Алматы. Қамшы порталы - Ақтау теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту бойынша жоба құны шамамен 40 млрд теңгені құрайды. Аталған жоба «Индустрияландыру күнінде» жалпыұлттық телекөпір кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылды.
«Бүгінде үш айлақ - астық, контейнерлік және бас жүктерге арналған айлақтар бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Бидай терминалының барлық алты сүрлемі көтерілді, құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары аяқталуға таяды. Төртінші - порт флотына арналған айлақ аяқталуға жақын. Сонымен қатар әкімшілік нысанның, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер орталығының, материалдық қоймалардың, құрал-жабдық қоймасы мен гараж іргетасы көтеріліп жатыр. Көліктер үшін кіру жолдары да төселіп жатыр. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде. 300-ден астам жұмысшы тартылды. Нысанды 2015 жылдың екінші жартысында тапсыру көзделген», - деді «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Михаил Ялбачев.
Оның сөзіне қарағанда, жоба аясында әрбірі 10 мың тонналық 6 бункерден тұратын астық қамбасының құрылысы қарастырылған. Бұл жылына 1,5 млн тонна астық тасымалдауға жол ашады. Жылына 1 млн тонна жүкті өңдейтін контейнерлік алаң мен әрбірі 150 метрлік 3 айлақ теңіз портының көлік әлеуетін едәуір дамытуға септеседі.
Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезең аясында 2006-2011 жылдары қорғаныш құрылымдары салынды. Құрылыстың жалпы сомасы 10,82 млрд теңгені құрады, «Қазақстан Даму банкі» АҚ қаражаты пайдаланылды.
Қазір екінші және үшінші кезеңдер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екеуі де биыл аяқталуы тиіс. Соңғысын жүзеге асыру үшін «Inter port development PTE.ltd» (Сингапур, 60%), «KTZ Express» АҚ(30%), «Ақтау ММТП» ҰК» АҚ (10%) компанияларының қатысуымен «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС құрылды.