Көпбалалы ана санаты сәби санымен ғана өлшенбейдi

/uploads/thumbnail/20170708192159875_small.jpg

Алматы. Қамшы порталы - Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 2010 жылдың қаңтарынан бастап,  жетi бала тәрбиелеп отырған аналар «Алтын алқа» ала бастағаны белгiлi.  Ал, «Күмiс алқа» бұрынғыдай 8 бала емес, 6 баласы барларға берiлетiн болды. Содан берi бiршама уақыт өттi. Оңтүстiктегi алтын құрсақты аналардың қаншасы омырауларына «Алтын»  немесе «Күмiс алқа» тақты? Мемлекеттен берiлетiн жәрдемақыны қанша кейуана толыққанды пайдаланып отыр? Тиiстi басқармалар мен бөлiмдерге хабарласып, осы сауалдарға жауап алған болатынбыз. Ендеше... 

Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының берген мәлiметтерiне сүйенсек, 2010 жылы «Алтын алқамен», «Күмiс алқамен» және «Батыр ана» атағымен, 1-2 дәрежелi «Ана даңқы» ордендерiмен 25 мың 789 ана наградталыпты. Оның iшiнде 617 ана «Алтын алқа» төсбелгiсiн тағынса, 4389-ы «Күмiс алқамен» марапатталған. Ал, биыл облысымыз бойынша 7 бала өсiрген 15 мың 671 ана 6 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде, яғни 9 мың 240 теңге мемлекеттiк жәрдемақы алып отыр. Құрсағынан 6 бала өсiрген 32 мың 113 әйел  «Күмiс алқа» төсбелгiсiнiң шарапатын көруде. Жалпы, өңiрiмiзде қос алқаның жәрдемақысын 47 мың 784 көпбалалы ана игiлiгiне жаратуда екен.  

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталаған марапат иегерлерi, сондай-ақ, бұрын «Батыр ана» атағын алған әйелдер немесе 1 және 2 дәрежелi «Ана даңқы» орденiмен марапатталғандар арнайы мемлекеттiк жәрдемақы алады. Ол, 6 айлық есептiк көрсеткiштi құрайды немесе 8478 теңге көлемiнде берiледi, — дейдi орталықтың заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жүргiзу бөлiмiнiң бастығы Раушан Анарбекова.  

Мұнымен қоса, көпбалалы аналар бiрқатар әлеуметтiк жеңiлдiктерге де, атап айтқанда, 53 жасында зейнеткерлiкке шығуға, сонымен қоса, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана алу құқығына  ие бола алады. 

Жасыратыны жоқ, облысымызда осы  күнге  дейiн жеңiлдiктi ала алмай отырған аналар азаяр емес. Олардың арасында 7 бала туып-өсiрген,  алайда, бiр баласы қайтыс болып немесе iстi болуына байланысты мемлекеттiк жәрдемақыдан құр қалғандары да бар. Осы секiлдi түйткiлдердi шешуде облыстық зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық  арнайы заң талаптарына сүйене отырып жұмыс iстеп келедi.  

— Бiз   мемлекеттiк наградалар туралы Заңның ережелерiне сүйене отырып жұмыс атқарамыз. ҚР 1995 жылғы 12 желтоқсанындағы №2676 заңы бойынша «Алтын алқамен» жетi немесе  одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар марапатталады. Бұл шара ананың жетiншi баласы бiр жасқа жеткен кезден не  балалары тiрi болғанда ғана жүргiзiледi, — дейдi Раушан  Иманәлiқызы.

Сондай-ақ, аналардың Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен балалары есепке алынады. Дүлей апаттар кезiнде  адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте, қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан балалары ескерiледi. Бұл аталған заңның 28-бабында нақты көрсетiлген. Дәл осы талаптар «Күмiс алқадан» үмiткер 6 балалы аналарға да қатысты.  

Көпбалалы аналарды наградтауды Президент жүзеге асырады. Яғни, куәлiкке Елбасының өзi қол қояды.  Егер аналар төсбелгiсi мен «Алтын алқа» немесе «Күмiс алқа» иегерi екенiн растайтын кәулiгiн қолына алып жатса, зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталыққа барып,  арыздануы тиiс. Сонда ғана аналарға тиiстi мемлекеттiк жәрдемақы тағайындалады. 

Облыс әкiмi аппаратының награда жөнiндегi бас инспекторы Дина Рахметуллаеваның айтуынша, бүгiнгi күнге дейiн 55 мың 495 көпбалалы ананың құжаты Астанаға жолданыпты. Нәтижесiнде 54 мың 415 оңтүстiктiк ана «Алтын» және «Күмiс алқа» кiтапшалары мен төсбелгiлерiн алған. 1080  ананың құжаты елордаға жол тартыпты.  Өскемен қаласындағы монета жасайтын зауыттың үлгере алмай жатқандығынан 5-6 мыңдай алтын құрсақты ана төсбелгiлерiне қол жеткiзе алмай отырған жайы бар. 

Алайда, бұл олқылық аналардың мемлекеттiк жәрдемақы алуына  ешбiр кедергi келтiрмейдi. Өйткенi, олар қолдарына тиген кiтапшамен де тиiстi мекемелерге барып, жәрдемақы ала беруiне болады, — дейдi Дина Ниматуллақызы. 

Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, елiмiзде 200 мыңдай алтын құрсақты ана бар. Соның 55 мыңнан астамы Оңтүстiкте ғұмыр кешуде.  

Ақпарат көзі: Оңтүстік Қазақстан

Қатысты Мақалалар