Күне кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттік үнемдеу туралы айтқан сөзінен кейін Жамбыл облыстық әкімдігінің аппараты 12 миллион 350 мың теңгеге көлік сатып алғаны туралы ақпаратты rgmedia.kz сайтына сілтеме жасаған Nur.kz сайты таратқан.
АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бүгінгі бағамымен 66 мың доллар тұратын көлік табан астында кімге, не үшін қажет болғаны әзірге белгісіз. Бірақ, жақында ғана “Қазақ хандығының 550 жылдығын” атап өту іс-шараларын өңірге арнайы кеп, пысықтап қайтқан вице-премьер Бердібек Сапарбаев тойға жұмасалатын қаржыны үнемдеп, әр тиынына дейін есеп беретіндей етіп жұмсауды қатаң тапсырған-ды.
«Қымбат көлікке тойдың ақшасы жұмсалмаған да болар. Алайда, той қарсаңында Таразды таранған қыздай етіп, көркейтуге қаржы бірде жетіп, бірде жетпей, әр облыс “тойға қосқанымыз болсын” деп, бірі көше жөндеп, бірі саябақ салып беріп жатқанда қымбат көлікті алмай қоя тұрса да болар еді ғой”, – деп жазады мақала авторы.
Жамбыл облыстық әкімдігінің аппараты электронды мемлекеттік сатып алу негізінде берген тапсырыста көліктің мінездемесі айқын жазылған.
“F калссты, жақсы жарақталған, ұзындығы 4,9 м үлкен емес, ені 1,7 м, толықтай электропакетті, орталықтандырылған құлып, ABS,SRS, ГУР, ПЭП, кондиционері…” тағы басқа толып жатқан талаптарын мемлекеттік тапсырыстың лотына тізбелеп шыққан.
Бұл көлікке тапсырыс Мемлекеттік сатып алу сайтына Жамбыл облыстық әкімдігі дүйсенбі, 3 тамыз күні сағат 12.48 де орналастырған. Ал көлікті кешке дейін алып үлгерген.
“Қарапайым елдің арыз-шағымын, өтінішін осындай космостық жылдамдықпен шешіп тастаса жамбылдық шенеуніктерге айтар алғыс көп болар еді-ау”, – делінген мақалада.
“Сонымен, “Қазақ хандығының 550 жылдық тойын өз деңгейінде өткізе алмасаң “басың кетеді” деген Бердібек Сапарбаевтың қатаң “тапсырмасы” Кәрім Көкірекбаевтың көкірегінде қаншалықты ұялап қалғанын білмейміз, әзірге тараздықтар тойға қызу дайындық үстінде. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың өз сөзімен айтсақ “жұмысшылар тәулігіне 24-25 сағат жұмыс істеуде”. Ал қымбат көлік кімге, не үшін алыңды екен?”, – деп жазады автор.
Нұрзат Тоғжан