Танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмі қыркүйек айында өтетін Торонтодағы Халықаралық кинофестивальге (Toronto International Film Festival) қатысады деп күтілуде. Бұл туралы фильмнің бас продюсері Қанат Төребай мәлімдеген, деп хабарлайды Қамшы порталы Vласт.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Қазақстандық «Жат» фильмінің әлемдік көрсетілімі Торонтода өтеді. Айтпақшы, ең соңғы рет 2009 жылы аталмыш фестивальге Қазақстанның атынан Тұрсыновтың тағы бір «Келін» картинасы қатысқан болатын. Ал одан кейін фестиваль ұйымдастырушылары қазақстандық фильмдерге шақырту бермеген.
«Тіпті, қазақстандық картиналардың Брисбен фестивальіне де соңғы рет қашан қатысқаны белгісіз. Ал өз кезегінде Брисбен – ол «Азия Оскары» екенін ескерсек, қазақстандық режиссерлерге тоқырау келген бе деп ойлап қалуымыз әбден мүмкін», -дейді Қанат Төребай мырза.

Қанат Төребай, «Жат» фильмінің бас продюсері:
«Біз қандай да бір фестивальдің жүлдесі үшін жүгіріп жүргеніміз жоқ. Біз жасымыз келіп, ақылымызды тоқтатқан адамдармыз деп ойлаймын. Бірақ Ермектің картинасы осыған дейін де Оскарға ұсынылды. Иә, ол – «Келін» еді. Оның «Моңғол» мен «Шал» картиналары халықаралық академияның жоғарғы бағасына ие болған. Сондықтан біз тағы бір мәрте бақ сынап көруді жөн көрдік. Бұған қатыстың дегеніңіз «Алтын глобусқа» бір табан жақындау деген сөз. «Алтын гблобусты» алуыңыз – Оскарды алғанмен бірдей. Біз соңғы рет Лос-Анджелесте «Шалды» көрсетіп жүргенімізде көптеген киноакадемияның академиктері Ермек екеумізге келіп, өздерінің таңданысын жеткізген болатын. Сонда Ермек маған; «Егер «Шал» өтпей қалса, мен үшінші рет тағы келемін. Уәде берген соң орындау керек» деген болатын. Иә, егер қазақстандық туынды осындай үлкен фестивальден жүлделі болса – бұл Қазақстан киноиндустриясындағы үлкен жетістік болары сөзсіз»,-дейді.
Тұрсыновтың жаңа туындысы «Жат» фильмінің басты рөлдерінде ойнайтындар: Ержан Нұрымбетов, тератр және кино актері(«Келін», «Меч победы»), Элина Абайқызы қырғыз актирсасы («Құрманжан Датқа»), Қуандық Қыстықбаев актер («Келін»), Александр Карпов, ресейлік актер («Вий3D»), Роза Хайруллина ресейдің еңбек сіңірген әртісі («Иван Грозный»), Ерболат Тоғузақов («Шал»).
«Жат» - Dolby Atmos көпканалды дыбысты форматында түсірілген тұңғыш қазақстандық картина.
2010 жылы Тұрсыновтың «Келін» фильмі Америка киноакадемиясының таңдауымен Оскар жүлдесінің шорт-лист бағдарламасына енген болатын. Ал 2013 жылы ең үздік шет тіліндегі картина номинациясына тағы да Тұрсыновтың «Шал» фильмі ұсынылған еді.
Нұрзат Тоғжан
«Қамшы» сілтейді