағы 640 орындық және Басқұдық ауылындағы 960 орындық орта мектеп ғимараттарына қосымша 320 орындық мектеп, Басқұдық, Қызылтөбе ауылдық округтерінен 600 орындық мектеп құрылыстарының ЖСҚ-сы жасақталуда. Қазіргі таңда Басқұдық ауылындағы 600 орындық орта мектеп құрылысының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, 2016-2018 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді.

  Сонымен қатар, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен толықтай қаржысы бөлінген жағдайда Атамекен ауылдық округінен 1200 орындық мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

  «Балапан» бағдарламасы бойынша аудандағы 3-6 жас аралығындағы 11 713 баланың 6927-сі мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылды, қамту үлесі 59,1%, олардың 47,5 пайызы мемлекеттік сектор, 11,6 пайызы жекеменшік секторды құрап отыр.

  Ағымдағы жылы Маңғыстау-5 елді мекенінен 280 орындық мемлекеттік балабақша қолданысқа берілді, сонымен қатар, Дәулет ауылдық округінен 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды, осындай балабақша Атамекен ауылдық округінен де салынып, жұмысшы комиссиясында қаралуда. Бұдан басқа шілде айында 115 орындық 2 жекеменшік балабақша жұмысын бастады.

  Қазіргі таңда, Қызылтөбе ауылдық округінен 280 орындық, Қызылтөбе-2, Маңғыстау-2 елді мекендерінен 140 орындық балабақша құрылыстарының мемлекеттік сараптама қорытындысы дайын және Маңғыстау-3 елді мекенінен 140 орындық балабақша құрылысының ЖСҚ-сы жасақталып, мемлекеттік сараптамада қаралуда.

  2014-2015 оқу жылдарындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша аудан мектептерінің орташа балы – 79,9 болып, облыстың қала аудандар арасында жоғары (1-ші) орынды иеленді,  7 оқушы «Алтын белгіге», 6 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды.

  Денсаулық сақтау саласында 13 медициналық мекемелер жұмыс жасауда, оның ішінде 1 – орталық аурухана, 1 – орталық емхана, 3 – бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 6 – дәрігерлік амбулатория, 1 – жедел жәрдем және 1 – тубдиспансер бар.

  Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет сапасын жетілдіру және тұрғындардың денсаулығын жақсарту шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, бақылануда. 2015 жылдың 6 айында 2006 бала дүниеге келді, ол өткен жылмен салыстырғанда 21 балаға азайып отыр (2014 ж. 6 айы - 2027 бала). Есепті кезеңде 1-жасқа дейінгі 31 сәби өлімі тіркеліп, көрсеткіш туылған 1000 сәбиге шаққанда 15,4 промилді құрады (2014 ж. 6 айы – 9,4 промиль).

  Туберкулез ауруымен ауыратындар саны 51 адамды құрап, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 40,9 промилді құрады (2014 ж. 6 айы – 37,8 промиль).

  Маңғыстау ауылынан әлеуметтік сала мамандарына арналған 100 орындық жатақхана құрылысының жобалық сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 912,2 млн. теңгені құрап отыр. Аталған жобаны қаржыландыруға облыс әкімдігіне ұсыныс жолданды.

  Батыр ауылдық округінде ауысымына 40 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде.

  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жариялаған бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарында көрсетілгендей аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділікті жүзеге асыру тұрақты бақылауда болады.

  Мәдениет және спорт саласы бойынша 2015 жылдың 6 айының ішінде аудан көлемінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері мен атаулы күндерге орайластырылған 28 мәдени, 55 спорттық шаралар ұйымдастырылып, оған 3 119 спортшы, 19 460 көрермен және 1 448 өнерпаз қатысты.

  Ағымдағы жылы жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен Басқұдық ауылдық округінен спорт зал құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні спорт мектебінде спорттың 10 түрінен 36 тапта 560 оқушы жаттығуда. Атамекен ауылдық округінен 2 спорт зал құрылысының ЖСҚ-сы, Маңғыстау ауылынан 160 көрерменге арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының ЖСҚ-сы жасақталып, мемлекеттік сараптамада қаралуда.  

  Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі құрылысының ЖСҚ-ның қорытындысы алынып, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қаржысы есебінен іске асыруға ұсынылды. Атамекен, Басқұдық, Дәулет ауылдық округінен кітапханасымен бірге 200 орындық ауыл клубы құрылыстарының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, құжаттары облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.

  Әлеуметтік қолдау саласы Мұнайлы ауданы мәслихатының шешіміне сәйкес, табысы есептеліп өмірлік қиын жағдайдағы 82 адамға 1165,0 мың теңге, арнаулы туберкулезге қарсы медициналық мекемелерден шығарылған 42 адамға 2081,1 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді. Бұл көмек «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында атап көрсетілгендей әлеуметтік көмекке шын зәру азаматтарға ғана төленіп келеді.

  9 мамыр - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай - 314 адамға облыстық бюджеттен 28 898 мың теңге және республикалық бюджеттен 113 адамға 3 050 мың мың теңге,. оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысушы 3 адамға 594,6 мың теңге әлеуметтік көмек төленді.

  Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында оқып жатырған  әкім гранты иегерлеріне, яғни 72 студентке және табысы есептеліп өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмекке мұқтаж 14 студентке оқу ақысы, сондай-ақ, ай сайын 9 910 теңге көлемінде шәкіртақы төленуде. 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығында аудан аумағындағы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген 184 әлеуметтік сала мамандарына 25 528 мың теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдем ақы, тұрғын үй сатып алу үшін 79 маманға 234 867 мың теңге бюджеттік несие берілді.

  Ауыл шаруашылығы. Қазіргі таңда, аудан бойынша  мал басы: ірі қара мал – 1185, қой- ешкі 28742, жылқы – 4965, түйе – 4706, шошқа – 62, құс-11876 бас құрайды.

  Аудан аумағында 182 шаруа қожалығы қызмет көрсетуде, оның ішінде: 150 мал шаруашылығы, 32 қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Ағымдағы жылы 227 га. көкөніс және бақша дақылдары егілді. Оның ішінде жылыжайда 6 га., ашық топырақта 221 га. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 226 тонна ет, 93,9 тонна сүт, 482,8 мың дана тауық жұмыртқасы өндірілді. 31 тауар өндірушіге 160,9 тонна амиак селитрасы 50% жеңілдікпен алынып берілді.

  Ағымдағы жылы ауданда «Мұнайлы аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік мекемесі құрылып, 6 ауыл, ауылдық округтен ветеринариялық пункт ашылып, 6 ветеринарлық фельдшер мен 6 санитар жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ауданда тұрғындарын қаңғыбас ит тістеуден сақтау мақсатында 6 бригада құрылып, қаңғыбас иттерді жою бағытында жұмыс атқаруда. Осы жұмыстарды іске асыру үшін автокөлікке 6 тіркеме және пневматикалық қарулар сатып алынды. Осы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 1 264 бас ит ауланды.

  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бірінші бағыты бойынша2015 жылы 10 жобаны (Қызылтөбе, Даулет ауылдарындағы 4,2 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу, балалар алаңдары мен спорт алаңдарын жасақтау, жаяу жүргіншілер жолын салу және тағы басқа жұмыстар) іске асыруға 182,6 млн. теңге бөлініп, жұмыстары басталып кетті. Аталған бағдарламаны іске асыру барысында барлығы 63 адамды жұмыспен қамту, оның ішінде 33-і жұмыспен қамту орталығы есебінен жоспарланып, нақты 37 адам жұмысқа орналасты.

  Бағдарламаның «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы: жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау; тірек ауылдарды кешенді дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» екінші бағыты аясында2015 жылы15 адамды кәсіпкерлік негіздері курсына оқыту жоспарланып, шілде айынан бастап курстарға жолдануда.

  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адамға жеке кәсіптерін ашуға 46,0 млн. теңге несие берілді.

  Бағдарламаның «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» үшінші бағыты аясында 2015 жылдың 1 жартыжылдығында жастар іс-тәжірибесіне 35 адам 21 мекемеге жұмысқа жолданып, 2 млн. теңге игерілді және әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 44 адам 10 мекемеге жұмысқа жолданып, 1, 5 млн.теңге игерілді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 223 адам тұрақты жұмысқа жолданды.

  Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша халық үшін тұрғын үй қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатындаМаңғыстау ауылынан 24 пәтерлік 30 тұрғын үй құрылысының және Батыр ауылынан 4 пәтерлік 40 жалдамалы тұрғын үй құрылысының ЖСҚ жасақталуда.

  Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Маңғыстау ауылында 24-пәтерлік 4 қабатты 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысының (жалпы құны 1 451 млн. теңге) және Батыр ауылының Емір елді мекенінен 4-пәтерлік 20 тұрғын үй құрылысының (жалпы құны 506,4 млн. теңге) мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылды.

  Халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету мақсатында барлық ауыл, ауылдық округтерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Дәулет ауылдық округін сумен қамту жұмыстары жалғасуда, есепті кезеңге 43 шақырым су құбыры тартылып, әрқайсысы 1000 текше метр 2 резервуар орнатылды. Сонымен қатар, Маңғыстау ауылының Маңғыстау-1 елді мекенін сумен қамту жобасының қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарын бастауға 53 млн. теңге бөлінді және Баянды-3 тұрғын үй массивінің су жүйесі құрылысының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Басқұдық және Қызылтөбе ауылдарын сумен қамту жүйесі құрылысының, Маңғыстау ауылынан канализация жүйесі құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы жасақталуда.

  Аудан тұрғындарын сумен қамтуды жақсарту  мақсатында Каспий су тұщыту заводы аудан тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бұрын «МАЭК Казатомпром» ЖШС-інен тәулігіне 3 мың текше метр су алатын болсақ, қазір Каспий су тұщыту заводынан алынатын судың көлемі тәулігіне 7-8 мың текше метрді құрап отыр.

  Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында ауыз суға 66,3 млн. теңге субсидия бөлінді. 1 текше метр ауыз судың бағасы 167 теңгені құрайтын болса, бөлінген субсидияның есебінен ауыз суды құбыр арқылы пайдаланатын тұрғындарға 1 текше метр 30 теңгеден, көлікпен тасымалданатын судың 1 текше метр 40 теңгеден жеткізіліп отыр, яғни судың 1 текше метр 130-140 теңгеге дейін арзандатылды.

  Ағымдағы жылы аудан құрамындағы 6 ауыл, ауылдық округтің Бас жоспары бекітілді.

  Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында: 40,5 млн. теңгеге 6 жоба іске асырылуда, атап айтар болсақ: Маңғыстау ауылындағы №2 балабақша ғимаратының шатырын жөндеу, Қызылтөбе ауылының көше жарығын монтаждау, аудан көлеміндегі автокөлік жолдарына бағдаршам орнату, №4,5 орта мектептердің ғимаратын ағымдағы жөндеу.

  Автомобиль жолдарын дамыту бойынша Маңғыстау ауылында автожолдардың 3000м2 болатын бөлігіне жол шұңқырларын жамау жұмыстары жүргізілді. 300 дана жол белгісі және 4 бағдаршам орнатылды.

Ағымдағы жылы Маңғыстау ауылының Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінен 3,6 шақырым автокөлік жолының құрылысы аяқталып, мемлекеттік комиссияда қаралуда, сонымен қатар, Қызылтөбе-2 елді мекенінен 15 шақырым жол құрылысының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарын бастауға 100 млн. теңге бөлінді.

  Мұнайлы ауданы бойынша 636 шақырым жол бар, оның ішінде аудандық маңыздағы жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолының ұзындығы 70,9 шақырымды құрайды, оның 52,6 шақырымы асфальтталған, 18,3 шақырымы грейдер жол. Қазіргі уақытты 84,4 шақырым болатын ауылішілік автомобиль жолдары құрылысының ЖСҚ жасақталуда.

Қатысты Мақалалар